Мекемтас Мырзахметов: Қазақтың мінезі өзгеріп кетті
-Аға, өзіңізді Абайтанушы ғалым ретінде жақсы білеміз. Осы Абай атамыз бір қара сөзінде дүниенің көрінген-көрінбеген сырын түгелдемей, адамдықтың орны болмайды деген. Тіпті, ондайларды хайуанға теңеген. Оны қалай түсінеміз?
-Қазір дүниетаным өзгерді. Бұрын бәріміздің шоқынатын жеріміз материализм еді. Барлық қоғамдық ойға да, өндіріске де, барлық саланың іргетасы ретінде осы затшылдықты алатынбыз. Оның негізін салған кванттық физиканың өкілдері. Сәуленің бөлінбейтін бөлігін квант деп атайды. Ал, заттың бөлінбейтін бөлшегін атом дейді. Сол атоммен квант теңдес. Осы арқылы дүниені билейтін материя емес, дүниені билейтін ұлы сана дегенге келді. Ол ғылыми тұрғыдан мойындалды. Бірақ, оны қабылдау қиын болып жатыр. Европа 16-ғасырдан бастап осы жолға түсті. Абай атамыздың 7-ші қара сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды» дейді. Өйткені, Абай дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын зерттегенде оны алшақ емес, үйлесіммен жасау керектігін айтады. Еуропа және испан ғалымдарының бастауымен 16-ғасырда мынадай тұжырым жасалды: «Жан дегенді білеміз. Ұстай алмаймыз, өлшей алмаймыз, көре алмаймыз. Оған түсіп неміз бар? Одан да дүниенің көрінген сырына көшейік». Содан бастап бүкіл Еуропа материализмге кеткен. Олар қазіргі таңда өндірісті, көлікті жасағанымен, рухани жағынан шөгіп қалды. Азғындап қалды. Неге? Себебі, олар дүниенің көрінбеген сырына мән бермеді. Біздің бабаларымыз, әсіресе Абай, Шәкәрімдер дүниенің көрінбеген сырын көздеді. Шәкәрім пәлсапалық лирикаларында жан туралы, тән туралы ізденеді. Абай «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде: «Біз Алланы ақылмен тани алмаймыз, жүрекпен сезінеміз» деген байламға келді. Сөйтіп жүректің культін көтерді. Абайтануда осындай үлкен танымдық өзгерістер бар. Бұған қазіргі біздің ғалымдар кіре алмай жатыр. Кіре алмайтын себебі, 500 жыл бойы Еуропа атеистік, материалистік көзқараспен қалыптасты. Кеңес үкіметі кезінде біз мәңгүрттендік те, Құдайды жоққа шығардық, дүниенің өзі материал дегенге сендік. Біз де оны қабылдадық. Мысалға, мен туылған 70 жылдық өмірімізде сол тәрбиеде өстік. Шешем діншіл адам еді. Мектепке мені әбдан қайрап жібереді, ал мектепке барсаң мұғалімдер: «Құдай жоқ. Болса қайда? Көрсет?» деп отырады. Міне, осының түйіні қазір шешілген. Яғни, шешуші нәрсе дүниенің көрінбеген сырында жатыр екен. Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның іздеп жүргені осы мәселе. Еуропа мен Кеңес үкіметі бұны қабылдамады. Материалистік көзқараспен құдайсыздар санатына кіріп кеттік. Бұның жалған екендігі қазір ашылды. Бұдан бірден арыла алмаймыз. Бірақ біз Абайдың мұрасын білу арқылы көп нәрседен арылатын жағдайымыз бар. Оған қазіргі философ-абайтанушылар даяр емес. Олар анау материалистік философияның негізімен қалыптасқан. Моделінің барлығын содан алған. Ол мына модельге түсе алмайды. Ол үшін исламиятты білу керек. Діннің тарихын терең білу керек. Сонда ғана Абайға кіре алады. Міне, сондықтан осындай жағдайлар болып жатыр. Ал, Абайды дүниежүзілік деңгейде түсінуіміз үшін жаңағы жолға түсуіміз керек. Кеңес үкіметі Абайды материалист-атеист деп түсіндіріп, құлағымызға құйып келді. Бұл жол қазір жабылды. Себебі, Абайды дұрыс түсіндіре алмады. Абай материалист те емес, атеист те емес. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайды қалай біз атеист дей аламыз. Енді оны саяси идеологияға сәйкестендіре отырып қолдан атеист жасады. Біз енді бұл рельсті қойып, ұлы сана рельсіне өтуіміз керек. Абай осы жерде мықтап ашылады. Осыған даяр адамдар бар ма? Бірен-саран адамдар бар. Бірақ, абайтанудың басқа ғалымдары әлі ескі рельстегі таныммен тұр. Осыған қарап білеміз. Абай тек қана қазақ емес, бүкіл Орта Азия, сол арқылы бүкіл түрік халықтарының арасында заманында өте биік деңгейге шыққан. Пәлсапалық лирика жағынан биік тұрды.
