Мектеп ашу оңай ма?
Екі жылда 7 қаладан 7 мектеп ашқанымызды көріп жатқан жұрттың көбі осы сұрақты қояды. Қиын десең, «онда қалай ашып жатырсың?» деп сұрайды. Сондай ой біраз адамда бар секілді, жауап бере кетейін.
Мектеп ашу, оның ішінде арнайы миссия қойып, өмірлік ұстанымдарды бұзбай сапалы ұлттық мектеп жасау — өте ауыр тірлік.
Біріншіден, үлкен тәуекел. Себебі, ғимаратты не сатып аласың, не саласың, не болмаса кемінде 10 жылға арендаға аласың.
Бізде үш қала сатып алынған, үш қала аренда, бір қала жаңадан салдық. Қарапайым мектепке лайық ғимарат арендасының айы енді… Менде айына жалпы аренда құны 50 миллион теңге шамасында. Ал, сатып алу мен салудың шығынын межелеуге болар.
Ал, бұндай шығынға бас сұғу — талай түнді ұйқысыз өткізу!
Екіншіден, жүйкеге ауыр салмақ. Бірінші, жоғарыдағыдай шығынды айына шешу, ойламаған шығындарды жабу. Оның бәрі құрылтайшының жүйкесін әрине теседі.
Екінші, 7 лицейде кемінде 400-ге жуық қызметкер істейді. Оның сыртында Астанадағы орталық пен басқарушы департамент бар. Енді 450-ден аса қызметкерге уақытында айлық тауып беру, олардың жағдайын жасау, мықты жұмыс істеу үшін көңілінен шығу — ол енді тіптен жүйкеге ауыр салмақ. Жүгіріп жүргенде бір қызметкеріңнің сөзінен реніш табы білінсе кәдімгідей соққы.
Үшінші, сенім алдындағы жауапкершілік!
Елде мыңдаған тегін мектеп бар, бірақ, ата-ана оған емес, баласын саған әкеп береді. Иә, тегін мектеп тұрса ақылыға әкеледі деген сөз сенен үміт күткесін, сенгесін әкеледі. Бұл енді — үлкен жауапкершілік, ол жауапкершілік сені ұйықтатпайтын жауапкершілік!
Осындай ауыр дүниелерді көтергің келе ме? Онда мектеп аш. Көтере алсаң, шоқпарды белге байла.
Осы әңгімелерді айтсам, біраз жұрт «қаржылық демеушілерің бар ма?» дейді. Өкінішке жоқ. QAZBILIM жобаларының жалғыз құрылтайшысы өзіммін.
Енді бір өзің қалай істеп жатырсың?
Бірінші, қолдаушы жанашырларымның, достарымның, командамның арқасы. QAZBILIM үшін отқа да, суға да түсті. Айлап көмектесті, жұмыстың ауырын да, жеңілін де көтерісіп келе жатқан солар. Менікі бәрін ұйымдастыру, сөйлесу, проблемарды шешу.
Екінші, білім, тәжірибе, қажырлы еңбек, шыдам. Мен соңғы екі жылда 7 мектеп ашқаныммен, QAZBILIM жобалары өмірге келгелі 9,5 жыл болды. Тоғыз жарым жыл бұл жобаны дамыту үшін барымды салдым, талай қиындықты көтердік. Таяқ жедік, тәжірибе жинадық, қаншама зерттеу жасадық, бүгінгі шығып жатқан жеміс — соның нәтижесі.
Бір ғана дүниені айтайықшы, соңғы 5 айда 50 мың шақырым жолды машинамен бастым, қанша рет қаладан қалаға ұштым. Бәрі еңбек, ауыр салмақ. Отбасы, бала-шағадан тысқары жүру, жаз айлары демалыс айында жұмыс істеу — бәрі оңай емес шаруа екені түсінікті болар.
Оның сыртында осынша адамның біліктілігін көтеру, ұлттық мектеп миссиясына жұмылдыру, сапаны арттыру мақсатында оқыту бар.
Біз биыл 12 күн Ақтау қаласында бүкіл қаладағы QAZBILIM ұжымын арнайы курстан өткіздік. Бұл да — еңбек.
9,5 жыл QAZBILIM деген брендті қалыптастырып, қазақ тіліндегі білім сапасын арттыру мақсатында тынбай еңбек еттік. 200-ден астам тек қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдарын дайындап, қазақ тілді оқу құралын дамыттық. Жылында неше мың баланың грантқа түсуіне мүмкіндік тудырдық. Өзімізді мойындайтын деңгейге жеткіздік. Өз алдымызға жаңа методика, ұлттық реңк қалыптастырдық.
Бүгінде 8 қалада жұмыс істеп, осындай үлкен ұжымға айналдық. Бірақ, осынша тірлік істеуде демеуші болмағасын, бәрінде банкке жүгіндік. Миллиардтан астам қарызға кірдік, қарапайым адамның мұнша қарызбен жанкештілікке баруы — ол қанша салмақ!
Себебі,
Мен кеше кімдерді мойындасам,
Мен де ертең соларға өзімді мойындатам, — деп Мұхтар ағам айтқандай, біз әлемдік білімді қанша мойындасақ, әлемге қазақтың ұлттық білім мен тәрбие кеңістігін мойындатқымыз келеді.
Біз осы 9,5 жылда тек қазақ тілінде қызмет еттік, қазақ тілімен өмір сүрдік, қазақ тілінде ғана құжат айналымын жасадық! Себебі, қазақ тілімен өмір сүруге, табысқа жетуге болатынын көрсеткіміз келді. Соны дәлелдедік те!
Бұлардың барлығын не үшін айтып жатырмын? Бұл — шағымдану емес.
Осылай етікпенен су кешіп, ауыздықпен су ішіп, тәуекелмен тас басып жүрсең, біреулер кедергі жасап, арқаңнан қанжар сұққысы келеді.
«Құдай-ау, орыстар, ағылшындар, әр түрлі идеология жамылған өзгелер мектеп ашып жатыр ғой. Таза қазақ тілінде, сапалы ұлттық мектеп жасаймыз деген миссияға, осынша жанкешті еңбекке қолдау білдірмесең, қой, кедергі жасама, ұлттың келешегі үшін десең» түсінбейді…
Әр түрлі жолмен кедергі жасағысы келеді. Соққы жасайды. Айналайындар, шешінген судан тайынбайды. Бұдан да өтеміз, не көрмеген бас. Осынша жанкешті еңбекті жем ете алмаймын, сынбаймын!
Барлық «тілде» сөйлесуге дайынмын! Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ!
Ысқырып тұрмын!
P.S. Пост мақтан үшін емес, біреулерге ескерту үшін жазылды! Өздері түсінер!
Аятжан Ахметжанұлы фб парақшасынан