МЕМЛЕКЕТТІ ЕКІ ПРЕЗИДЕНТ БАСҚАРЫП ОТЫР МА? Немесе елді дүрліктірудің астарында не жатыр?

Соңғы уақытта әлеуметтік желідегі «белсенділер» мен бөспеге үйір адамдар арасында ел ішіне іріткі салу мақсатында жалған ақпараттар таралып жүр.  Оның кейде шегіне жету қиын.  Небір арандатуға толы сөздерді оқығанда жағаңды ұстауға мәжбүрсің. «Айтылған сөз – атылған оқ», оны қайтарып алу мүмкін емес. Дәлелсіз, дәйексіз сөйлеудің артында қаншама тағдырлардың адасуы жатыр. Елдің бірлігіне сына қағудың өзі – үлкен әбестік қой түсінгенге. Елдің тұтастығы мен ынтымағына жік салудың артында жымысқы тілеу, жырынды пиғыл, жасырын күштердің тұрмасына кім кепіл?!

«Біреу біліп айтады, біреу күліп айтады» демекші, ел ішінде «Біздің мемлекетті екі президент басқарып отыр. Билікке жауапты кадрларды Елбасы тағайындайды. Осыдан-ақ ел билігінің кімнің қолында екенін парықтай бер» деген қаңқу сөз жайлап алды. Бұл даурықпаға құмар жандарға таптырмас құралға айналды. Әйтеуір билікке күйе жағу – басты мұрат болған жерде, бұл сыпсың сөздің наны жүріп тұр.
Ал шынтуайтына келгенде, Қазақстан респуликасының заңына үңілген сауатты адам бұл арандату екенін бірден аңғарар еді.  Елдің негізгі заңына сәйкес, мемлекеттің басты лауазымды тұлғасы, Конституцияның кепілі, бас қолбасшы ретінде үкімет мүшелерін, өзіне есеп беретін қауіпсіздік және басқа ведомстволар басшыларын, сондай-ақ аймақ басшыларын тағайындауға қатысты барлық шешімдерді президент қабылдайды. Бұдан артық не керек? Ата заңды бұрмалау, оған күдік келтіру –қай жағынан қарағанда да ақылға қонымсыз, ойға толымсыз дүние ғой…
Өмір – күрес деген пәлсапаны билікпен сабақтастырудың өзі – ақылға қонымсыз. Өмірмен күрес – нәпсімен, бойдағы қанағатсыздықпен,  тәубесіздікпен жағаласуға меңзеп тұр, билікпен жағаласуға емес. Иә, биліктің де қате-кемшілігі жетіп артылады. Ағат істері де толып жатыр. Жемқорлық, парақорлық секілді қоғамды алға бастырмайтын індеттер де ушығып барады. Әділетсіз кей істерге де куәміз. Алайда «Көп асқанға – бір тосқан» болатынын да көріп жүрміз. Қамалып та жатыр, қамығып та жатқандар қаншама? Қоғамдағы дар сотынан жалтарғандар, ар сотының алдында есеп берер күнде таяу…
Айтқымыз келетіні, тың бастамалар мен игі шаралар, жақсы бағдарламалар ел мүддесіне жұмыс жасап жатқанын көруге келген де – көзіміз соқыр, көкірегіміз жабық,   құлағымыз керең болып қалатыны қалай? Жамандық шақырып аттандайтындар – неге осындай сәттерде үнсіз қалып, тек креативті ғана көруге құмартып тұрады? Не нәрсенің да обьективті, субьективті  жақтары болатынын естен шығарып алады? Таразының басын тең ұстау – әділетті қоғамның басты принциптері емес пе еді? Егер бұл қағидатқа бой ұсынбасақ, «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтан» қандай айырмамыз бар? Қалай әділетті қоғам орнатамыз?