-Енді Абай атамыздың іші-бауырына кіріп, толыққанды тануымызға не кедергі?
-Абайды тануда үш кедергі бар біздің алдымызда. Бірінші кедергі, Абайдың өмірбаянын Әуезов арқылы білгенмен, оның заманындағы саяси сырды, құпияны білмейміз. Осыны ашпасақ, Абайдың 18 жыл болыс болғанын, содан қалыптасып үкіметке қарсы шыққанын түсіне алмаймыз. Ресей бізді қол астына алғаннан кейін экономикалық жағынан меңгерді. Сонымен бірге, идеологиялық жағынан меңгеруге күш салды. Оған миссионерлерді жіберді. Ильминский бастаған топ келді. Олардың мақсаты бізді шоқындыру, сол арқылы орыстандыру еді. Кейін шоқындыруды қойғанменен, орыстандыру саясатын ұстап қалды. Осылардың білу үшін Абай өмірінің тарихына терең үңілуіміз керек. Бұл Абайды танудағы бірінші кедергі болып отыр. Абай қайдан шықты? Оның билікке араласқандағы қатынасы қандай болды? Абай биліктен де болыстықтан да безіп шықты. Бұның астарында үлкен бәле жатқанын көрді. Ол қандай бәле? Батыс-Сібір генерал-губернаторы патшаға жазған хатында айтады: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш өседі. Шеге қақсаң кірмейді, балтамен шапсаң жарылмайды. Бірақ, өзін ғана бір қатты нәрсеге ұрсаң, быт-шыт болады екен. Біз осыны қазаққа қолданайық». Міне, Ресейдің саяси басты сызығы осы болып келе жатыр. Қазақтарға үлкен облыстарды билетті. Мысалы, Батыс Қазақстанда сұлтан билеушілер деген болды. Тек қана төрелерден қойылды. Ол үлкен губернияны билеп отырды. Орта жүзде аға сұлтан деген шықты. Ол да бір үлкен облысты билеп отырды. Бірақ олардың артында орыстың бір өкілі тұрды. Солар арқылы айтқанын істетіп отырды. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан түгелдей Қоқан хандығына қарайтын. Ондағы билік рудың негізінде құрылады. Рудың басшысын датқа қояды. Сонда 19-ғасырдың бірінші жартысында біз үшке бөліндік. Батыс сұлтан билеушілерге, Орта аға сұлтандарға, Оңтүстік датқаларға бағынды. Бұндай билікті «ұзын арқан, кең тұсау» деп бағалауға болады. Ол не демек? Атты ұзын арқанмен байлап қояды, одан ары кете алмайды. Осыны «ұзын арқан, кең тұсау» дейді. Бұл жүйе 1867 жылға дейін келді. 1867 жылдан бастап бізді, Орта Азияның бәрін түгелдей жаулап алды. Қытаймен шекараны бекітті. Содан кейін Патша үкіметі 50 жылдай зерттеу жүргізе келіп, қазақты қалай ұстаймыз деген мәселеге тоқтады. Олар қайтадан алдыңғы әдіске сүйенді. Сөйтіп, болыстық жүйені алып келді. Болыс жаман деп жүре бергенімізбен, оның тамырын ашпағанбыз. Бір болыс 12 ауылдан тұрады. Онда 2 мыңға жуық үй болады. Сол 12 ауыл төртке бөлінеді. 4 би болады, 4 ауылнай болады, елубасы, онбасы дегендер болады. 12 ауыл бір рудан болмайды. Міндетті түрде әртүрлі рудан болады. Міне, қазақтар болыс, би, ауылнай, елубасы мен онбасы болуға таласып, өзара қырқыса бастайды. Сол билікке итше таласқан қазақтың мінез-құлқы өзгеріп кетті. Екі сөйлемейтін қазақ өтірік айтатын болды, арыз жазуды білмейтін қазақ арыз жазушы болып шыға келді. Жала жабу, қым қуыт партиягершілік айтыс-тартыс көбейді. Бұның нәтижесі не болды дегенде, қазақ мінез-құлқы жағынан бұзылды. С. Торайғыровтың:
«Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны.
