Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша Павлодар облысына келді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Өңір тұрғындарымен өткізген кездесулерінде ол Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Мәжіліс Спикері Қазақстан электролиз зауытында болып, кәсіпорын жұмысымен танысты. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 250 мың тонна технологиялық таза алюминийді құрайды. Ішкі нарықтан бөлек өнім әлемнің 20 еліне жөнелтіледі. Олардың ішінде Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Еуропа елдері бар.

Жыл сайын өндірістік қуаттылығын арттырып келе жатқан зауыттың құрылысын бастауды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Зауыт ұжымы мемлекет басшысының әр жолдауын қызу қолдайды. Елбасы биылғы Жолдауында экономикалық саясаттың негізін экспортқа бағытталған индустрияландыру қалайды деп атап өтті.

— Жолдау бойынша қайта өңдеу өнеркәсібіне қолдау көрсетіліп, аграрлық секторды модернизациялауға қаржы бөлінеді. Сонымен бірге, болашақ экономикасының жаңа технологияларын дамытуға баса назар аударылады. Осы жылы сіздер дайын өнімнің өзіндік құнын азайтуға қол жеткіздіңіздер. Бұл кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің артуының көрінісі.  Болашақта Қазақстан алюминий өнімдерін жоғары бағамен экспорттауға мүмкіндік алатынына сенімдімін, — деді Нұрлан Неғматуллин зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында.

Президент Жолдауының негізгі бағыттары туралы айта отырып, Мәжіліс Спикері Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларына көңіл аударды.

 

— Өзінің маңыздылығы бойынша Президенттің биылғы Жолдауы «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» Стратегияларымен бір қатарда тұр. Жолдау біздің қоғамның алдағы уақыттағы дамуын айқындайды. Мақсаттардың ауқымдылығы, әлеуметтік бағытталуы бойынша бұл жобалық құжаттың баламасы жоқ. Жолдауды табысты түрде жүзеге асыру  жақын арада барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатының артуына қол жеткізуге мүмкіндік береді, — деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы Жолдаудың басымдықты бағыттары Парламенттің заң шығару жұмысының негізгі жұмысына айналады деп сендірді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы