Мемлекетік қызметкер мұқтаж жандарға көмектесті
Павлодар облысы әкімі аппаратының қызметкерлері Балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған қайырымдылық науқанының аясында мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті.
Жалпы, қасиетті Рамазан айында мұндай қайырымдылық жасау – өте үлкен сауапты іс. Әсіресе асыраушысы жоқ жалғыз басты жандар мен жоқ-жітік азаматтарды қамқорлыққа алу өте маңызды. Сондай жандардың бірі – өзі мүгедек Айнагүл Балтабаева Оның отбасы қиын жағдайда өмір сүріп келді. Облыс әкімі аппаратының кәсіподақ ұйымы балаларын қамқорлығына алды. Балалардың біреуі – кішкентай кезінен мүгедек. Көмек қажетті тағамдар мен тұрмыстық заттарды сатып алу арқылы көрсетілді. Аппараттың барлық қызметкерлері қайырымдылық науқанына белсенді қатысты.
Сондай-ақ, жиналған қаражат есебінен 2 маусым күні сағат 16:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өтетін қайрымдылық концертке 58 билет сатып алынды.Концерт билеттері Кенжекөлдегі отбасылық үлгідегі балалар үйіне берілді. Ал, концерттен түскен қаражат көптен сырқаттанған Алишер Аманолланы емдеуге жұмсалмақ.
Әрине, мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедектерге медициналық қызмет көрсету, оларды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету, тегін және жеңілдік жасау арқылы шипажайлық-курорттық емдеу сияқты әлеуметтік міндеттерін орындап келеді.
Сонымен бірге қоғамдағы ынтымақтастық пен қайырымдылықты нығайту мақсатында жалғыз тұрып жатқан зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мұқтаж және көпбалалы отбасыларға, жетім балалар мен түрлі сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндерге де ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
Өз тілшімізден.