Мұндай кезде ұлтшылдық туралы әңгіме қозғайтындар да табылар. Иә, ұлтшыл деген жақсы сөз, әдемі естіледі. Әсіресе, әлеуметтік желіде ұрандағанға өте-мөте оңтайлы. «Ұлтым» деп күңіреніп шығу арқылы нысаныңызға алып отырған обьектіңізді төпелегіңіз келсе, жүздеген онлайн ұлтшылдар соңыңыздан ереді. Ал қарсы шыққандарды бірден «сатқын, ұлтқа қарсылар» санатына кіргізіп, оларды да жолшыбай бас-көз демей қамшының астына алып өтесіз. Қоғамның назары ауған әр мәселеде осы тактиканы ұстанып, «ұлт батыры» атанып жүрген жандар қазір көп. Бірақ бұл ұлтшылдық па? Жоқ әлде жеке адамның ішкі мәселесінен шығатын проблема ма? Біздің ше, екіншісіне көбірек келеді – ау.
Заманалар көшіне қарап тұрсақ, үстем билік қай кезде де қоғамның көңілінен шыға алмаған. Талас-тартыс, атыс-шабыстың бәрі алаауыздықтан, көңіл толмастықтан белең алған. Осының салдарынан күйреген қоғам, безбүйрек адамдар пайда болыпты.
Тарих парағына көз жүгіртсек, «Бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған» дәуірлердің өзінде сыпсың сөздер, көңіл толмаушылық толқулар болып тұрғанға ұқсайды.  Демек, бізге дейін де болған, бізден кейін де жалғаса бермек бұл үрдіс.
Тарихта аты қалған небір патшалар мен хандардың, императорлар мен президенттердің  де «Судан ақ, сүттен таза» болмағаны осы сөзімізге айғақ.  Жамандық пен жақсылық итжығыс түсіп жатқан ғаламда, жамандықты ысырып, жақсылықты көңіл көзіне түсіріп алуда адами байлам. Сондықтан бойдағы мінге емес,  ойдағы ілімге жүгінген ұтатын заманда тіршілік кешіп жатқанымызды ұмытпағанымыз абзал.
Данышпан Абай да бұл тарапта қарап қалмапты. Түсінгенге ғибратты ой-өрнегін арнапты:
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей?
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей
Міні қайда екенін біле алмассың
Терең ойдың телміріп соңына ермей.
Дүниедегі дос ақиретке бірдей болмас
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас
Дүниеге ынтық, мәғшәрға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас, – депті данагөй ақын.
Бұдан асырып бірдеңе деуге шама жоқ.
«Биік мансап – биік жартас. Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады». Хакім Абай осылай деп еді бір қара сөзінде. Қазақ билігінің басына ерінбей еңбектеп шыққандар да, екпіндей ұшып шыққандар да көп. Бірін жұрт жетпей мақтады – жетілмей кетті, енді бірін жеткесін даттады – қайырылып артына қарауға намыстанды, сол күйі бұрылған жоқ…
Жалпы биліктің әділ болғаны дұрыс жол, бірақ оған тас атып жатқандардың өзі дұрыс жолда ма? Міне, мәселе қайда жатыр?

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ АТА ЗАҢНАН АТТАП ӨТПЕЙДІ

Таяуда бір оппозициялық сайтта Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 9 қазанда «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, қазіргі президент бірқатар тағайындауларды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасымен, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен алдын ала келісіп, тағайындайды» деп жазды. Онымен қоймай «Назарбаевтың келісімімен тағайындалатын лауазымдар: Бас прокурор, Ұлттық банктің төрағасы, ҰҚК басшысы және министрлер, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімі, Президентке бағынатын және есеп беретін орган басшылары. Бұларды Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасымен келісе отырып тағайындауы тиіс. Бұл тізімге Сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлік басшылары кірмейді екен. Енді Тоқаев аудандық деңгейдегі лауазымдармен ғана айналысатын шығар» деп бір қағытып өтті. Жә, делік. «Қазаншының өз еркі,  қайдан құлақ шығарамын десе де» деген осы.
Қазақта  «Байқамаса быламыққа да тіс сынады» деген қалай дәл тауып айтылған тәмсіл. Ауыздан шыққан әр сөзге жауапкершілікпен қарау билік өкілдеріне жетпей жатқан бір қасиет. «Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтынын» оларға түсіндіру аз емес. Алайда көбінің бойында ұлттық рух қайнап жатпағаннан кейін, ұлттық құндылықтардан жұрдай. Сол себепті айтылған сөздің көбі бойына дарымай түсіп қала береді…
22 қазан күні Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы президент Назарбаевтың өкілетін кеңейтетін жарлығын қазақстандықтарға түсіндірді. Оның пайымдауынша 21 қазанда нормативтер актілерінің сайтында жарияланған жарлық мәтіні бойынша, негізгі мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар қауіпсіздік кеңесінің келісімі бойынша тағайындалуы тиіс. Осы бір сөз – биліктің абыройына сызат түсіріп, президенттің беделіне нұқсан келтіруге жарап жатыр.
Үкімет дәлізінде журналистер сұрағына жауап берген Марат Бекетаев бұл мәселеге байланысты барлық нормалар қауіпсіздік кеңесі туралы заңды қабылдау кезінде қарастырылғанын айтты.
— Шешім бүгін қабылданған жоқ. Президент жарлығы барлық процедураны нақтылай түседі. Белгілі бір лауазымдар келісіммен тағайындалатынын парламент қабылдап, оған президент қол қойып қойған, – деді ол.
Марат Бекетаевтың сөзіне қарағанда, Тоқаевтың жарлығы бойынша кадр мәселесі жөніндегі соңғы сөзді қауіпсіздік кеңесі айтады, бірақ кандидатура ұсынылғанға дейін талқыланады. Бұл жарлық президент өкілетін әлсіретпей ме деген сауалға ол: — Әлсіретпейді, бұл – қалыпты келісім процесі, – деп жауап берді.
Тоқаев 9 қазанда шығарып, 21 қазанда жариялаған жарлық бойынша, Қазақстан президенті ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасын, сыртқы барлау қызметінің жетекшісін, бас прокурорды, ұлттық банк төрағасын, облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қала әкімдерін, министрлерді (сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерінен өзге), президент әкімшілігінің жетекшісін қауіпсіздік кеңесінің келісімімен тағайындайды.
Президент Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли «бұл – президенттің «кезекті» жарлығы. Бұл құжатқа 2018 жылғы шілдеде қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылды. Аталған алқалы органның өкілеттілігін күшейту заңға сәйкес қарастырылады. Ал оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өмір бойы басқарады. Мемлекеттің лауазымды тұлғаларын тағайындау туралы келісім тәртібі іс жүзінде президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді» деп түсіндірген еді.
Сонымен әділет министрі Марат Бекетаевтың барлық билік қауіпсіздік кеңесі басшысы, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында дегенге саятын пікірі оқтан да жылдам ақпарат қанатында еліміздің түкпір-түкпірін шарлап кете барды. Ел аң-таң. Енді ше? «Бір тойда екі жар болмайды» демекші, бір мемлекетте екі президент болғанын кім көріпті. Бұл сөзге  «Естімеген елде көп» деп елтігендер де, отқа май құйып қоздатқандар да, қағыс естіген шығармыз деп аңысын аңдағандар да мол болды. Ақыр аяғында дақпырты көп бұл хабарға «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымен кеңесе алады, бірақ кадрлық шешімдерді өзі қабылдайды». Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли елді шулатқан «кадрлық өкім» дауына осылайша нүкте қойды. Берік Уәлидің айтуынша, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың «соңғы шешімді Қауіпсіздік кеңесі қабылдайды» деген сөзі дұрыс емес екен.
«Әділет министрінің түсініктемесін қате деп санаймын. Журналистер қыспаққа алған соң Марат Бекетаев сасып қалып, дұрыс емес мәлімет берді. Мұндай деңгейдегі лауазым иесі өзінің қызметтік міндеттері аясындағы кез-келген сұраққа білікті жауап беруі тиіс», – деді Берік Уәли.
