Медицина мекемелеріне мерекелік тарту

Елбасы  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында  медицина саласын жаңғыртуға айрықша көңіл бөлгені белгілі. Әсіресе шалғай елді мекендерге дейін медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын мықтап тапсырған.  Осыған орай, ҚР Конституциясы күні қарсаңында Жамбыл облысында 36 арнайы медициналық жедел жәрдем көлігі аудандық ауруханаларға берілді.  Сондай-ақ Тараз қаласы тұрғындарының қатынауы қолайлы ету үшін 58 жаңа қоғамдық көліктің кілті салтанатты түрде табыс етілді.

   «Достық» алаңында өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, көпшілікті келе жатқан Конституция күнімен құттықтай келе, ұлт саулығы мен халықтың денсаулығы жолында күн-түн демей аянбай тер төгіп жүреген медицина қызметкерлеріне жаңа көліктердің кілтін табыстады.

    Айта кетсек, жедел жәрдем көліктерінің  3-і Жамбыл ауданына, 3-і Жуалы, 11-і Қордай, 2-і Меркі, 2-і Мойынқұм, 9-ы Т.Рысқұлов, 3-і Шу, 2-і Сарысу және  1-і Талас ауданындағы медициналық мекемелердің пайдалануына берілді. Естеріңізге сала кетсек,  2014 жылы облыстағы жедел жәрдем қызметінде 56 санитарлық автокөлік болса, сол жылы облыстық бюджет есебінен 4 көлік алынып, барлығы 60 автокөлікті құраған. Ал  2018 жылы 253,0 миллион теңгеге 27 бірлік автокөлік сатып алынды. Енді міне биыл тағы жаңа көліктермен толығып отыр.

Салтанатты шарада Тараз қалалық жолаушылар тасымалдайтын «Әулиеата ТрансПасс» ЖШС 33 бірлік, «Тараз ТрансМоторс» ЖШС 15 бірлік, ал «Сапар Транс-2012» ЖШС –ларына  10 бірлік жаңа автобус берілді. Жалпы саны 58 қоғамдық көлік  «Жол картасы» аясында сатып алынған.

Мереке мезіретінде  медицина саласының ардагері, Тараз қаласы мен Байзақ ауданының Құрметті азаматы Самиха Қоңырова  жылы лебізін білдіріп, осындай тарту жасап отырған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғысын айтты.

Сондай-ақ Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлнара Сатыбалдина да жаңа көліктер ауылдық жердегі жұмысты жүйелей түсетіндігін  тілге тиек етті.

— Медицина мамандары үшін бұл үлкен көмек.  Тамаша тарту. Көп жағдайда  ауылдық жерлерде көліктің тапшылығынан шалғайдағы науқастарға жете алмай жатамыз.  Десе де кәсіби, әрі азаматтық парызымызды орындап амалдап күнелтетінбіз. Енді міне, Елбасының сарабдал саясатының арқасында жаңа көлікке қол жеткізіп отырмыз. Бәріңізді келе жатқан Ата заң күнімен құттықтаймын, —  дейді қуанышын жасыра алмаған маман.

Иә, бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастама. Бүгін таңертең №15 ықшам ауданынан көпқабатты үйлердің кілтін облыс әкімі Асқар Исабекұлы тапсырса, енді міне тағы бір мерекелік тарту көпшілікті қуантып отыр.

 

Төлен Дедек