Елдігіне, жеріне, һәм дініне,
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан», — деп айтқаны бар. Яғни, тұзақ деп отырғаны миссионерлік саясат, қақпан деп болыстық жүйені айтып отыр. Осы жүйенің арқасында қазақтар итше таласып, бұзылып кетті. Бұны қазақтар да білді, ақындар да білді, Абай да білді. Олардың барлығы да бұған қарсылық білдірді. Зар заман ақындарының барлығы қарсылық білдірді. Біз осы құпияны білмейінше, болыстық кезеңде қалыптасқан Абайдың өмірін де толық біле алмаймыз.
Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя,
Дауың мен шарынды, — дейді Абай. Міне, соның ішінде «Айқаймен өтті өмірім» дейді. Халықтың бұзылғанын Абай көрді. Абайдың саяси әлеуметтік лирикасының мотивін түсіну үшін жаңағының бәрін түсінуіміз керек. Сонда біз әдемі ашып аламыз. Міне, бірінші кедергі осы. Осы кедергіні біз ала алмай жүрміз. Мен қазір «Абайтанудағы үш кедергі неде?» деген мақала жазып жатырмын. Сөйтіп бір кедергіні аштық. Одан құтылдық. Енді ары қарай кіріп кетем. Енді екінші кедергі шықты алдымыздан. Абай өзінің өлеңдерінде, әсіресе қара сөзінде исламиаттан көптеген терминдер ендіреді. Біз оны оқимыз да түсінбейміз. «Ақыл мен хауас барлығын, Білмей дүр жүрек, сезе дүр, Мүтәкәллимин, мантикин, Бекер босқа езе дүр» дейді. Түк түсінбейсің. Содан «хауас» деген не деп іздедім? Сөйтіп, хауасын таптым, мантықын, мутакаламын таптым. Содан ішіне кірдім. Абайдың дүниетанымы дәл осы жерде тұр екен. Бұны философтар діни өлең деп, аузына алған емес. Негізгі бұрылыс осы жерде жасалынады. Абай неге мутакаламинді, мантықынды терістеді? Бұлар бір кездері исламның ішінен шыққан ағымдар. Мутакалимдер гректердің философиясын исламмен байланыстырып дәлелдейтін. Міне, Абай соларға қарсы екенін осы өлеңдерінде білдіреді. Екінші кедергіні алдық.
Енді үшінші кедергі қалды. Бұл – Абайдың дүниетанымы. Абайдың дүниетанымын біздің философтар атеист, материалист деп түсіндірді. Ал, шын мәнінде Абай атеист те, материалист те емес екен. Дағдарысқа түстік. Енді қалай шығамыз? Бұрынғы жолмен біз ешқайда шыға алмаймыз. Бұдан шығу үшін ұлы санаға бет бұрамыз. Кванттық физика өкілдері материяны мәңгі деп сенетінбіз деп ағынан жарылды. Сөйтсек материя мәңгі емес екен, өзгереді екен. Ол да сананың жемісі екен. Осыған көзіміз жетті деді. Сөйтіп олар өздерінің бұрынға атеисттік, материалисттік жолдарын терістеп, ұлы санаға келді. Квант өкілдері бізді энергетикалық өріс қаптап тұрғандығын айтады. Бұл өріс бүкіл дүниені Алланың құдіретімен билеп отыр. Бұл энергетикалық өріс бізге әсер етеді, оған біз әсер ете аламыз. Мысалға, біз бәріміз жақсы тілекпен, адал жүретін болсақ, ана жақ нұрланады. Одан кейін жерге жақсы дүниелер келеді. Ал, енді бәріміз ананы өлтірейік, ананы алдайық дейтін арам ойда болатын болсақ, ана түрленіп, бізге белгі береді. Жер сілкінеді, я болмаса жанартау атылады. Кейде су тасып кетеді. Сонда біз тікелей байланысты екенбіз. Энергетикалық өрістің арғы жағында ақыл иесі тұрады. Ендігі жол соған қарай кетті. Міне, философтар осыны мәселені ашып беретін болса, үшінші кедергі алынады. Ол болмаса әзірше үшінші кедергі алынбайды. Осы үш кедергіні мықтап жоя алсақ, Абайдың ішіне кіріп, зарын тыңдаймыз. Абай былай дейді: «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен».
-Абайдың зары не болды? Нені зарлады, нені жоқтады?
-Абайдың зарын қалай түсінеміз? Абайды зарлатқан жаңағы саясат. Содан кейін Абай осыдан құтылудың жолын іздеді. Мына бұзылып бара жатқан халықты қандай еммен емдеймін деген. Содан қатты ізденіп отырып, толық адам ілімі дегенді жасады. Толық адам ілімінің тоқ етері – ақыл, әділет, рахым дегенді алады. Осы үшеуіне толық адамның концепциясы жасалынады. Ондағы ақыл дегеніміз не? Алланың сегіз сипаты бар. Соның ең күшті сипаты Ғылым мен Құдірет. Осы екеуін біріктіріп алады да Абай ақыл деп береді. Ақылдың таппайтыны жоқ. Ақыл екіге бөлінеді: нұрлы ақыл, суық ақыл. Ал, Еуропа болса суық ақылдың елі. Ғылымды имансыздық жолға бастады олар. Неге? Себебі, олардың бар өнері адамды қыратын қару-жарақ жасау. Ал, нұрлы ақыл оған қарамайды. Ол халыққа тек қана жақсылық жасайды. Жүрген жеріне жылылық әкеледі. Абайдың армандайтыны осы нұрлы ақыл. Толық адамда нұрлы ақыл болады, жарым адамда суық ақыл болады. Қазіргі біздің кәсіпкерлерімізде суық ақыл. Оларды ақымақ дей алмайсың. Ақылды және қайраткер. Бірақ, бір нәрсе жетпейді. Оның жүрегінде иман, сенім жоқ. Сол бүлдіреді оның барлығын. Қазіргі миллиардерлерді мен сүліктерге теңер едім. Халықтың қаражатына қадалған сүліктер. Бұрынғы сүліктер тойғаннан кейін түсіп қалатын, қанағаты бар болатын. Мына сүліктердің қанағаты жоқ. Халықтың байлығына жабысып, құйрығын кесіп қойған. Ар жақтан сора береді, мына жақтан аға береді. Халық өлсе өле берсін. Иманы жоқ қазіргі миллиардерлер осындай. Қоғамның әрбір саласы Абайдың осы іліміне мән беруі керек. Қазір сегіз университетте Абайдың толық адам ілімін үйретіп жатырмыз. Жастар сол ілімді толық игеріп шықса, арамдық жолға жүрмейді. Егер лай су секілді ластанған болсақ, бұл ілім содан тазартады. Рухани тазартқыш деп айтуға болады. Бұны жоғарғы жақ сезініп жатқан жоқ. Әлі де Абайды біздің материалисттер салып берген жолмен түсінуде. Сол үшін халықаралық деңгейде Абайтану институтын ашуымыз керек. Формулаларын да тауып жатырмыз. Шет елдерде институттар бар. Олар мемлекеттен ақша алмайды. Иманғали Тасмағамбетов осы Абай институтын салуға жер бөлген еді. Сол жерді біз ала алмай отырмыз. Соны берсе біз де үкіметтен бір тиын алмас едік. Кәсіпкерлеріміз даяр тұр. Бес қабатты үйді салады да, өздерінің кәсібін жүргізеді. Біз солардан аздаған пайыз алып отырамыз. Ары қарай ғылымды дамыта береміз. Шетелдік институттардың баламасын біз Қазақстанда жасауымыз керек. Сондай жағдайда ғана Абайтану ғылымы ары қарай дамиды. Өркендейді, өседі. Қазіргі кезде осы буындарды шешу керек. Бұны түсініп жатқан адамдар аз қазір. Абайтануда кандидаттар да, докторлар да көп. Бірақ, көпшілігі материалисттік көзқараста. Ал, енді мына тұрғыдан қалыптасқан адамдар бірен-саран ғана. Бұл жолдағыларды аналар түсіне алмайды. Бізді идеалист дейді. Біз идеалистік емес, жаңа жолға түсіп бара жатырмыз. Бірақ ана жақтағы ауыр жүк бізді өзіне қарай тартып тұр. Сытылып кете алмай жатырмыз. Міне, Абайтанудың тағдыры қазір осындай жағдайда тұр.
