Мектеп кітапханалары озық әдістерге жаңаруда

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханасында «Білім салтанаты – кітап салтанаты» тақырыбында кең көлемде семинар-практикум өткізіліп, іс-шараға облыстық, қалалық және аудандық кітапхана қызметкерлері қатысты. Семинар-практикум «Назарбаев Зияткерлік мектеп кітапханасының жобалары», «Электронды ресурстармен жұмыс», «Оқу мәдениетін қалыптастырудағы белсенді әдістер» сынды үш бағытта ұйымдастырылды. Мектеп кітапханашылары А.Е.Демишева мен А.М.Алпамысова Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі «Bookcrossing», «Readx», «Reading time», «100 кітап» жобаларыныңжүзеге асырылуы мен инновациялық кітапхана туралы таныстырылым жасап, осы бағыттағы мектеп өмірі мен кітапхана тынысы туралы ақпараттар берді. Мектептің кітапхана қызметкерлерімен бірге тіл координаторы З.С Бисенова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім-модераторы Г.А.Угыбаева семинар қонақтарын 3 топқа бөліп,  «Карусель» әдісі бойынша аталған бағыттағы шараларға қатыстырды.

Бірінші алаңда Kahoot, learningapps.org сервисімен жұмыс және кітапхана жұмысында әлеуметтік желілер мен медианы (TWIG, BILIMLAND, EBSCO) пайдалану барысында түрлі жаңа әдістер (виртуалды көрме викторинасы, бенефис-кітап көрмесі, кроссворд көрмесі, т.б.) көрсетіліп, практикалық жұмыстар жүргізілді. Ал екінші алаңға жиналғандар оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында өз жобаларын құрастырды. Жоба мақсатын анықтап, күтілетін нәтижесін айқындады. «Keyword Hexagon» әдісі арқылы ойынға қатысқан кітапханашылар топтық жұмыстарда өзара тәжірибе алмасты.

Үшінші алаңда «100 кітап» жобасы шеңберінде «Супер оқырман» интерактивті ойыны өткізіліп, оқырман мәдениетін қалыптастыру, оқырман қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі белсенді әдістерді қолданудың жолдары көрсетілді. Ойын барысында қатысушылар белсенділік танытып, әр тапсырманы қызығушылықпен орындады. Жобаға енгізілген қазақша кітаптар мен шығармалар желісі бойынша сахналық қойылым дайындау, суреттер арқылы шығарма оқиғасын анықтау, кітапхана қорындағы кітаптармен жұмыс түрлерін орындау барысында қызғылықты, тиімді әрі жаңа әдістермен танысқан ойыншылар өз ризашылықтарын білдіріп, семинар, конференциялардың жиі ұйымдастырылуына деген ұсыныстарын айтты.

 

                                                                                                                Атырау қаласындағы

                                                                                                                Назарбаев Зияткерлік мектебінің

                                                                                                                баспасөз қызметі