Мейірімін төккен «Мейірім»
Ұлан-ғайыр далада ұлық күй кешкен ұлтымыздың ұсақтала бастаған тұсы – балалар үйлерінің пайда болған кезі шығар. Өркениетке өкшесін тіреп тұрған бүгінгі қоғамымыз мұндай балаларға мейірімін төгіп жатыр ма? Аймақтағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы қалай жүзеге асуда? Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы мәселе талқыланды.
Жамбыл өңірінде 2020 жылдан бері «Мейірім» жобасы жүзеге аса баст ады. Бүгінде облыс бойынша жетім және ата- анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 4 мекеме жұмыс істейді. Ауқымды шара аясында осы орталықтардағы 137 балаға әлеуметтік қолдау көрсету үшін 96 мекеме мен жауапты тұлғалар бекітілген еді.
Расында да, осы игі бастаманың игілігін көріп, аялы алақанның жылуын сезініп отырған жандар аз емес.
Сондай-ақ отырыста осы санаттағы балаларға бөлінуі тиіс баспана мәселесі де көтерілді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын-жайлардың жалпы санының кемінде 20 пайызы осындай балаларға бөлінуі тиіс болса, ол бүгінде толық орындалып отырған жоқ. 2021 жылы 1 306 пәтер пайдалануға берілсе, оның 159-ы немесе 12 пайызы ғана жоғарыда аталған балаларға берілген. Сарысу ауданында берілген 316 пәтердің 9-ы (2%), Талас ауданындағы 217 пәтердің 16-сы (7%), Тараз қаласындағы 562 пәтердің 90-ы (16%) ғана өткізілген.
Ал ағымдағы жылдың басынан бері қолданысқа берілген Талас ауданы мен Тараз қаласындағы 70 пәтердің 8-і осал топтарға, 62-сі көпбалалы отбасыларға беріліп, аталған санаттағы балалар назардан тыс қалып отыр. Білім басқармасының басшылығы Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне және облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына аталған санаттағы балаларға биыл берілетін пәтерлердің заңнама талаптарына сәйкес 20 пайыз бөлінуін қамтамасыз етуді сұрады.
Аймақ басшысы бұл мәселені қолдап, жауапты мамандардың осыған қатысты жұмыстарды жедел қолға алуын қатаң ескертті.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамаловтың айтуынша, Тараз қаласы мен аудандардағы отбасылық тәрбиеде жүрген 1 194 балаға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары 1012 демеушімен бірге жүзеге асқан. «Отбасы банкінде» 137 баланың барлығына арнайы ашылған есепшоттары бар. «Мейірім» жобасы аясында 1 331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 48 миллион 500 мың теңгеден астам қаражат аударған. «Өткен аппараттық кеңесте бұл қаржының сомасы 36 миллион 700 мың теңге көлемінде болатын. Яғни, бір айда 12 миллион теңге қосылып отыр. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана алып, өмірлік қажеттілігіне жұмсай алады.
Ағымдағы жылы білім басқармасы демеушілердің көмегімен 3 мекемеде тәрбиеленіп жатқан 83 баланы 2 миллион 400 мың теңгеге қажетті сыйлықтармен қамтамасыз етті», – деді Талғат Салқанұлы.
Облыс бойынша атқарылған жұмыстар бұл ғана емес. Өте көп. Құдды бір жақсылық жасаудан жарысып жатыр ма дерсің. Қайырымдылық жасаса, қайырын өзі көретінін түсінетін, жүрегінде жылуы бар белсенді азаматтарымыздың да көптігі көңілге сеп. Осындай мықтылардың арқасында «Мейірім» жобасы да балғындарға мейірімін төкті. Мұндай сауапты игі бастама көпке үлгі екені даусыз. «Балам» деп басын сипайтын елі барда, «елім» деп ертеңін ойлайтын ұрпақ өсетіні анық. «Мейірім» жобасы сонысымен құнды.
Гүлжан РАХМАН. Ақ жол газеті