Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы тіл шебері кім?
16 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мемлекеттік қызметші жастар арасында «Тіл шебері — 2016» республикалық байқауын өткізді. Комитеттің тапсырысы бойынша «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМҚК-нің қолға алған шарасы Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде кең көлемде тойланды. Байқау аясында тіл саясатын жүзеге асыруға, тілді меңгеруге деген қызығушылықты ынталандыруға басымдық берілгені аңғарылып тұрды. Елбасының үш тұғырлы тіл саясаты құзырлы мекеме қызметкерлеріне кеңінен насихаттала бастағаны қуантты.
*******
ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛМЕН ШЕКТЕЛМЕЙМІЗ
«Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіруәдістемелік орталығы» РМҚК-нің директоры Ербол Тілешов: «Сайыстың басты мақсаттарының өзі бірнеше сатыдан тұратынын айта кетейін. Біріншіден, үш тұғырлы тіл саясатын көздесе, екіншіден, мемлекеттік қызметтегі, ертең ел басқаруға, осы елдің мемлекеттік құрылымын қолдарына ұстайтын бүгінгі жастардың палиглоттығы. Үш тұғырлы тілмен ғана шектелмей, өзге де халықаралық дәрежедегі тіл дерді меңгеруін қамтамасыз ету. Үшінші, өзі өмір сүріп жүрген мемлекетті құраушы ұлттың кім екенін, оның мәдениеті, әдебиеті, ұлттық болмысы қандай деген секілді сұрақтарды қамтитын «Мәдениеттаным», «Ұлттаным», «Өнертаным» атты үш түрлі номинация кіргізіп отырмыз».
*******
Қазақ Ұлттық Өнер университетіндегі өткен игі шараға тіл жанашырлары көптеп жиналып, ине шаншар орын болмады. Иін тірескен халық байқауға қатысушыларды қол шапалақтап демеп, күш-қуат беріп отырды. Бұл да болса тілге деген құрметтің шегі жоқтығын көрсетсе керек-ті. Байқаудың ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрінің арнайы құттықтауын министрдің кеңесшісі Ғалымжан Мелдешов жеткізді. Қымқуыт жұмыстан қолы сәл босағанда байқауды ұйымдастыруға ұйытқы болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басқарма басшысы Толқын Жолдыбайқызы Исақованы әңгімеге тарттық.
— Толқын Жолдыбайқызы, «Тіл шебері — 2016» байқауының мақсаты мен мұраты жайлы айтсаңыз. Сіздің пайымдауыңызша, үш тұғырлы тілдің қоғамдағы орны қандай?
— Бұл жердегі мақсат айқын. Үш тілді — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметші жастарды анықтап, қолдау. Үштілділікті насихаттау, іскерлік және халықаралық қарымқатынас құралы ретіндегі тілдерді жастардың меңгеру деңгейін анықтау. «Тіл шебері — 2016» байқауы осымен екінші рет мемлекеттік қызметшілер арасында өткізіліп отыр. Биылғы жыл мемлекет үшін айтулы жыл. Биыл еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Өтіп жатқан Қазақстан тілдерінің фестивалі 25 жылдықтың аясында өзінің ашылуын тойлауда. Жалпы, Елбасының кәсіби мерекелер туралы жарлығына байланысты қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қазақстан халқының тілдері күні болып табылады. Осыған орай тіл шебері байқауын өткіздік.
— Сіздер ұйымдастырған үш тілді білу шарасы мемлекетке қай жағынан тиімді? Осы жағына тоқталсаңыз.
— Үш тілді меңгеру еліміздің саяси, әлеуметтік және рухани өміріне етене араласамын деген азаматтарға, әсіресе мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың бірі десек, қателеспейміз. Мемлекеттік қызметшілердің үш тілді меңгеруі еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің артуына, мемлекетіміздің мәртебесінің биіктеуіне игі әсер етері сөзсіз. Елбасы бір сөзінде: «Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», — деген болатын. Сондай-ақ, Президент Ассамблеяда сөйлеген сөзінде де мемлекеттік қызметшілер мен медицина саласының мамандарына үш тілді білу бүгінгі заманның талабы екенін ескертті. Қазір біздің жастардың арасында үш емес, одан да көп тілді білетін, дамыған мемлекеттердің қатарына кіруге дайын сауаттылары жетеді. Оны жандандыра білу — аталмыш шараның басты міндеті.
— Тіл сөз болған жерде мемлекеттік тілді айтпай кету мүмкін емес. Осы байқауды ұйымдастырушы ретінде мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тіліне деген көзқарастарын қалай бағалайсыз?
— Мемлекеттік тілге көзқарас өте дұрыс. Жалпы, солай болуы заңдылық. Біздің Ата Заңымызда «мемлекеттік тіл — қазақ тілі» деп тайға таңба басылғандай көрсетілген. Сол себептен барлық мемлекеттік қызметтегі адамдар мемлекеттік тілді біліп, мемлекеттік тілде жұмыс жүргізе білсе, нұр үстіне нұр. Оған қосымша орыс, ағылшын тілдеріне тайпалып тұрса, біліктілігін көрсетеді емес пе?
— Мұндай игі шараға қанша мемлекеттік қызметкер қатысты? Олар қалай таңдалып алынды?
— Сайысқа әр өңірден 29 қызметкер қатысты. Бұлар өз аймағында іріктеуден өткендер. Оза шауып бәйге алғандар. Олар байқау барысында қазақтың салт-дәстүріне, тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді. Яғни Астана, Алматы қалаларымен қатар барша өңірлер, барлық орталық атқаушы органдар (министрліктер, Ұлттық банк, Есеп комитеті т.б.) сияқты мемлекеттік орындардың бір-бір қызметшісі қатысты. Қатысушылардың жас ерекшеліктері 30 жасқа дейін.
— Игі іске бастамашы болып жатыр екенсіздер, байқау қанша кезеңнен тұрды? — Конкурс үш аталымнан тұрды: «Мәдениеттаным» — қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде жауап беру; «Ұлттаным» — қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс, ағылшын тілдерінде жауап беру; «Өнертаным» — 3 түрлі жаңылтпашты жаңылмай 3 рет айтудан жарысқа түсу.
— Үздіктерді анықтауда қандай талаптар қойылды?
— Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейі, жауаптың орамдылығы мен сапасы, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігі, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуі, сахналық мәдениеті ескерілді.
— Қазылар алқасы мен жеңімпаздар жайлы ақпарат бере кетсеңіз.
— Қазылар алқасын филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Алтайұлы басқарды. Қазылар алқасының шешіміне сай 25 байқауға қатысушы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталса, бас жүлдені «Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» меңгерушісі М.Молдажанова жеңіп алды. Ш.Құдайбергенов (ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен) І, Ж.Орман (ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығының басқарма басшысы) ІІ, Г.Даниярова (Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының маманы) ІІІ орындарды иеленді.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК