Мемқызметшілердің діни ұстанымына қатысты нақты үш шектеу болады — министр Ермекбаев

  ҚазАқпарат — Аталған шектеулерді бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолданылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз мемлекеттік қызметшілердің діни ұйымдардың мүддесі үшін қызмет еткені үшін нақты жауапкершілікті енгізуді көздейміз. Себебі Қазақстан — зайырлы мемлекет, бұл жерде барлық діндердің дәрежесі тең. Бізде ресми дін жоқ, барлық конфессияларлың құқығы бірдей. Сондықтан біз мемлекеттік қызметтегі адамдарға діни көзқарасқа қарай ықпал етуге жол бермеуіміз керек. Ондай норманы мемлекеттік қызмет туралы заңға енгізу жоспарланып отыр. Осы норманы бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолданылады», — деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бүгін дипломатиялық корпуспен кездесу кезінде.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметшілер үшін нақты үш шектеу болады. Біріншіден, қандай да бір діни ұйымның мүддесі үшін қызмет бабын пайдалануға рұқсат жоқ. Екіншіден, әріптестерді белгілі бір діни ұйымға кіруге үндегені үшін жауапкершілік енгізіледі. Үшіншіден, мемлекеттік қызметшілерге діни ұйымның мүшелігіне өтуге болмайды. «Онымен біз мемқызметшілерге мешіттер және тағы басқа ғибадат орындарына баруға тыйым салып отырған жоқпыз. Жаңағы үш шектеу ғана болады», — деп атап көрсетті Ермекбаев.

Айта кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев елшілер үшін арнайы баспасөз мәслиxатын өткізді. Министр діни қызмет және діни бірлестіктерге арналған заңнамаға қандай өзгерістердің енгізілетінін кеңінен айтып берді.