«Мемлекет жасамаған айтысты мектеп жасады»
Жамбыл Жабаевтың құрметіне жыл сайын ұйымдастырылып жүрген оқушылар арасындағы ақындар айтысы – талай мықтының тұсауын кескен дәстүрлі жыр додасы. Биылғы суырыпсалма балғындардың сайысы Елордасы Астананың №4.Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназиясында өтті. Айтысты ұйымдастырушы мектептің түлегі, белгілі айтыскер ақын Мейіржан Әлібек доданы жүргізсе, ақындардың өнерін айтыстың алпауыттары Аманжол Әлтаев, Балғымбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов және «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, ардагер-педагог Оспан Сүлейменұлы, «Kazaitys» сайтының редакторы Ұларбек Нұрғалым бағалаған болатын.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған он екі ақын алты жұпқа бөлініп сөз сайыстырды. Басым көпшілігі ауылдан шыққанын айта кету керек. Десе де, қалалықтардың да осал болмасын Астананың намысын қорғаған, өз мектебінде атой салған 7-сынып оқушысы Диас Төлепберген дәлелдеп, бас жүлдені жеңіп алды. 9-11 сыныпта оқитын ағаларымен сайысқа түскен Диастың өнеріне қол соқпаған жан қалмады. Тіпті, Балғымбек Имашевтың жас ақынның тілеуін тілеп, қолдап отырғанын байқадық. «Хан болам!» деп ұрандап бастаған Диас «Мемлекет жасамаған айтысты мектеп жасап беріп отыр» деп қарсыласына өзі білім алып отырған алтын ұясын мақтаудың жолын жаңылмай тапты. Сондай-ақ, балғын айтыскердің сол бір тіркесі дода бітсе де көптің аузынан түсе қоймады. Ал, Айбек Қалиевтің шәкірті қостанайлық Айбар Рағатовтың да осал еместігі көрініп тұрды. Дегенмен, Аманжол Әлтаев төрағалық еткен қазылар алқасы оны І орынға лайық деп тапты. Қарағандыдан келген даусы зор Бекарыс Оспан мен шымкенттік Аян Ниязбек ІІІ орынды қанағат тұтты. Ақындардың бірі «Он екі айдың ішіндегі Наурыздай» деп теңеу тапқан он екі ақынның арасындағы жалғыз нәзік жанды Жамбыл облысының тумасы Шапағат Сәбитқызы мен Баянауылдың баласы Марғұлан Жамбау жүлделі үшінші орыннан көрінді. Айтысты қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтаев жас айтыскерлерге ақ жол тілеп, батасын берді.
-«Балапанның қанаты ұша жетіледі» деген бұрынғылардан қалған даналық сөз бар. Жастарымыздың өлеңдерінде бұрынғы айтыстарда ағаларының айтып кеткен тіркестері кездесіп жатты. Соларға еліктеу арқылы өнерлерін дамытатындықтан бұл тұстарына кешіріммен қарадық,-дейді А.Әлтаев.
Балғын айтыскерлердің бабын қадағалап, өнеріне сүйсінген көрермендер арасынан «Әзіл әлемі» көңілді тапқырлар театрының актеры, белгілі пародист Бақытжан Қасымовты кездестірген болатынбыз. Өз ойымен бөліскен өнер иесі де кезінде аталмыш республикалық жыр додасына қатысқан екен:
-Мен жас ақындардың айтысын көріп оқушы кезімді есіме алып отырмын. Шыны керек, қорқып отырмын. Өйткені, айтыс деңгейінің өскеніне көзім жетті. Біз айтысқан уақыт бұдан жиырма жыл бұрын болса, ендігі жиырма жылда төл өнеріміз қандай болар екен деген ойда отырмын. Қатысушылардың көбісінің әңгімелері «жастарынан» үлкен. Тіпті, орақ тілді аға-апаларының айта алмай жүргенін айтып, қозғай алмай жүрген мәселелерін қозғауда. Ал, мен қатысқан жиырма жыл бұрынғы айтыстар жұмбақ айтумен, әзілмен, қағытпа қалжыңмен ғана шектелетін. Оқушы кезімде 1996 жылы болуы керек, белгілі журналист, ақын Нәзира Бердалымен айтыстым. Ол маған: «Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген өлеңін жатқа орындап берсең жеңіс сенікі!»-деді. Халық алдында домбыра дыңылдаттым да, өлеңнің қазақшасын да, орысша аудармасында айтып жеңісті қолдан жұлып алдым (күліп). Сондай-ақ, қазіргі жас ақындардың бізден бір ерекше тұсын байқадым. Қарап отырсақ, бүгінгі айтысқа танымал ақындардың, Айтбай Жұмағұлов ағамыздың, Айбек Қалиевтің, Мейіржан Әлібектің шәкірті қатысты. Ал, бізді дайындаған өзіміз оқыған мектептің музыка, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін мұғалімдер еді. Сондықтан, айтыстың бүгінгі деңгейін көріп әрі қуанып, бір жағынан қорқып та отырғанымды жасырмаймын,-дейді талантты актер Б.Қасымов.
Айтыста кезінде Ленин мен Сталинді жырлаған Жамбылдың бүгінгі ұрпағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты өлеңдерінен тыс қалдырмады. Мұсылманшылықты мінезімен де, айтар сөзімен де дәріптеп жүрген еліміздің арқалы ақындарының баға жетпес қасиеттері жас дарындарға да дарығанын байқадық. Өлеңдерінен ақиқат төгілген өрендердің жүректері сондай кең, жандары жомарт. Дандайсымай, тұшымды тіркестермен бір-біріне қолдау көрсеткенде «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген халық даналығы еріксіз еске түсті. Ал, көрермен қарасының көптігі, олардың ыстық ықыласы оқушылара арасында өтсе де айтыстың ұлтымыз үшін қастерлі өнер екенін тағы бір дәлелдеді.
Ермұрат Назарұлы