МЕМЛЕКЕТ ЖАС ҒАЛЫМДАР МЕН ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУҒА ДАЙЫН
Жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекет тапынан қолдау жақсы үрдіске айналды. Мемлекеттік грандтарды еншілеп шетелдерге шығып, тарихымызды түгендеп, жаңашылдыққа талпынған жас ғалымдар қатары жылдан жылға өсе түсуде. Бұл үлкен қуаныш! Үлкен жетістік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр күні Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ұлттық ғылым академиясының таяуда ғана күрделі жөндеуден өткен «Ғылым ордасы» ғимаратын аралап көріп, ғылыми қауымдастықпен кездесті.
Академик Қаныш Сәтбаев негізін қалаған қазақ ғылымының қара шаңырағына «Qazaq Stroy» құрылыс компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары барысында тарихи ғимараттың бастапқы архитектуралық келбетін сақтауға айрықша мән берілген. Мысалы, ғимараттың көптеген элементтері – қасбеті, едені, мәрмәр баспалдақтары, ішкі және сыртқы безендірулері бұрынғы үлгіге сай реставрациядан өткен. Бұдан бөлек, инженерлік желілер мен жиһаз-жабдықтар толықтай жаңартылып, ауа баптау, өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылған. Қазіргі кезде 6 павильонда жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған. Ал қалған алтауында реконструкциялау жұмыстары қысқа дейін бітеді деп жоспарланып отыр.
Бұдан кейін, Мемлекет басшысы «Ғылым ордасының» акт залында жас ғалымдармен кездесті. Президент өз сөзінде шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынына назар аударып, бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет екенін айтты.
– Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ғылым мен жоғары білім салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан кешенді шараларды атап өтті. Нақтырақ айтқанда, білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Президенттің пікірінше, мұның бәрі – ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізетін шаралар.
Осы ретте айта кеткен жөн, жас ғалымдарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер мен қамқорлықтар көрсетілуде. Қазақстандық журналистер Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатовқа берген сауалдарының бірінде жас ғалымдардың әлеуметтік мәселелері туралы сауал тастаған болатын.
— Ғалымжан Жандосұлы, ғалымдарға грант, шәкіртақы, баспана алуға және зерттеу жүргізуге мүмкіндік бойынша қандай өзгерістер мен жаңалықтар бар?
— Ғалымдарға грант, зерттеу жүргізуге келесі өзгерістер мен жаңалықтар жоспарланып отыр: «Ғылым және технологиялық саясат» заң жобасында қарастырылған Технологияның дайындық деңгейін енгізу ғылыми нәтижелерді енгізуге және коммерцияландыруға дейін жылжытудың барлық кезеңінде қолдау көрсетеді. Бұл жүйе жобалар мен бағдарламаларды іріктеуге және қаржыландыруға неғұрлым жүйелі көзқарас қалыптастырады. Бұған қоса, зерттеулердің жай-күйі мен нарық пен өндіріске дайындық дәрежесін жүйелі түрде түсіну, перспективалық зерттеулердің мақсаттары мен міндеттерін тиімдірек анықтауды қамтамасыз етеді.
Заң жобасы Ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік мәртебесін белгілейді. Қордың функцияларын кеңейту ғылыми-технологиялық экожүйені дамытуға және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру тиімділігін арттыруға ықпал ететін венчурлік қаржыландыру, инвестициялар тарту және бюджеттен тыс қорларды басқару сияқты қаржылық және қаржылық емес құралдарды енгізуді қамтиды.
Сондай-ақ, заң жобасында жоғары оқу орындарының докторантура және докторантура бағдарламаларын ұлттық ғылыми орталықтар мен аккредиттелген ғылыми ұйымдар базасының мамандандырылған саласында да гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асыру қарастырылған. 2020-2023 жылдары жоғары оқу орындарында шәкіртақы магистрлер үшін – 66 913 теңгеден 97 024 теңгеге дейін, докторанттар үшін – 150 000 теңгеден 217 500 теңгеге дейін көтерілді. Жыл сайын 50 ғалымға 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріледі. Ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен сыйлықтар беру арқылы көтермелеу жалғасады. Заң жобасында жас ғалымдардың тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту құқығы қарастырылған.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай игі істер жас ғалымдарға ерекше серпін беруде.
Нағашыбай Қабылбек