Ол мемлекет басшысының функциялары мен өкілеттіктері негізгі заң – Конституцияда нақты көрсетілгенін атап өтті.
«Биыл 9 қазанда шыққан жарлықта президент саяси мемлекеттік қызметкерлерді, өзге де лауазымды тұлғаларды тағайындау мен қызметтен босатуда белгіленген тәртіптерден тыс шешімдер қабылдауға құқылы, деген ереже бар», – деп нақтылады Берік Уәли.
Осылайша, елдің негізгі заңына сәйкес, мемлекеттің басты лауазымды тұлғасы, Конституцияның кепілі, бас қолбасшы ретінде үкімет мүшелерін, өзіне есеп беретін қауіпсіздік және басқа ведомстволар басшыларын, сондай-ақ аймақ басшыларын тағайындауға қатысты барлық шешімдерді президент қабылдайды.
Бірақ мемлекет басшысының 2019 жылғы 9 қазандағы «ҚР Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлығына сәйкес, Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың басшыларын тағайындау – Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасымен де келісілуі тиіс.
Осы жерде даңғазаға далақтағандар мен айқайға сүрең қосқандарға да айтар уәж бар. Естерінде болса Елбасының өзі «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында: «Тоқаев менімен ақылдасады. Бірақ өзі шешім қабылдайды» деген болатын. Президент Конституция бойынша еліміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы және ол Үкіметті жасақтайды. Мемлекет басшысы – облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін жергілікті мәслихаттардың келісімдерімен тағайындайтын жоғары лауазымды тұлға. Сондай-ақ Президенттің құзыреті Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-48 баптарында анық көрсетілген»,  – дегенін қайда қоямыз.

«ПРЕЗИДЕНТ БІРЕУ – ҚАЛҒАНЫМЫЗ ОҒАН ТІРЕУ БОЛАЙЫҚ»

«Ит үреді, керуен көшеді» дейді қазақ. Сондықтан билікке сын айту – қазіргі замандағы ең тиімді жол. Өйткені жақсылықтың тез ұмытылып, жамандықтың сүйретіліп жүре беруі қалыпты жағдай… Қалай даттасақ та, қалай мақтасақ та, елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев тарихи тұлға. Ел мен жерге сіңірген еңбегі өлшеусіз азамат.  Адам періште емес. Қате – кемшілік кімде жоқ. Көзден кеткенді көрге тығуға дайын тұру болар елдің баласының ісі емес. Болар елдің баласы бірін бірі батыр деген…
Адам баласы жаратылысынан қателесуге, күнә жасауға бейім келеді. Қазақта осынау ақиқатты растайтын Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисімен мағыналас «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды», – деген аталы сөз қалған. Қателесу әр жұмыр басты пенденің басынан өткен әрі өтетін дүние… Сол қателіктен сабақ алу,  қалған ғұмырын дұрыс жолға бұру да ерлерге тән қасиет.
