Медициналық сақтандыру есебінен 11 қарағандылықтың өкпесіне қымбат ота жасалды

Өкпеге операция Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының торакалды бөлімшесінде жасалды. Жыл басынан бері тыныс алу органдарында «дөңгеленген түзілімдері» бар 11 пациент көмекке жүгінген.

«Дөңгеленген түзілімдер» – мөлшері 0,5-тен 3 сантиметрге дейінгі өкпе тінінің тығыздалуы. Олардың пайда болуына қатерлі және қатерсіз зақымданулар, туберкулез және басқа да сирек кездесетін аурулар себеп болуы мүмкін.

– Егер бір жылғы статистиканы алсақ, өкпе қатерлі ісігі бар пациенттердің 30%-ы емделу және қалпына келтіру мүмкіндігі өте аз болған жағдайда, яғни кеш, қатерлі ісіктің төртінші сатысында анықталады. Сондықтан, қазіргі уақытта кеуде қуысының компьютерлік томографиясы кезінде анықталған кез-келген дөңгеленген түзілімдер хирургиялық жолмен емделеді. Бұл емдеу ең алдымен ісіктің пайда болу себебін тексеруге бағытталған, – деп түсіндірді торакалды хирургия бөлімінің меңгерушісі Думан Әубәкіров.

Өкпедегі дөңгеленген түзілімдерді алып тастау операциялары видеоторакоскопиялық операциялар деп аталады. Ол 2–3 пункция арқылы жүзеге асырылады, сол арқылы кеудеге арнайы құралдар мен бейнекамера енгізіледі. Осыдан кейін өкпе тінінің зардап шеккен аймағы алынып тасталады. Кейіннен неоплазмаға гистологиялық зерттеу жүргізіледі.

– Егер операция кезінде өкпенің қатерлі зақымдану белгілерін байқасақ, онда біз онкологиялық принциптер бойынша ағзаны сақтайтын операцияны орындаймыз. Болашақта науқастың толық сауығу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады, – деп толықтырды Думан Әубәкіров.

Өткен жылы облыстық клиникалық ауруханада өкпеге 48 видеоторакоскопиялық операция жасалды. Сақтандырылған пациенттер үшін олар тегін. Медициналық сақтандыру қоры әрбір операция үшін 655 мың теңгеден астам қаражат жұмсады.

 

Жомарт Шаймұрат