Мектеп құрылыстары қарқынды жүріп жатыр
Тұрар Рысқұлов ауданында аудан әуімі Ернар Есіркеповтың төрағалығымен білім саласына және кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты кеңес өтті. Кеңеске аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы мен АПБ Ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері, колледж-мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері қатысты.
Басқосуда аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Айтымбетұлы саладағы өзекті проблемалық мәселелер туралы баяндама жасап, бірқатар жоспарлы мақсат-міндеттерімен бөлісті.
Қазіргі уақытта бөлімге қарасты барлығы 71 білім беру ұйымдары жұмыс атқарады. Олардың 39-ы мектеп болса, 26-ы балабақшалар, 5 мекеме қосымша білім беру ұйымдары. Аталған 39 мектепте 13824 бала білім алады. Ал 26 мектепке дейінгі ұйымдарда 2692 бала, мектеп жанындағы 13 шағын орталықта 515 бала, мектепалды даярлық тобында 969, мектеп жанындағы үш интернатта 60 оқушы, 8 жинақталған мектепте 560 оқушы оқып жатыр.
Бүгінде 39 мектептің 12-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы мақсатта келесі жылға А.Байтұрсынов, Қ.Сұлтанбеков және М.Горький атындағы орта мектептеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық білім басқармасына ұсынылған. №2 шағын орталықты орта мектебіне қосымша спорт зал соғу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға 6,5 миллион теңге бөлінді. Жапсарлас спорт зал құрылысы қазіргі таңда қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, Қарақыстақ тау шатқалындағы «Балалар жазғы сауықтыру лагеріне» 300 орындық жаңа ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға 8,8 миллион теңге бөлінді. Құрылыс басқармасы арқылы жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба құны 2,6 миллиард теңгені құрап отыр. Қуантарлығы, қазіргі таңда ауданда үш ауысыммен жұмыс істейтін, апатты жағдайдағы мектеп жоқ. Білім беру ошақтары биылғы жылу беру маусымына сақадай сай.
Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан 3067 балаға және 1-4 сыныптардағы 5054 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуда. Бұл мақсатта бюджеттен 257,2 миллион теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, ауданда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 80 оқушы бар. Олардың 37-сі тұл жетім, 33-сі ата-ана қамқорлығынсыз қалған, 10 патронаттық тәрбиеге алынған. Оларға білім бөлімінен 34500 теңге жәрдемақы ай сайын төленеді. «Мейірім» жобасы аясында 63 балаға «Отбасы банкінде» есеп шоттары ашылған, 63 лауазымды тұлғаларға, мекемелер мен кәсіпорын басшыларына бекітіліп берілген. Бүгінгі күні аталған шоттарға 1,9 миллион теңге салынған. 71 бала тұрғын үй кезегіне тіркелген. 8 баланың санының өзгеруіне, 18 жасқа толуына байланысты, демеушілер өзгеріп отырады.
Бұдан бөлек балалардың қауіпсіздік мәселесі де толық жолға қойылған. Мәселен, «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында 39 мектептің барлығында 100 пайызы бейнебақылау камералары орнатылған. Мұнда барлығы 540 дана камера бар. 540 бейнебақылау камераларының 310 цифрлық, 230 аналогтық. Ауданда 14 балабақшада барлығында бейнебақылау камералары орнатылған, 206 дана камера бар. 206 бейнебақылау камераларының 79 цифрлық, 127 аналогтық. 29 мектеппен 9 балабақшада дабыл нүктелерін орнатылған және аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына интеграцияланған.
Сондай-ақ, сала басшысы күрделі-жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар түйіткілдердің барын да жасырған жоқ.
— Amanat партиясы сайлауалды бағдарламасының 2023 жылға жоспарында тұрған 2024 жылы күрделі жөндеу жүргізілетін Қ.Сұлтанбеков, А.Байтұрсынов М.Горький атындағы орта мектептерге жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу үшін 11 миллион теңге қаражат қажет. 2025 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ауданда 6 балабақша, 2 қосымша білім беру мекемесінің ғимараттары ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Барлығының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Жалпы қажетті қаражат 75,2 миллион теңге. Қазақ ауылындағы «Ертөстік» балабақшасын қаржыландыру мәселесін де шешуіміз керек, — деп атап өтті Мұратбек Айтымбекұлы.
Аудан әкімі кеңес барысында іске асыруда қажет ететін басқа да маңызды мәселелерді атап өтіп, нақты бағыт-бағдарларды айқындады. Оның ішінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейдттерді жандандыру, мектеп жасындағы оқушылардың мейрамханаларда жұмыс істеу фактілерінің алдын кесу, жылыту маусымына дайындық шараларын толығымен аяқтау және де ақша жинау фактілерін болдырмау қажеттігі хаттамалық тапсырмаларға енгізілді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