МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОР АУДАНЫМЫЗДА
Кеше Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғабидолла Оспанқұлов кеше Байзақ ауданында болды. Мемлекеттік инспекторды аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қарсы алды.
Жұмыс сапарын Талас ауылына кіреберістегі «Свекловичный» шаруашылықішілік каналды бетондау жұмыстарының барысымен танысудан бастаған мемлекеттік инспекторға «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаев құрылыс жөнінде ақпарат берді. Жалпы ұзындығы сегіз шақырымнан асатын каналдың бір шақырымнан астамы бетондалыпты. Осы тұста аудан көлемінде каналдарды жөндеу мақсатында қолға алынып, іске асырылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімі қосымша түсінік берді.
«Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысқан Ғабидолла Оспанқұлов «Қостөбе — 2019» ауыл шаруашылығы кооперативінде болды. Басқарушы директор Закир Муминов аталмыш кооперативтің тыныс – тіршілігін кеңінен баяндап берді. 2019 жылы құрылған ұжымда мүшелер саны 178 адамды құраса, жер көлемі 235 гектарды құрап отыр. Мұнда 12 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары көктемгі дала жұмыстарына сақадай сай тұр. Кооперативте 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Төрт гектар аумаққа отырғызылған алма баққа өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқанына куә болған Ғабидолла Оспанқұловқа кооперативтің басқарушы директоры Закир Муминов өндірілген көкөністерді өңдеуді субсидиялау жөнінде ұсынысын білдірді. Өз кезегінде айтылған ұсынысты мемлекеттік инспектор назарға алынатынын айтты.
Төмен пайыздық несиенің тиімділігін алға тартқан Қостөбе ауылдық округінің әкімі Дәурен Тәжібеков сегіз ауыл тұрғыны алған несиелерін бір жыл көлемінде қайтарып үлгергенін және бүгінде өз ашқан кәсіптерін жалғастырып отырғандарын жеткізді. Осындай жоба арқылы несие алған ауыл тұрғыны Гульнара Қырықбаева 4,5 миллион теңгеге 9 жылқы малын сатып алып, мал басын өз төлі есебінен көбейте отырып, қымыз өндірумен айналысуда.
Бұдан соң Ғабидолла Абдоллаұлы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында, Сарыкемер ауылдық округіндегі Сарыкемер ауылының су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысын аралады. Жалпы сметалық құны 3 млрд. 402 млн. 130,8 мың теңге тұратын құрылыс 2019 жылы басталып, биыл қыркүйек айында аяқталуы күтілуде. Мұнда Біржан Жорабеков жетекшілік ететін «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер атанса, техникалық қадағалауға «Мирстрой» ЖШС-і, жобалауға «Табыс жоба» ЖШС-і жауапты. Жобаның жалпы ұзындығы 114 шақырымды құраса, бүгінгі күнге оның 108,3 шақырымы тартылған. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстары қайта қарқын алып, 16 адам жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атын иеленген орталық саябақты аралап, ондағы тұрғындардың демалуына қолайлы жағдайлар жасалғанын көрді.
Іссапарда Мемлекеттік инспектор Диқан ауылдық округіне қарасты «Денсаулық» саяжайының маңынан өтетін Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарымен де танысты. Саяжайда 146 аулада 355 тұрғыны бар. Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында, «Денсаулық» саяжайының тұсында 37,7 млн. теңгеге өзеннің 500 метр жағалауы нығайтылып, 4,3 млн. теңге қаражатқа 500 метр өзен табанын тазалау жұмыстары жүргізілген.
ҚР ІІМ Су тасқынының алдын алу шараларының «Жол картасына» сәйкес, 3,4 млрд. теңгені құрайтын «Талас өзені жағалауларын нығайту және арнасын тереңдету (Байзақ ауданының 28 шақырым бөлігі, 7 участогын қамтиды) жобасы бойынша республикалық бюджеттен әзірленген жобалау — сметалық құжаттары іске асырылатын болса, аудан бойынша өзеннің қауіпті аймақтарындағы жағалаулар берік нығайтылатыны туралы мәліметтер айтылды.
Мырзатай ауылдық округіндегі «Әулие — Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құс етін тереңдетіп өңдеу фабрикасының жұмысы да назарда болды. Серіктестік басшысы Фарида Джунусова құны 2 млрд. 065 млн. теңгені құрайтын Нидерланды технологиясы бойынша жылына 4 000 тонна құс етін тереңдетіп өңдеу фабрикасының құрылысы барысымен таныстырды. 2019 жылы жалпы құны 126,2 млн. теңге құс сою цехының қалдықтарын тереңдетіп өңдеп, жылына 2 500 тонна ет — сүйек ұнын шығару цехы іске қосылса, сол жылы жалпы құны 1 млрд. 036 млн. теңге қаржыға фабриканың өндірістік қуаттылығын 8 000 тоннаға дейін арттыру мақсатында, 6 құс өсіру нысандарын іске қосу инновациялық жобасы іске асырылған.
