Мәжілісте ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту туралы мәселе көтерілді  

Мәжіліс отырысында ауылдардың жағдайы мен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы туралы өзекті мәселе көтерілді. «Ауыл» партиясының депутаты Қарақат Абден өзінің сауалында ауыл-аудандардың жағдайын жақсарту үшін тиісті шараларды қабылдау керектігін жеткізіп, ұсыныстарын айтты. Депутаттың сауалы премьер-министр  Әлихан Смаиловқа жолданды.

Депутаттың айтуынша, халқымыздың 40 пайызға жуығы – 7,5 миллион адам ауылда тұрады.  Бірақ бұл сан жыл сайын азаюда.

Қаңырап бос қалған ауылдар көп. Оның негізгі себебі – ауылдағы өмір сүру сапасының нашар болуы. Жазда ел өңірлеріне барғанда көптеген мәселенің ұзақ уақыттан бері шешілмей жатқанын көрдік. Ауыл тұрғындары артық ештеңе сұрап жатқан жоқ. Оларға керегі – сапалы жол, таза ауызсу, жарық,  интернет байланысы. Бірақ неге олар үшін бұл қолжетпес дүние болу керек?! – деп жеткізді Қарақат Абден.

Депутат бірнеше ауылды мысалға келтірді. Астанаға жақын орналасқан Қорғалжын ауданына қарасты ауылдарда интернет жоқ, бұдан бөлек ауыл арасындағы жолдардың да жағдайы нашар. Мәселен, Қорғалжын–Шұбаркөл, Баршын-Құланөтпес аралығын тек жол талғамайтын көлікпен өтуге болады. Қорғалжын ауданындағы Қарғалы ауылына апаратын үш-ақ шақырым жол 30 жылдың ішінде бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Кезінде өркендеп тұрған бұл ауылда 10 түтін ғана қалған.

Өз сауалында депутат тағы Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарасты Жанбөбек ауылын мысалға келтірді. Оның айтуынша, облыс орталығынан 520, аудан орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан ауылдың жағдайы өте нашар. 500-ге жуық тұрғыны бар ауыл адамдарына тозығы жеткен жолмен емханаға жету, үйге азық-түлік әкелу, бала-шағаны киіндіру оңайға соқпайды. Сондай-ақ 70 жыл бұрын салынған ауыл мектебі бірде-бір рет толық жөндеуден өтпегені айтылды.

Ауылдағы халықтың күнкөрісі осы. Аталған проблемалар еліміздің басқа ауылдарына да ортақ. Сөйте отырып, ауылдан жұрт кетпесін, ауыл төрге шықсын дейміз. Жалпы, ауылдардағы біраз проблеманы аудан әкімдерінің өздері-ақ шешуге шамасы жетеді. Ниет-ықылас болса, көп нәрсені өзгертуге болады. Бірақ олардың шалғайдағы шағын ауылдарға ат басын бұруы өте сирек. Тіпті аудан әкімдерін көрмеген, мүлдем танымайтын ауылдар жетерлік. Президент айтқандай, билік өкілдері тұрғындардың талап-тілектеріне зейін қоюы керек. Себебі тұрғындар әкімдердің қызметіне қарап, бүкіл билікке баға береді, — деді Қ.Абден.

Ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту үшін жергілікті әкімдердің жауапкершілігі мен есеп беруін күшейту ұсынылды. Депутат ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы кезінде бұл бағытты ескеруді талап етті. Ол сауалда айтылған түйіткіл мәселелерді шешу үшін тиісті бюджет бөлу керектігіні баса мән берді. Сонымен қатар ауыл және аудан әкімдіктерінің құзыретін кеңейтіп, бөлінетін бюджетті арттыру қажеттігі ұсынылды.

 МӘЖІЛІСТІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