Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания елшісін қабылдады
Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Майкл Гиффордты қабылдады. Бұл тараптардың алғашқы кездесуі. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Ұлыбританиямен жан-жақты және өзара тиімді қатынастарды нығайту Қазақстанның сыртқы саясатындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толып, осы уақыт ішінде сенімді саяси үнқатысумен қатар, екіжақты қарым-қатынас стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Мәжіліс Төрағасы Ұлыбритания тарапына Қазақстанның маңызды бастамаларына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелерге назар аударды. Біздің еліміз аталған мемлекетпен түрлі халықаралық құрылымдар, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында бірлескен жұмыстар арқылы екіжақты және көпқырлы өзара іс-қимылды нығайтуға ынталы. Осы ретте елші мырза біздің еліміздің Орталық Азияда алғашқы болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болғанын алға тартып, Қазақстан Президентінің төрағалығымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысының маңыздылығына тоқталды. Тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда әсіресе, экономика, білім, инновациялық -технология салаларына айрықша көңіл бөлді. Осы ретте Н. Нығматулин Елбасы Жолдауында айтылған 10 міндетке тоқталып, технология және цифрландыру салаларында әріптістекті дамытудың маңызы зор екенін айтты. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, цифрлық экономиканы күшейту, цифрлық қызметтерді ұсыну, инновациялық орталықтарды заңнамалық қамтамасыз ету бағытында британдық әртіптестердің тәжірибесі қызығушылық тудырады. Парламентаралық байланыс мәселесіне келгенде Н. Нығматулин қазақстандық парламентшілердің британдық әріптестерімен ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер арқылы іс-сапарлар жасап, тәжірибе алмасуға, заң-шығармашылық әріптестікті күшейтуге ынталы екенін жеткізді. (Зәмеш Кеңесқызы 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Астана. 15-ақпан. Мәжіліс үйі.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі