Маяковскийдің гүлдері
Владимир Маяковский өміріндегі жан тебірентерлік оқиғалардың бірін Парижде Татьяна Яковлеваға ес-түссіз ғашық болғанда басынан кешті. Олардың арасы тым алшақ еді. Тютчев пен Пушкиннің өлеңдерін оқып өскен нәзік жанды орыс эмигранткасы Кеңес елінің маңдайалды ақынының дөрекі, «қатал» өлеңдерін түсінгісі келмеді. Ол тіпті Маяковскийдің кәдуілгі өмірде айтылатын қарапайым сөздерінің бір де бірін қабылдамады. Ызалы, мазасыз, бұза-жара алға ұмтылатын, әр күнін соңғы күніндей етіп өткізетін ақынның буырқанған ыстық сезімі Татьянаның жүрегін селт еткізбеді. Ол Маяковскийден қатты қорқушы еді.
Ақын Мәскеуге жалғыз өзі оралды.
Осы бір жарқ ете қалған махаббат ақынға — мәңгілік мұң, ал бізге керемет өлеңдер сыйлады. «Татьяна Яковлеваға хат» өлеңінде Маяковский «Сен бәрібір мендік боласың. Жалғыз өзің немесе Парижбен бірге,» — деп жазды. Ол оған өлеңімен бірге гүл сыйлады. Ақын Парижде алған гонорарын түгелімен белгілі гүл сатушы фирманың есепшотына аударды да, ол фирмаға бір ғана шарт қойды. Ол шарты- Татьянаға аптасына бірнеше рет ең әдемі, ең ерекше гүлдер әкеліп беріп тұру еді. Атақты париждік фирма есерсоқ клиентінің бұл тапсырысын үлкен ыждаҺаттылықпен орындады. Сол уақыттан бері елде қандай жағдай болса да, ауа райы қандай болса да Татьянаға гүлдестелері ағылумен болды. Гүл әкелген қызметкерлер «Маяковскийден» деген бір ғана сөз айтып, гортензиялардың, пармдық фиалкалардың, қара қызғалдақтардың, раушан гүлдердің, орхидеяларлың, астралардың, хризантемалардың неше түрін Татьянаға ұсынушы еді.
Маяковский бір мың тоғыз жүз отызыншы жылы қайтыс болды. Бұл жаңалық Яковлеваға өте ауыр тиді. Ол өз өміріне ақынның гүлшоқтар арқылы араласып тұруына үйреніп қалған еді. Владимирдің Татьяна жайлы естеліктерін жүрегінің бір түбіне сақтап қойып, жер бетінің бір бұрышында тірі жүруін қалайтын еді. Оны көрмесе де, өзіне ессіз ғашық жанның бар болуы Татьянаның өміріне қатты әсер етуші еді. Ай жерге жақындамаса да, оған серік болып, жермен бірге ғарышта шыр айналып жүргені тәрізді. Ол Маяковскийсіз, оның гүлге айналған махаббатынсыз қалай өмір сүрерін білмеді.
Гүл фирмасы мен ақын арасындағы келісімшартта «мен өлсем» деген сөз жазылмаған еді. Сондықтан оның өлімінен кейін Татьянаға гүл дестелерінің келуі тоқтамады.
Махаббат өлімнен күшті.
Бұл тұжырымды Маяковский дәлелдеді. Татьянаға гүлдер ақын қайтыс болған отызыншы жылдарда, оны ұмытып кеткен қырқыншы жылдарда, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында келіп тұрды. Ашаршылық кезінде Яковлева осы гүлдестелерін сатып, содан түскен ақшаға жан бақты. Кеңестік әскер Парижді немістерден азат етті. Татьянаға гүлдер келіп жатты. Одақ әскері Берлинге басып кірді. Татьянаға гүлдер келіп жатты. Гүл сатушы фирманың көптеген қызметкерлері Татьянаға гүл әкеліп жүріп, ақын ғашығының көз алдында есейіп, өмірде өз орындарын тауып, кетіп жатты. Олардың әрқайсысы өзінің махаббат аңызының кейіпкеріне айналғанын мақтан тұтушы еді. «Маяковскийден» деген бір ауыз сөз олар үшін өмірлік ұстанымға, антқа беріктік пен махаббатқа адалдықтың символына айналды. Маяковскийдің гүлдері Париж аңызына айналды.
Жетпісінші жылдарда Парижге барған кеңестік инженер Аркадий Рывлин жас кезінде анасынан есіткен осы әңгіменің анық-қанығын білу үшін Татьяна Яковлеваны іздеп тауып, үйіне барды. Ол әлі тірі екен. Өз отандасын қуана қарсы алды. Олар шай ішіп отырып, ұзақ әңгімелесті. Ол үйде гүлдер өте көп екен. Аркадий маңдайын әжім торлаған ақсүйек әйелден жастық шағындағы роман жайлы сұрағысы келсе де, біразға дейін сұрай алмады. Әлден соң ерік-жігерін жинап, батылданып алып:
— Маяковскийдің гүлдері сізді соғыс кезінде ашаршылықтан құтқарғаны рас па? Бұл оқиға жай ғана ертегі емес пе? Сонша жылдардан бері…- деді күмілжіп.
Татьяна:
— Шай ішіңіз. Сіз асығыс емес шығарсыз,- деп жауап берді.
Осы кезде есік қоңырауы шырылдады. Татьянаға жас жігіт ерекше әдемі, жұпар иісті гүлдер ұсынды.
— Маяковскийден.