Мемлекеттік қызметкер қолбала сынды

Іс-тәжірибесі аз, жас мемлекеттік қызметкерлердің көп жағдайда тікелей өзіне тапсырылған жұмыспен айналысуға, жан-жақты ізденіп, өзінің квалификациясын көтеруге мүмкіншілігі бола бермейді. Алғашқы сәттен бастап, оның қызметі әкімдері мен олардың орынбасарларына «қолбала» болудан басталады. Барып кел, шауып келдің әңгімесі өз алдына, оның арасында қит етсе: «Арнайы мекеме үлгермейді. Облыстан басшы келе жатыр, депутаттар келе жатыр, көшемізден күлқоқыс көрсе, көзіміз айналып, желкемізге шығады.

Жабайы өскен ағаштарды қиыңдар», — деп, әлгі қыз-жігіттерді айдап көшеге шығарады. Бір беделді ақсақалдың немересі Жастар бөлімінде біраз уақыт қызмет атқарған екен, ішкі саясатта отырған басшы әйел екі күннің бірінде қолына сыпырғыш беріп, көшеге шығарып, әбден мазасын алыпты.

Бір күні орталық көшені сыпырып, шаң-шаң болып жүрсе, бірге оқыған курстас жолдасы жеңіл мәшинесімен өтіп бара жатып тоқтай қалып:

— Не болды саған, сені қанша тәулікке қамады? — деп жаны ашып, қасына жетіп келіпті. Оны қойшы, жекеменшік зәулім үйлер қаздай тізілген көшелерді «бастықтар осы жермен өтуі мүмкін» деп, ала жаздай сыпыртып, арнайы күл-қоқысын тазалатады екен. Көше тұрғындарын ұйымдастырып, тазалыққа шығаруға жергілікті атқарушы органдар басшыларының сөзі өте бермейтіні мәлім. Онсызда қымбатшылық жағаларынан алып, жүйкелері жұқарып, шытынап жүрген халықтың шымбайына тиіп кетуден қорқатын шенеуніктердің аппараттағы қызметкерлерге ғана әлі келеді екен. Білмейтін нәрсені үйреніп, халыққа қызмет етемін деген әлгі жас жігіт атасына келіп:

— Ата, мен көше сыпыру үшін диплом алған жоқпын ғой, мұндай қызметі құрысын! — деп, жұмыстан шығып кетіпті. Бұл медальдің бір жағы ғана ғой. Бір ауданның ішкі саясат бөлімі басшысының бүкпесіз әңгімесін естігенім бар.

— Апай, шапан-шекпенге ақша жинаудан шаршадым. Пәленбай келе жатыр, шапан керек, беделді ақсақал алпысқа, жетпіске, сексенге толды, шапан керек. Бұл бір бітпейтін шаруа, жалғаса береді. Өткен жылғы сыйлы қонақтардың иығына жабылған шапандардың, жайылған дастарқанының қарыз ақшасын төлеп бітпей жатып, тағы бір іс-шара есік қағып тұрады. Аудандық әкімдіктің, ауылдық, кенттік округтердің бюджетінде шапан-шекпенге қаржы қарастырылмайтынын былайғы жұрт біле ме? — деді күйініп.

— Сонда оған қайдан қаржы жинайсың?

— Ең алдымен бөлімнің, округтің қызметкерлерінен жинаймыз. Одан қалса кәсіпкерлерге, жеке шаруа қожалықтардың басшыларына алақан жаямыз. Әйтеуір, «сыпайы қайыршыға» айналдық, — дейді әлден жүйкесі жұқара бастаған басшы қыз. Әрине, демеушілік жасау игілікті іс шығар. Сол демеушілердің шапаншекпенге шығарған қаржыларына зейнеткерлерге, кедей-кепшіктің отбасына мемлекеттік саясатты қолдап отырған мерзімді қазақ басылымдарын жаздырып берсе, халық арасындағы жүргізілетін идеология жұмысына септігін тигізбей ме? Ал, енді медальдің басқа жағын аударатын болсақ, тіпті арнайы кілт болмаса, сырт етіп ашыла бермейтін құпия сандыққа тап боламыз. Бюджет қаржысын тиімді пайдалануды бақылайтын атынан жылаған бала уанатын тексеруші мекемелер бар. Оның былық-шылығын 37 жылғы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған мен ғана білмеймін, сол терінің пұшпағын илегендердің барлығы бес саусақтай жақсы біледі. Бірақ бұл дауыстап айтыла бермейді. Үлкен әріппен «Жабық!» деген белгі қойылған. Сол жылдары болған бір қызық оқиға есіме түссе, әлі күнге шейін күлемін. Тексерушілер түскі ас ішкенде көңілдерін көтеру үшін мектептің мұғалімдері домбыра тартып, тікелерінен тік тұрып ән салып береді екен. Бұл не? Бас сауғалаған директор байқұстың далбасасы ма? Артынан түсіндік, бәрібір кішігірім қаржы бұзушылығы үшін алатын «жоспарлы жарналарын» алмай, олар кетпейді екен. Естуімше, ол «жарна» құрғырдың цифрі жылдан-жылға өспесе, азаймапты.

Сонымен, «Б» корпусының мемлекеттік қызметкерлерін аттестациялау басталды. Басшысынан бақайшығына шейін кешенді түрде 3 кезең сынақтан өткізіледі. Тағы да бір дүрбелең, бәйге жарыс. Бұл сұрыптау тағы да өкпесі өшкенше жүгіретін мемлекеттік қызметкерлердің қалтасын қаншалықты қағатынын, қаншалықты жүйкелерін жұқартатынын болжай алмай отырмыз. Мемлекеттік қызметкердің ұйымдастырушылық қабілетін, санасезімін, адами және тағы басқа қасиеттерін компьютер «ағамыз» анықтайды екен. Одан кейін айдарынан жел ескен комиссия қорытындысын шығарады. Биілікке «жақпай» жүрген талай қызметкердің алдынан тосқауыл тікенектей өсіп шығатынына күмәніміз жоқ. Бір қызығы, сынақтан өтпей қалғандарға ешбір жеңілдік жоқ, біржолата мемлекеттік қызметтен аластатылады екен. «Қолбала» бола алмағандары «жол бала» болып кете бермекші.

Нұрила БЕКТЕМІРОВА