МЕЙІРІМ СЫЙЛАҒАН «ЖҮРЕКТЕР»
Биыл ауа райы жылдағыдан гөрі суық, бұрқасынды болып тұр. Қаңтар айы қалаға аяз бен ұйытқыған суық жел ала келді. Әлсін-әлсін қар жауып, тас жолдар көктайғақтанып, қауіптілік күшейді. Осындай кезде мейірімді жандардың арамызда көп екенін айғақтайтын оқиғалар орын алып жатты. Оның бірі белгісіз көлік жүргізушілердің «Атырау – мейірімді қала» деген акциямен аялдамада автобус күтіп, тоңып қалған жолаушыларды баратын жерлеріне тегін тасымалдап, жеткізіп жатқаны болса, қоғамдық ұйымдар да қарап қалмады.
22 қаңтар күні Атырауда «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының (жетекшісі Әйгерім Досқалиева) ұйымдастыруымен «Жылу сыйла» акциясы өтті. Аталған шарамыздың мақсаты – қаламыздың көркеюіне өз үлестерін қосып, көше тазалығымен айналысып жүрген «Арнаулы автобаза» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қызметкерлеріне тамақ пен ыстық шәй ұсыну арқылы еңбектерін бағалау, көңіл бөлу, қызметкерлердің жандарына жылу ұялату болды, — дейді қоғамдық қордың мүшелері.
Акцияға «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының 10 ерікті жастары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысып, 50-ге жуық адамға ыстық тамақ пен шай таратты. Қытымыр аязда қоғамдық қызметтегі еңбегі еленбей қалатын, көше тазалаушылар, қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлар үшін ерікті жастардың бастамасы оларды серпілтіп, қуантып тастады. Ал «жылу сыйлаушы» жастар бұл мейірім акциясын алда да жалғастырамыз деген шешім қабылдады.
Светлана Муньянова,
Атырау қаласы