Мемлекет мүддесі бәрінен биік
Мемлекет мүддесі бәрінен биік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы – әлемдік сын-қатерлер, геосаяси ахуал, сыртқы әсерден туындаған күрделі экономикалық құбылыстар ел экономикасына әсер етіп жатқан уақытта қабылданған стратегиялық құжат. Қоғамның барлық заманауи сын-тегеурініне жауап беретін және ел алдында тұрған күрделі мәселелерді нақты шешуге бағытталған жаңа бағдарламалық құжатта қоғамда орын алған барлық түйткілді шұғыл шешу жолдары ұсынылды. Бұл – ең алдымен халқымыздың өмір сапасының жақсаруына, балаларымыздың білім алуы мен жастар кәсіпкерлігін нығайтуға бағытталған мақсатты жұмыстар.
Әлі де шикізатқа тәуелді, өнімділігі төмен, инновациясы жеткіліксіз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білетін Президент барлық күрделі мәселелерді шешудің нақты жолдары макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде, экономиканы әртараптандыру мен цифрландыруда, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, сондай-ақ заң үстемдігін орнықтыруда жатқанын саралап берді. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдығы мемлекеттік капитализмнен, басқаша кестелесек, мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартуда жатқанына акцент жасады. Осы орайда экономикада бәсекелестікті дамыту, бәріне бірдей мүмкіндік беру және ұлттық табысты әділ бөлу мәселелерін де кесіп айтқаны көңілге үлкен сенім ұялатты.
Ең басты мәселе – Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажеттігіне жүгініп отырған Мемлекет басшысының бұл шешімі – оңай шешім емес. Бірақ мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятын Қасым-Жомарт Кемелұлы өкілеттік мерзімін қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді, оған қоса қайта сайлануға тыйым салуды ұсынды.
Сонымен қатар Президент өз Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің негізгі міндеттерінің бірі екенін айта келе, еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беру керектігін тиісті атқарушы органдарға тапсырды. Осылайша, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермекші. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.
Мемлекет басшысы өзінің негізгі ұстанымдары заңдылық, бірлік, адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, халықтың сенімін ақтау екенін шегелеп айтқаны Жолдаудың құндылығын арттыра түсті. Ел тағдырын көп ойлайтын Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамалары мен ұсыныстары, батыл шешімдері қараша халық тарапынан қолдау табатыны анық.
Мадияр Сүгіров, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі