«Мейірімге ғана мұқтажбын…»
«Мейірімге ғана мұқтажбын…». Қазақтың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсынованың «Жетімнің монологы» деген өлеңіндегі осы жолдар баршамызға жақсы таныс. Кейде бұл сөздер сол бір жетім баланың ғана емес, бүкіл адамзаттың атынан айтылып тұрғандай әсер қалдырады. Себебі, даму жолында үлкен жылдамдықпен алға қарай жүйткіп келе жатқан бүгінгі әлемде шын мәнінде мейірім мен мейірбандылық жетіспей жатқанын көріп жүрміз.
Қуанышымызға орай, біздің арамызда жүректеріне мейірім ұялаған жандар аз емес. Оған кеше ғана мәресіне жеткен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Биыл алғаш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізілген байқауға еліміз бойынша 300-ден астам жоба қатысты.
Жалпы мұндай байқаудың әлеуметтік, рухани және тәрбиелік маңызы өте зор. Өйткені, біріншіден, осы салада белсенділігімен танылған қоғамдық ұйымдар мен жеке азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік берсе, екіншіден, оларды көпшілікке үлгі-өнеге ретінде дәріптеуге жол ашады. Сол себепті партиямыз аталған байқауға атсалысып, оның жалпыұлттық деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізіп отыр.
Осы ретте байқауға қатысқан барлық жобаның жеңіске лайық болғанын айтқым келеді. Олардың әрқайсысы қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтыған. Мәселен, жеңіске жеткен Рәсима Темербаеваның бастамасы шын мәнінде үлкен жүрек пен мейірімді қажет етеді. Аталған жоба бойынша соңғы үш жылда 60 мыңнан астам түскі ас тегін таратылған. Бұл жүректерге мейірім шуағын шашатын ізгі амал екені сөзсіз.
Ал белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов арнайы орталық ашып, есту-сөйлеу қабілеті нашар балаларға тегін көмек көрсету арқылы талай жанның алғысын алып отыр. Тіпті балаларын осы орталыққа әкелген кейбір ата-аналардың дүниедегі ең қымбат «әке, ана» деген сөздерді есту бақытына бөленгенін айтқанда, жүрегіміз еріксіз елжіреп, мейірімнің қандай күшке ие екенін аңғарамыз.
Сол сияқты адамдарға үміт сыйлап, көңілдеріне медеу болып жүрген маңғыстаулық Маржан Медиева да «Үміт сәулесі» атты авторлық телебағдарламасы арқылы соңғы 11 жыл бойы көптеген жанға көмек қолын созып келеді. Әсіресе, жалғызілікті қариялар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, басқа да тағдырдың қатал сынына тап болған жандар осы бағдарламаның арқасында тығырықтан шығар жол тауып жатыр.
Қазіргі таңда ізгілік пен мейірімнің дәнегін сеуіп жүрген осындай жобаларды кеңінен дәріптеудің берері мол. Сондықтан партиямыз алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады. Себебі, құрмет, ізгілік, қамқорлық сияқты адами қасиеттерге негізделген мұндай жобалардың маңызы қашанда жоғары. Өйткені, әлемді мейірім құтқарады. Сондықтан әрқайсымыз қасымызда жүрген жанға мейірім сыйлап, осы бір асыл қасиеттің аясын кеңейтуге атсалысайық.
Маулен Ашимбаев фб парақшасынан