Қазақ халқы тарихи этнос ретінде қалыптасқан уақыттан бастап еңселі ел болуды қашанда армандап, мақсат тұтқан халық. Осы мақсат жолында қазақтың талай арыстары өздерінің өмірін арман жолына сарп еткенін тарихтан білеміз. Біз тарихтан дарынды жеке тұлғалардың елдің тарихын түбегейлі өзгертудегі рөлін жақсы білеміз. Мысалы, Америка штаттарының негізін қалаушы Джордж Вашингтон, Ресей империясның негізін қалаған Ұлы Петр, қазіргі Туркия мемлекетінің негізін қалаған Кемаль Ататүрік т.б. Осындай тұлғалардың қатарына Қазақстан Республикасының негізін қалаушы Н.Ә. Назарбаевты да жатқызуға болады. Н.Ә. Назарбаев тарихи тұрғыдан алғанда аз уақыттың ішінде Қазақстан Республикасының егемендігін жариялап, оны дұрыс даму жолына түсіре білді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзін бүкіл әлемге танытты, дамыған мемлекеттер қатарына қосылды. Бұл құбылысты тарихшылар «Назарбаев феномені» деп атап кетті. «Назарбаев феномені» Еуропа мен Азияның, екі құрлықтың, екі өркениеттің, екі саяси жүйе – тоталитаризм мен демократия түйіскен ортада туды. Осы екі түрлілікті синтездеп, демократиялық құндылықтарды құрметтеген еуропалық реформизм мен күретамыры сан ғасырлардан тартылған азиялық дәстүрді сабақтастыра отыра жүргізді. Сол себепті де халықаралық қауымдастық Қазақстан көшбасшысының ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал жолын жоғары бағалап, оның есімін стартегиялық ойлау қабілетін иеленген мемлекет қайраткері деп даңқты тарихи тұлғалармен қатар қояды. «Ауылдағының аузы сасық» дейтін қазаққа, сырттағы елдің сыншы келетінін айтқымыз келеді. Сондықтан елбасының қауіпсіздік  саласына басшылық жасауында негіз бар. Мемлекеттік аппарат ортақ тәртіпке сәйкес тиянақты, жүйелі жұмыс істеуде. Мұны шетелдік әріптестер де мойындап отыр.
Мысалы жуырда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі  Уильям Мозер мырза «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Қазақстанда қос билік орнамағанын нақты айтқан болатын.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігімен қарым-қатынасымыз өте жақсы.  Оның Қазақстандағы жағдайды жақсарту мақсатында ұсынған бастамаларын жүзеге асыру үшін бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Біз Қазақстанда қос билік бар деп есептемейміз», – деді АҚШ елшісі.
Бұл шетелдік әріптестеріміздің пікірі. Жалпы мемлекеттік саясат сол тәртіппен жүзеге асырылуда. Бұрын басталған реформалар жалғасып, жаңа бағдарламалар әзірленуде. Осының бәрін бұрмалап, басқаша етіп көрсетуге тырысатын әлдебіреулер бар. Бірақ оның бәрі де бекер.
Енді бір сәт қазақы түсінікке, бабалар жолына қарасақ елді басқаруда үлкенді аға тұтып, ел үшін жасаған еңбегін бағалап, бұрынғы басшыға адалдық танытып,  тәжірибесіне сүйену – қалыпты жағдай екеніне көз жеткізуге болады. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді қазақ мұндай да.
Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дерек мәліметтерінде көрсетілгендей, «олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан атты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды» деген пікірді зерттеушілердің бәрі мойындайды. Осы екі ханның ел бірлігі жолындағы татулығы мен көрегендігі де бізге үлгі болса қанекей.
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Президент біреу–қалғанымыз оған тіреу болайық» дегені де бекер айтыла салмаса  керек.
Олай болса тәжірибесі ерек, әлем алдындағы беделі бөлек елбасымен кей мәселелерде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесіп отыруынан көзге қораш, ойға оғаш жамандық көретіндердің көксегені елдің бірлігі емес – ыдырауы, тұтасуы емес– құлдырауы ғана.
Ақыл – Алла Тағаланың адам баласына берген нығметі. Ал сол нығметті ортаға салу, бөлісу «ақылдасу» деп аталады. Әлмисақтан мұсылман атанған атам қазақтың көптеген сөздерінен ақылдасуды тілге тиек еткенін көруге болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», «Кеңесіп пішкен киім кең де болмайды, кем де болмайды», «Кеңесті жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ», «Кеңесіп кескен қол ауырмас», «Кеңесіп шешкен істің кемтігі болмайды» деген сөздер күнделікті өмірімізде ақылдасудың маңызын тарқатып береді.