-Неге Абай осы толық адам ілімін жасауға келді?
-18 жыл болыс болған Абай бәрін көзімен көрді. Бір атаның кіндігінен тараған балалар 5-6 үй болып, ауыл болып отырады. Біздің ядромыз осы – қазақ отбасы. Олардың малы, жаны ортақ. Біріне-бірі көмек береді. Бұнда ешқандай тап жоқ. Бірақ осы ыстық ұямызды Ресей саясаты бұзды. Бұзғаннан кейін біз жаңағыдай жолға түстік. Бізге қазір ұлттық идеология керек боп тұр. Қазақ қазір ой-санасы жағынан бөлініп кетті. Жазуы жағынан үшке бөлінді. Біз орысша жазамыз, Қытайдағы қазақтар арабша жазады, Еуропадағы қазақтар латынша жазады да бір-бірімізді оқи алмаймыз. Жазуда осылай бөліндік. Діннен де бөліндік. Уахабистер бар, басқалар бар. Быт-шыт болып жатыр қазір. Ал, содан тіл жағынан да біз бөліндік. Ада қазақ, шала қазақ, таза қазақ болдық. Қазір шала қазақтардың заманы. Билік солардың қолында. Олар кімдер? Қазақты шоқындырудың кілті мектеп деген. Ол баяғыда орыс-қазақ мектебі болатын. Кеңес үкіметі кезінде аралас мектеп деп алды. Сөйтіп бұл интернационализмнің мектебі деп аралас мектепті көбейтті. Қазақстанда 2097 аралас мектеп бар. Жылына 300-350 мың шала қазақтарды даярлап жатырмыз. Енді оны қайтадан оқыту керек қой. Оған мемлекеттен қаржы керек. Қазағын қазағына жібер, орысын орысына жібер. Бітті, шаруа шешіледі. Бірақ соны шала қазақтар мен ада қазақтар ұстап отыр. Билік солардың қолында. Заң жасайды, сөйтіп үкіметке әсер етеді. Мен оны әшкерелеп мақала да жаздым. Министрге хат та жаздым. Барлығын дәлелдеп бердім. Біреуі қыңқ етпейді. Көрмейді, білмейді. Мені жақтап жатқан адамдар да бар. Бірақ, бұған батылы жетпей отыр. Біздің министрліктегі үлкен қателік осында жатыр. Осылардың бәрін талассыз шешуге болады. Тек қана көзқарас өзгеруі керек. Ол көзқарастың өзгеруі ұзақ уақытқа созылады. Себебі, 500 жыл Құдайсыз өмір сүрген Еуропа бұған келе алмайды. Маркстік көзқараспен қалыптасқан Ресей бұған келе алмайды. Бірақ, біз де осылардың ішіндеміз ғой. Біз Абайдың ілімі арқылы осыдан шығып кете аламыз. Мен осы Абайдың 170 жылдығында Өскеменде, Семейде баяндама жасадым. Онда осы идеяны көтердім. Ана жол теріс, тезірек мына жолға түсуіміз керек. Себебі, Абай бізге жолды ашып беріп отыр ғой. Абайдың мықтылығы мынада білінеді. Еуропа дүниенің көрінген және көрінбеген екі жағын да білген. Бірақ, мына жол қиын деп материалистік жолға түсіп кеткен. Абай осыны бірлікте, үйлесімде алу керек дейді. Абай аналардан осы арқылы биік тұр. Бізде философтар бар, атын атамай-ақ қояйын, сол айтады: «Абай қазақтың арасында үлкен бір фигура. Ал, дүниежүзілік деңгейге көтеріле алмайды» дейді. Керісінше дүниежүзілік деңгейде Абай үлкен фигура, ғалымдар бұған келе алмайды. Сонда Абаймен біз мақтана аламыз ба? Мақтана аламыз. Осы мәселені діни философтар, тарихшылар дер кезінде шешіп, мәселені қоя алмай отыр. Мен жалғыз өзім шырылдап, айтып жүрмін. Біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Бірақ бәрібір осы жолға келеді. Оған жаңағыдай жағдай әсер етеді.
Әңгімеңізге рахмет, аға!