Серіктестік 2019 жылы жалпы құны 3291,0 млн. теңгеге 5365,0 тонна тауық етін және жалпы құны 31,5 млн. теңгеге 350,0 тонна ет-сүйек ұнын өндірсе, былтырғы жылы 7075,0 тонна тауық етін жалпы құны 4315,75 млн. теңгеге және жалпы құны 30,71 млн. теңгеге 345,09 тонна ет-сүйек ұнын өндірген. Өндірілген тауарларды экспортқа шығару ісі де тұрақты жүргізілген. Сол 2019 жылы Қырғызстан Республикасына жалпы 133,7,7 млн. теңгеге 232,0 тонна және Ресей Федерациясына жалпы 14,17 млн. теңгеге 37,0 тонна құс еті экспортталса, өткен 2020 жылы Қырғызстан Республикасына жалпы 170,2 млн. теңгеге 365,0 тонна құс етін экспортқа жіберіліпті.
Жамбыл облысы әкімдігінің 2020 жылғы 13 сәуірдегі №80 Қаулысына сәйкес, «АЛЕЛЬ АГРО» АҚ-ның Жамбыл филиалының жалпы құны 25653,0 млн. теңге «Жамбыл облысында құс еті шаруашылығын дамыту зауытының құрылысы» жобасы Жамбыл облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген болатын. 2018 жылы құрылған филиалдың басшысы Арыстан Абдрахманов қуаттылығы жылына 45 мың тонна құс етін өңдеу фабрикасындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аудан әкімдігінің қаулысымен «АЛЕЛЬ АГРО» АҚ-ның Жамбыл филиалына қосымша 125,7 га жер телімі бөлініп, рәсімделсе, қазіргі таңда, онда 26 құс ұстау нысандарын қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. «АЛЕЛЬ АГРО» АҚ-ның Жамбыл филиалына
2020 жылы жалпы құны 2,6 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Көктал ауылдық округінде 13 құс өсіру нысанының құрылысы аяқталуға жақындаса, 12 құс өсіру нысаны 1 блогының құрылысы 95 % аяқталды. Сондай-ақ, Көктал ауылдық округінде 14 құс өсіру нысанының құрылысы жоспарлануда. Оған қоса, Ботамойнақ ауылдық округінен «Аллель Агро» АҚ-ның жоба құны 3000,0 млн. теңгені құрайтын «Құрама жем кешенді зауыты» құрылысы осы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосу жоспарланған.
Бурыл ауылдық округіне өткен жылы үш миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, нәтижесінде бірқатар әлеуметтік нысандар салынған болатын. Олардың қатарында, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен мәдениет үйін айтуға болады.
Ел игілігіне ұсынылған жаңа дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысын мердігер «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жалпы сомасы 349 миллион 912 мың теңгені құраған құрылысқа аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімі тапсырыс берген. Аумағы 0,5 гектарды алып жатқан аумаққа мердігер нысанды 15,5х24,0 өлшемде үстіміздегі жылдың мамыр айында бастап, жеті ай мерзім ішінде пайдалануға беріп отыр. Ауданы 12323,2 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, самбо, бокс, таэквондо және дзюдо сияқты бірнеше спорт секциялары жұмыс істейді. Мұнда түрлі спорттық іс-шаралар, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстар, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары өткізілмек. Кешен үлкен арена, әмбебап зал, бокс және күрес залдары және 4 киім ауыстыратын бөлмелермен қамтылған.
Барлық спорт залдары керекті құрал-жабдықтармен, оның ішінде бокс рингімен, күрес матрастары және төсеніштерімен, груша және басқа да тренажерлармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектермен қамтылған медициналық кабинет те қарастырылған. Ал, сметалық құны 161 миллион 501 мың теңгеге бағаланған мәдениет үйінің құрылысына бөлінген жер телімі 0,7 гектарды, ғимараттың ауданы 419,41 шаршы метрді құрайды. Мердігер тоғыз айға жоспарланған құрылысты мерзімінен бұрын пайдалануға берген.
Іссапарын Бурыл ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды аралаумен қорытындылаған Ғабидолла Абдоллаұлы ауданда қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Дәулет ПІРІМҚҰЛ, аудан әкімінің баспасөз қызметі