МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН ҚАРАЖАТ ЕСЕБІНЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МУЗЫКА МЕКТЕБІ САЛЫНАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде жұмысын жалғастыруда. Барлық қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі.
Сол қорға түскен қаржыға алғашқылардың бірі болып, Түркістан облысы, Темірлан ауылында 890 млн теңгеге музыка мектебін салу туралы шешім қабылдады.
Бұл бастамалар тұрғындарды білім беру және спорттық қызметтермен қамтуды арттыру үшін ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Түркістан облысының Темірлан ауылында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу көзделген. 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Соған қарамастан бүгінгі таңда кешен жұмыс істеп тұр. Орталықта 400-ден астам бала оқиды, бұл оның қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 2 есеге артық, 45 мұғалім сабақ береді. Жаңа жоба ауылда өнер саласында қосымша сапалы білім алу үшін жағдай жасайды. Енді балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Арнаулы мемлекеттік қорда 177 млрд теңге жинақталған. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салуға, басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және т. б. салалардағы жобаларды іске асыруға бағытталады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі