«Мектепке жол» акциясы басталды

Алматы облысында «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы басталды. Осындай аса маңызды қайырымдылық акциясының барысы туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

— Елбасының оқушылардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста 2016 жылғы 1 тамыздан 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» атты ұранмен өтуде. Облыс әкімі Амандық Баталовтың «Мектепке жол» акциясын өткізу туралы арнайы өкімі шығарылды.

Акцияның мақсаты: оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ, оқу жылының басына дайындық уақыты кезінде ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша мектепке балалардың келмеуінің алдын алу, — деді лауазым иесі өзінің хабарламасында. — 20152016 оқу жылында 51 237 балаға 427 млн. 500 мың теңге көлемінде көмек берілді, оның ішінде 46 392 балаға 375 млн. 8 мың теңгеге демеушілік есебінен оқу құралдары мен мектеп формасын алуға көмек көрсетілді.

Ішкі істер бөлімдерімен келісілген рейдтер кестесі жасалып, түнгі клубтар, көңіл көтеретін орындар, түнгі ойын залдары, қала сыртындағы шаруа қожалықтары, саяжайлар араланды. Барлығы 13 149 рейд жасалынып, 1 035 ішкі істер бөлімінің қызметкерлері және ата-аналар қоғамы т.б. қатысты. Рейд барысында 99 050 аулалар мен үйлер араланды, оған 27 790 мұғалім тартылды. Қала, аудан арасында бюджеттен тыс қаражат есебінен басым көмек көрсеткендер қатарында Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Алакөл, Қаратал аудандары бар. Бүгінгі күні акция мақсатымен халықты таныстырып, ақпараттандыруға байланысты аудан, қалаларда баннер, стенд, плакаттар ілінді. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясы туралы ақпаратты қала, ауыл тұрғындарына кеңінен тарату үшін республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында үндеу, хабарландыру, мақалалар жарияланып, сюжеттер көрсетілуде.

Акция барысында облыс, аудан, қалалар бойынша ұйымдастыру комитеті құрылып, тұрғындарды ақпараттандыру, бизнес құрылымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды және мемлекеттік органдарды акцияға қатысуға тарту мақсатында ақпараттық бұрыштар, баннерлер орнату, плакаттарды, үнпарақтарды тарату кезінде БАҚ назарын аудару жолға қойылуда. Аз қамтылған отбасы балаларына нақты көмек көрсету, демеушілер, меценаттарды тарту, орталық базарларда арзан бағада мектеп жәрмеңкесін өткізу туралы аудандық білім бөлімдері мен мемлекеттік мекемелердің басшыларына хаттар жолданып, нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда аз қамтамасыз етілген отбасы мен көп балалы отбасынан шыққан оқушылардың және жетім, жартылай жетім балалардың тізімдері анықталып, оларға мемлекеттік мекеме басшылары мен жергілікті кәсіпкерлерден демеушілер бекітілді.

«Бақытты балалық шақ мекені» атты ұранмен өткізіліп жатқан акцияның алғашқы он күнінде облыс бойынша 821 балаға 8 млн. 489 мың теңге көлемінде демеушілік есебінен көмек көрсетілді. Осы уақытқа шейін Ішкі істер бөлімдерімен келісілген рейдтер кестесі жасалып, түнгі клубтар, көңіл көтеретін орындар, түнгі ойын залдары, қала сыртындағы шаруа қожалықтары, егінжайлар араланды. Барлығы 1297 рейд жасалынып, 129 ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, 33 БАҚ өкілдері және ата-аналар қоғамы т.б. қатысты. 4468 аулалар мен үйлер араланды, оған 2116 мұғалім тартылды. Акция аясында аталған шаралар жоспарлы түрде жалғасын таппақ. Баспасөз мәслихатына қатысқан бұқаралық ақпараттық құралдары өкілдерінің көптеген сұрақтарына Бақтияр Өнербаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова жауап берді.

 Нұрила Бектемірова