МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТ САПАЛЫ БОЛУЫ ТИІС

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Байзақ ауданы әкімшілігіне мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша 2023 жылға арналған кешенді іс-шара жоспарына сәйкес, оқыту-семинары өтті. Семинарды аудан әкімі аппаратының басшысы Еркін Заурбеков ашып, жүргізіп отырды.
Семинарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының өкілі Жанәділ Құрбанов, облыс әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің бас инспекторы Диана Исқақова, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің инженері Руслан Даулетов, сонымен қатар тиісті мекемелердің өкілдері, ауыл және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Диана Ильясқызы ауданымызда азаматтарға арналған мемлекеттік қызметті көрсету барысында 5 олқылықтың анықталғанын жеткізді. Соның ішінде Қызыл жұлдыз, Сазтерек, Ботамойнақ ауылдық округтеріне жіберілген хаттарға дер кезінде жауап берілмегенін айтса, Жанәділ Аманәліұлы жиналғандарға мемлекеттік қызметті көрсету барысында болатын кемшін тұстарды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мерзімдерінің бұзылуы, артық құжат талап ету және қағидада көзделген құжат топтамасы толық болмаған жағдайда қызмет көрсетуді болдырмауды түсіндірді. Сонымен қатар «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің инженері Руслан Даулетов слайд арқылы мемлекеттік қызметті сапалы әрі түсінікті жүргізу тәртібі мен қағидасы жайлы толық ақпарат берді.
Жиын соңында мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін бірқатар мамандар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қажетті жауаптарын алды.

Арайлым НАРБАТЫРОВА.