Медицина мекемелерінің саны да, сапасы да артады

Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев облыстағы іссапарын тұрғындармен кездесуден бастады. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров және медициналық емдеу мекемелерінің қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Өңір тұрғындарымен кездесу барысында вице-министр амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауылдық денсаулық сақтау нысандарын салу мәселелері бойынша егжей- тегжейлі айтып, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру туралы да әңгіме қозғады.

Вице-министр өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарының әлеуметтік деңгейі мен тұрмыстық әл-ауқатын арттырудың аса маңызды құралы ретінде денсаулық сақтау саласын дамытуға көп көңіл бөлетіні туралы айтты. «Үкімет Президент қойған міндеттерді орындай отырып, денсаулық сақтау саласындағы барлық бағыттар бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуде. Ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда, өңірдің медициналық ұйымдарын салуға, оларды жарақтандыруға және кадрлық әлеуетті арттыруға қаражат бөлінуде. Елімізде өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа дейін жоғарыласа, облыста 74,9 жасқа дейін өсті», – деп атап өтті Жандос Бүркітбаев.

Өңірлердегі ауылдық медициналық объектілердің едәуір бөлігі ескірген және бейімделген ғимараттарда жұмыс істейтінін ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің отырысында 2023- 2024 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Жамбыл облысында 3,1 миллиард теңге сомасына 30 объектінің құрылысы жүргізілуде.

Биылға жоспарланған 10 нысанның 4-еуі пайдалануға берілді. Жылыбұлақ, Теріс, Ақкөз, Қайнар, Жиделі ауылдарында жаңа медициналық пункттер салынды. Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында мобильдік медициналық кешендер қызметі жұмыс істейді. Жамбыл облысында кадрлар тапшылығы проблемасын шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға гранттар бөлінеді. Жергілікті атқарушы органның гранты бойынша қазіргі уақытта С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша 42 студент оқиды.

Аталған университетте жергілікті бюджеттің есебінен облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен оқуды бітіргеннен кейін 2022 жылы 16 дәрігер, 2023 жылы 19 дәрігер жұмысқа келді. Сонымен қатар, резидентурада 56 дәрігер оқиды. 2024 жылы өңірге 29 резидент келеді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 655 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Қосымша 1 миллион адам алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз етіледі. Ауылдарда инсульт орталығы, коронарлық араласу орталығы, перинаталдық орталық, травматология, хирургия және медициналық оңалту бөлімшелері ашылып, 32 ауданаралық аурухананы күрделі жөндеу және реконструкциялау, сондай-ақ оңалту және жабдықтау көзделген. Бүгінде облыста 2 инсульт орталығы және 3 коронарлық орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, 4 миллионнан астам ауыл тұрғыны мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етілмек. Шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ, ірі қалаларға бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін 32 ауданаралық орталық аудандық ауруханаларға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу жоспарланыпты.

Ана мен бала денсаулығын қорғау шеңберінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 2021 жылдан бастап 8 мыңнан астам әйел жүкті болып, 5 мың бала дүниеге келген. Осы жылы облыс бойынша 1000-нан астам квота бөлініп, 750-ге жуық әйел көптен күткен жүктілік кезеңіне қол жеткізіпті. Республикада 79 мың дәрігер және 191 мың орта медицина қызметкері, облыста 3 500 дәрігер және 12 500 орта медициналық қызметкер қызмет етуде.

– Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 5,6 мың білім беру гранты, оның ішінде Жамбыл облысы үшін 117 грант бөлінген. Биыл осы аймақтың емханалары үшін 8,8 миллиард теңгеге, ал стационарлар үшін 10 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынған. Медициналық техниканы сатып алуға 11,6 миллиард теңге көлемінде қаражат көзделген. 2024 жылға Байзақ ауданында 200 төсектік және Жуалы ауданында 250 адам қабылдайтын емханасы бар 110 төсектік, сондай-ақ Қордай ауданының орталық аудандық ауруханасында 270 төсектік ауруханалар салуды қаржыландыруға қатысты жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Алдағы уақытта Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері бұл жобаларды 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарайтын болады, – деді Жандос Бүркітбаев.

Қазіргі уақытта Қазақстанда қызылша бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдайдың белең алғаны белгілі. Осыған орай сұрақтың көбі де осы ауру төңірегінде қойылды. «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Денсаулық сақтау министрлігі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес, республикада халықтың тиісті топтарын қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіліп жатыр», – дей келіп, Жандос Бүркітбаев Жамбыл облысында жоспарлы түрде қызылшаға қарсы 2023 жылдың 10 айында 39 471 бала вакцинацияланғанын жеткізді.

Вице-министр өз іссапарында Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы орталық аудандық емханасына бас сұқты. Одан бөлек, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы «Super farm» зауытында болды. Аталған фармацевтикалық зауытта енді медициналық бұйымдармен қатар, шприц шығарылады. Жоба құны 5 миллион долларды құрайды. Аталған жобаға Қазақстан Халық банкі демеушілік еткен. Жуалы ауданы, Теріс ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуына қатысып, жаңа, әрі ыңғайлы фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуымен құттықтап, ұжымға табыс тіледі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