МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ САРЫСУ АУДАНЫНДА БОЛДЫ
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Алдымен Мәжіліс депутаты шаруалардың егістік жерлерін суарудың бірден-бір көзі «Ынталы» су қоймасына ат басын бұрды. Сыйымдылығы 30 млн. куб. метр болатын, аумағы 1021 гектар жерді алып жатқан «Ынталы» су қоймасы 1975 жылы пайдалануға берілген. Су қоймасы 3 ауылдық округтің егістік жерлерін сумен қамтамасыз етеді. Су қоймасының жағдайы, егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету, су қоймасына жүргізілген және алдағы уақытта жүргізілуге тиісті жөндеу жұмыстарының барысымен тиісті сала басшылары таныстырды.
Бұдан кейін Гүлдара Нұрымова Өндіріс ауылындағы Ж. Отарбаев орта мектебінің күрделі жөндеу құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. «Ауыл ел-бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектепте жұмыс қызған. Гүлдара Алданышқызы мердігер компания өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды, жауапты тұлғаларға бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ сапар барысында Мәжіліс депутаты Маятас ауылындағы 50 орындық жаңа мектептің құрылысын барып көрді. Мектептің құрылыс жұмыстары 2023 жылдың желтоқсан айында басталған. Сала басшылары мен мердігер бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысын көрген Гүлдара Алданышқызы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде және бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.