ҚОС БИЛІК ТУРАЛЫ ҚАУЕСЕТ…  ОЙҒА ҚОНБАЙТЫН ЖАЛҒАН ӘРЕКЕТ…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин Конституция баптарын көрсетіп, қос билікке қатысты гу-гу әңгімеге нүкте қоюға тырысқанын да айта кету міндет. Қанша дегенмен  Президент пен Елбасының арасындағы қарым-қатынысты одан артық ешкім айта алмасы белгілі. Қарин Қазақстанның қазіргі жүйесі шын мәнінде қандай жүйе екеніне егжей-тегжейлі тоқталып өтіпті: «Қос билік» төңірегіндегі әңгімелерге қатысты ойымды білдіре кетуді жөн көрдім.  Осы күндері көп талқыланған, жиі айтылған тақырыптың бірі  – қос билік. Бірден басын ашып айтайын, қос билік туралы қауесет негізсіз, алып-қашпа әңгімелер. Неге? Өйткені Ата заңымыздың іргетасы саналатын негізгі ұстындары мен ұстанымдары өзгерген жоқ, өзгермейді де.
Ата заңымыздың 2 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конститутциямыздың 40 бабы 1 тармағына үңілер болсаңыз мұнда былай деп жазылған:  Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
Былайша айтқанда біздегі биліктің барлық құзіретін қолында ұстаған, иеленген, халық тарапынан сайланған Президент, Мемлекет басшысы, Жоғарғы бас қолбасшы және баршамен бірауыздан мойындалған Ұлттық лидер. Мұның ара-жігін айыру аса қиын емес. Ата заңымызға үңілер болсаңыз, барлығы тайға таңба басқандай жазылған, биліктің саяси құрылым мен атқару жүйесі Конститутциямызда нық, анық көрсетілген.
Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де «баршамызға ортақ мақсат-міндет – жаңадан сайланған Президентті қолдап, демеп, көмек көрсету» екендігін бір емес, бірнеше рет айтқан болатын.
Атап айтқанда мамырда өткен Астана экономикалық форумында Назарбаев: «бізде бір ғана президент бар және барлығымыз соның төңірегінде топтасуымыз керек» деп кесіп айтты.
Жақында Мәжілісте өткен Нұр Отан партиясы фракциясының отырысында Елбасы элитаны, интеллигенциясы, бұқараны Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналысына жұмылдыру қажеттігін тағы да бір рет қайталап айтты.
Иә, тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Президенттің бағыт-бағдарына қоғамның және элитаның кең қолдауын қамтамасыз ету үшін осы күнге дейінгі барлық тәжірибесі мен саяси қажыр-қайратын пайдалануда.  Яғни, Президенттік билік қазақстандық саяси жүйенің өзегі болды, болып қала береді де.  Орталықтандырылған вертикаль мен унитарлық біздің мемлекеттің саяси құрылымының мызғымайтын саяси қағидасы.
Ал енді мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясаты кейбір мәселелері туралы Президенттік жарлыққа келетін болсақ, бұл жарлық Президент пен Елбасы институттарына емес, ол көбіне Президент әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесінің аппараттары арасындағы ішкі әрекеттесу жүйесін бірыңғайлауға қатысты, демек бұл жәй ғана процедуралық, техникалық мәселе.
Бұл механизмдер аяқ астынан, кенеттен қабылданып отырған жоқ. Ол Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелері 2018 жылы жазылған болатын.  Қазір бар болғаны қабылданған нормаларды сәйкестендіруге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ кадрлық саясаттың негізгі принциптері, механизмдері өзгермейді, сақталады.
Сәйкесінше қазіргі практика Президентке өз бетімен қандай да болмасын дербес шешім қабылдауға кедергі келтірмейді. Қазақстанның билік жүйесі нақты құрылымданған және біртұтас. Ешқандай қос билік, екіге жарылу, бөліну жоқ.
Бізде ортақ стратегия, ортақ жоспар және ортақ басымдықтар айқындалған. Соларға сәйкес қазіргі беталыс бағдарынан ауыспай, жұмыстар жалғасады», – деді президент кеңесшісі Ерлан Қарин.

ҰЛТ ПЕН ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ АРАЖІГІН АША АЛАТЫН  ҚАЗАҚ ҚАЙДА?

