МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтауда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Гиппократ антын өмірлік қағида етіп қабылдаған дәрігерлер сый құрметке ие болды.
Медбике, кардиолог, терапевт, нарколог, дерматолог, эндокринолог, бас дәрігер барлығы осында. Өмірін адам саулығына арнаған жандарға төрден орын берілді. Өз ісінің хас шеберлерін облыс әкімі де құттықтап, алғысын білдірді.
— Қазіргі уақытта негізгі басымдықтардың бірі денсаулық сақтау саласын цифрландыру болып табылады. Цифрландырудың арқасында дәрігерлер мен пациенттердің 50% уақытын үнемдеу, дәрігерлерге келушілер санын 2 есеге азайту, нәтижелерді күту уақытын 2 есеге қысқарту, скринингте ауруларды анықтауды 10 %-ға арттыру арқылы медициналық сала қызметкерлерінің еңбек өнімділігін арттыру жоспарланған. Қазір медициналық ұйымдардың 96,5% медициналық ақпараттық жүйелермен қамтылған және қағазсыз құжат айналысына өткен. Облыста жедел медициналық көмек шақыруды басқарудың автоматтандырылған бірыңғай жүйесі енгізілуде, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын пациенттерге гемодиализдік көмек көрсетудің қол жетімділігі жетілдірілуде, ауруханалардың қабылдау бөлімдерінде триаж жүйесі енгізілуде. Дені сау адам табиғаттың ең қымбат жемісі десем артық емес қой деп ойлаймын. Медицина саласының азаматтарына ағаларымыз бен апаларымызға басымызды иіп рақметімізді айтамыз, деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Шара барысында 26 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер-хирург Рысбек Қылышбаевқа денсаулық сақтау ісінің үздігі төсбелгісі табысталды. Ақ халатты абзал жан осы уақытқа дейін 1000-нан аса науқасқа ота жасап, өмірін өлімнен арашалап қалған.
-Медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймын. Жанұясына бақыт тілеймін. Дендері сау болсын дегім келеді. Ешкім ауырмасын. Қуанышта, мерекеде кездесе берейік, дейді дәрігер-хирург.
Жалпы, облыс бойынша 120 медициналық қызметкерге алғыс хат, медаль табысталып, мерекелік концерт қойылды.
Аймақтың медицина саласында ілгерушілік байқалады. Атап айтқанда, жыл сайын медицина саласындағы жоғары технологиялар бойынша мастер-класстар өткізілуде. Эндоскопиялық хирургия жөніндегі халықаралық конференция аясында гинекология саласында 37 диагностикалық және емдік эндоскопиялық ота, асқазан-ішек трактіндегі түзілімдерді ерте анықтау бойынша 72 скринингтік эндоскопиялық зерттеу, 12 онкологиялық дертке шалдыққан адамға ота жасалды.
Айман Оңғарбайқызы