Маулен Ашимбаев: Шымкент шаһарының республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылуы ел тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі
Шежіресі тереңнен сыр шертетін шырайлы Шымкент шаһарының республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылуы ел тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі екені сөзсіз. Себебі, табиғаты жанға жайлы, қазақы қаймағы бұзылмаған, халқы еңбекқор Шымқала бұған дейін де ұлттық рухтың ұйытқысы, әдет-ғұрыптың алтын бесігі саналып келді. Сондықтан да қаланың өзге облыс орталықтарынан артықшылығы бұрыннан байқалатын десек, артық айтқандық бола қоймас.
Шымкенттіктердің іске бейім, бәсекеге қабілеттілігінің өзі олардың кез келген кәсіпті дөңгелетіп әкетуіне мол мүмкіндік береді. Соның арқасында қала халқы экономикалық және әлеуметтік дамуда айтарлықтай нәтижелерге де қол жеткізді. Мұның бәрі шаһардың облыстан да жоғары мәртебені иемденуге лайық екенін дәлелдей түседі.
Енді еліміздегі басты үш мегаполистің бірі ретінде бұл қала дамудың жаңа сатысына қадам басты. Осылайша Елбасы бүгінгі Жарлығымен Шымкенттің одан әрі шыңдалып, ширай түсуіне даңғыл жол ашып берді.
Сонымен қатар Мағжан ақын «ер түріктің бесігі» деп жырға қосқан Түркістанның облыс орталығы болуын да ерекше атап өткен жөн. Бұны тек түркістандықтар үшін ғана емес, тұтас қазақ халқы үшін аса маңызды оқиғалардың бірі деп білемін. Себебі, осыған дейін рухани астанамыз ретінде аталып келген қалаға енді білдей бір облыстың жүгі жүктеліп отыр. Бұл, әрине, қаланың өсіп-өркендеуіне оң әсерін тигізетін игілікті іс. Соның арқасында кеше күллі түркі әлемінің алтын ордасы болған Түркістанның қайтадан түлеп, түрленетін, тәуелсіздік тұғырының биіктей түсуіне өзіндік үлес қосатын кезең туып отыр.
Осындай басымдықтарды ескеріп, Елбасының Шымкентке республикалық маңыз беріп, Түркістанды облыс орталығы ретінде қайта құруын тарихи әрі әділ шешім деп есептеймін. Бұл тек екі қала халқына ғана емес, барша оңтүстік жұртына жүктелген зор жауапкершілік.
Осыған орай Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарын тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтай отырып, өңірдің одан әрі өсіп-өркендеуіне тілектестігімді білдіремін.
Алты алашқа сауын айтқан ақжолтай жаңалық құтты болсын, ағайын!