Түйін сөз: Билікпен бақас, дау-дамайға жақтас  «өзі би, өзі данышпан», «сыншылардың» нені көксейтіні белгілі. Біріне бәлкім тақ керек, біріне бәлкім жақ керек, бәзбіріне қызмет, кейбіріне «ізгі құрмет» керек болар. Басқа нені көксеуі мүмкін. Жоқ жерден дау-дамай іздеп, халық пен биліктің арасын алыстату – ізгілік аңсаған адамның іс деуге келмейді. Түймедейді түйедей қылу, түлкібұлаң соқпаққа салып халықты адастыру да қазақы танымға жат пиғыл.  Соның салдарынан өкпелері «қабынып», ел билігін жабылып «талап» жатқандай елестейді есті адамға.  Әйтпесе үркердей аз қазақтың бұдан өзге мұңы мен даулайтын құны аз ба еді? Қайтсем елді көтерем деген сасық ниеттің ар жағында өзімшілдік, менмендік менмұндалап тұрады. «Елді екі президент басқарады» деп аттандап жатқандардың түп – төркініне үңілсек, елді екіге бөлуге деген жанкештілік аңғарылады. Одан кімнің ұтылатыны, кімнің тұтылатыны санаға сіңбей тұрғаны жанға батады. Аз халықтың хан талапайда сайда саны, құмда ізі қалмайтынын басқа білмесе де, тарихта басы талай мәрте тасқа тиген қазақ білуі керек еді…
«Жау жоқ деме жар астында» деген тағылымды мақалға жүгінетін кезең туып тұр. Адам ұлт пен ұлтшылдықтың тегін, тарихын, дамуын және оның сатыларын, сипатын, қолданысын, қызметін түсінбей жатып,  ұлтшылдықтың арзан ұрандарына көзсіз еріп кетеді. Оның кейбір жеңісіне баланған нәрселерге арқаланып, бағыттың дұрыстығына сенімі беки түседі. Шындығында, билік ұлттық идеологияда жіберген қателіктерінің кесірінен қазір шуылдаған ұсақ ұлтшылдықтың қысымында қалып қойды. Ұсақ ұлтшылдық тобырдың қара күші ешкімді танымайды. Сәйкесінше, онымен тіл табысу, ортақ мүдделестік бағытқа икемдеу, мемлекетшілдік ұстанымдарына баса назар аударту да тым қиын. Әдетте, талаптары эмоциялық ерік толқынында стихиялы түрде болып келеді де от алып кетеді. Мұндайды біз соңғы бірнеше қоғамдық мәселеде анық байқадық.
Сөз соңында айтарымыз, билікті бір адамдай сынаған жанның бірі бізбіз. Бірақ ардан аттағамыз жоқ, әділін айттық. Турасынан бастадық. Бұра тартып бұрмалауға жол бермедік. Себептер мен салдардың аражігін ашуға тырыстық.  Ал бүгінгі қоғамды дүрліктірген мысық тілеу жандардың  «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген орынсыз байбаламдары мен билікке деген әділетсіз ұстанымдарына өз көзқарастарымызды білдіруді парыз санадық. Қай заманда да билікке деген бақастықтың ақыры – тақыры шыққан даладай құлазуға апарып соқтырарына кәрі тарих куәлік етеді…
Осындай да кемеңгер Абай атамыздың 32 (отызыншы екінші) қара сөзінің мына бір жерлері ойға оралады.
«…Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіл іңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хусідшілікті зорайтады, адамшылықты зорайтпайды, бәлкім, азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хирслану жарамайды. Егер хирсланса, өз сөзімшіл ғурурлық, мақтаншақтық, хусідшілік бойын жеңсе, ондай адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден  де  қашық болмайды.
Үшінші – әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?….».
Құнанбайдың дана баласы айтудай –ақ айтып кетіпті. Тек мұны түсінер қазақ қайда?

Сәуле Мешітбайқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.