Мәжіліс төрағасы әріптестерін қайырымдылық шарасына шақырды
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің 2016 жылғы соңғы жалпы отырысы өтті. Еліміздің айтулы мерекесі тойланып жатқан биылғы жылды аз-маз еске түсірген депутаттардың алғаш қараған мәселесінің бірі елді шулатқан Мұхтар Тінекеевтің атақты «видеосы» болатын. Күні кеше қызметінен босатылуы жөнінде өтініш жасап, Қазақстан халқынан кешірім сұраған мәжілісменді бүгін әріптестері ресми түрде орталарынан шығарып салып, егемендік алған жылдардан бері депутаттық мандатта келе жатқан Мұхтар Тінекеевке алғыстарын жеткізді.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин де ескі жылға қысқаша есеп беріп, жаңа жылдың жарқын болуын тіледі. Ол әріптестерінен ертең Тәуелсіздік сарайында ел басшылығының қатысуымен өтетін дәстүрлі жаңа жылдық қайырымдылық балында төбе көрсетіп, тіпті, белсенді түрде қатысуларын сұрады. Аталмыш мерекелік әрі қайырымдылық акциясынан түскен қаражат шетелдік клиникаларда медициналық көмек алатын балаларды қолдауға жұмсалады.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