Медициналық мекемелер қатары көбейді

Орал қаласында «Батыс Авигип» отбасылық-дәрігерлік емханасы ашылды деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесімен тұспа-тұс пайдалануға берілген әлеуметтік нысанның жалпы ауданы – 296 шаршы метр. Емхана алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету, жалпы практика дәрігерінің қабылдауы, үйге шақырту қабылдау, әлеуметтік мәні бар ауруларды динамикалық бақылау, жүкті және босанған әйелдерге бақылау жүргізу секілді профилактикалық және клиникалық зертхана қызметтерін көрсетеді.

Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, ел дамуының маңызды тұтқасы ұлт саулығының мықтылығында екенін атап өтті. – Шаһарымызда жаңа медициналық орталықтың ашылуы – тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Облыс орталығында халықтың денсаулығын нығайту бағытында жұмыс жасайтын медициналық мекемелердің көбеюі көңіл қуантады. Қазіргі пандемия жағдайында медициналық қызметті күшейту – аса маңызды. Бүгінгі таңда дәрігерлер, жалпы барлық медициналық қызметкерлер індетпен күресуде. Біз өз тарапымыздан санитарлық талаптарды, карантиндік шектеулерді қатаң сақтауымыз қажет, – деген қала басшысы медициналық орталық ұжымының тұрғындар талабына сай қызмет етеріне сенім білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ақын, ұстаз Үзілдік Елеубайқызы да жерлестеріне жүрекжарды тілегін білдірді. Салтанатты шарадан соң қонақтар денсаулық сақтау мекемесі ғимаратын аралап, ішкі жай-күйімен танысты.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы

Д.БИЖАНОВТЫҢ суреті