«Мемлекеттік мүддені ойламайтындар мемлекеттік қызметте болмауы керек!»
Бүгінде кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл дерттің әлемдік қауымдастық алдында елдің беделін түсіріп, мемлекеттің имиджі мен демократиялық саяси құрылымына кері әсерін тигізетіндігі де жасырын емес. Қазір осы кесапатты кеселмен күресу және оның оң шешімін табуда құзырлы органдар мен мемлекеттік мекемелер, білім ошақтары мен арнайы ұйымдар күресіп-ақ келеді. Әйтсе де, істің ретін табатын сыбайластардың қитұрқы әрекеттері күш берер емес. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен болашағына қауіп әкелетін «бармақ басты, көз қыстылық» — ертеңімізге үлкен залал. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы Департаментінің басшысы Бақтияр Камалұлымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
— Бақтияр Камалұлы, еліміз тәуелсіздік алған жылы ТМД «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдаған болатын. Кейін осы белгіленген заң талаптарына сәйкес жемқорлыққа қарсы нәтижелі жұмыстар атқарылғандығына куә болдық. Алайда 2015 жылы оның орнына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң бекітілді. Осы өзгерістер нендей қажеттіліктен туды және бүгінгі таңда ол өз тиімділігін көрсете алып жүр ме?
— Өте орынды сұрақ. Бұл өзгерістер ең әуелі мемлекетіміздің тиімді тұстары үшін енгізілді. Яғни жаңа қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңнан басты айырмашылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтың жаңа көріністерінің енгізілгендігінде болып отыр. Осы орайда оның бағытын қадағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметімен уәкілетті орган айналысатындығын айта кеткен жөн. Әрине, олардың жұмысы тек мұнымен ғана шектелмейді. Айталық, олар «сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекел», «жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы мониторингтерді ұйымдастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа азаматтық қоғамды кеңінен тарту мен талдау шараларын жүргізеді.
Жалпы жаңа заңнан кейін Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мен жемқорлыққа қарсы Ұлттық баяндама дайындалды. Тағы бір айта кетерлігі, ол мемлекет басшысының қарауына енгізілді. Атап айтқанда, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты назар оның алдын алуға, мемлекет пен қоғам күшін сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға ден қойылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» Заңның жеке ережелерін талқылауға Гонконг, Сингапур, АҚШ, Корея, Ұлыбритания және Италия сарапшылары қатысып, оң баға берген болатын. Бұдан бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі жемқорлықтың салдарымен ғана күресуге және кінәлі адамдарды жазалауға бағытталса, қазір елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына да елеулі түзетулер енгізілді. Яғни жаңа заң жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты назар оның алдын алуға, мемлекет пен қоғамның күшін сыбайлас жемқорлықтан барынша азайту жолын ұштастыруға бағытталған.
Осы орайда, заңда белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі мәселелерді айтпай кетсек болмас. Олар:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен құқық бұзушылықтың себептерін анықтау арқылы жүзеге асады.
Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін керек. Сол себепті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты мақсаты қоғамда асқынып тұрған дерттің салдарын анықтау болып табылады. Міне, осы себептерден кейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң болып өзгертілді. Аз уақыттың ішінде жаңа заңның тек тиімді тұстарын көріп келеміз.
— Президент Жарлығымен 2015 жылы 29 желтоқсанда әдеп жөніндегі кодекс қабылданды. Оның негізгі талаптары, мақсаттары мен мінез-құлық стандарттарына тоқталып, оның қаншалықты орындалып жатқандығын айтып өтсеңіз.
— Әдеп кодексі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мен мемлекеттiк қызметшiлердiң iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру мақсатында қабылданды.
Жалпы, Әдеп жөніндегі Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Әдеп жөніндегі Кодекске сәйкес мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер енгізілгендігін білеміз. Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметтің әдеп нормаларының сақталуын қадағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін қамтамасыз ету қызметін жүзеге асырады. Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі қызметі – мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсете отырып, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал ететіндігін баса айтып келеді.
Сондай-ақ, бұл жаңа кодекс, аты айтып тұрғандай, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуына негізделген. Нақтырақ айтар болсам, кез келген мемлекеттік қызметші өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде басқа да мемлекеттік қызметшілердің қызметін пайдаланбауға, шындыққа келмейтін мәліметтерді таратпауға міндетті.
Жалпы, жыл басынан бері департаментте Әдеп жөніндегі кеңестің 5 мәжілісі өткізіліп, мемлекеттік қызметкерлердің қызметтегі тәртібіне қатысты 16 мәселе қаралды. Олардың ішінде Әдеп кодексінің қағидаттарын сақтамағаны үшін 3 қызметкерге сөгіс, Мемлекеттік қызмет заңына сәйкес 3 қызметкерге ескерту беріліп, 2 қызметкер жұмыстан босатылды.
— Елбасы ұсынған бес институционалды реформаны жүзеге асыру аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құру белгіленген болатын. Әрине, оның мемлекеттік орган қызметінің сапасын жақсартып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттырары даусыз. Дегенмен, осы аталған мәселелерге байланысты мемлекет басшысының тапсырмасы қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың баршаға арналған Ұлт жоспары қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппарат құрып, оның алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталғаны белгілі. «100 нақты қадам» жоспарының бірінші бөлігі де осы мәселеге арналған. Осыған орай, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында мемлекеттік қызметкерлердің мансаптық өсу моделіне көшудің құқықтық негізі нақтыланғандығын айта кеткім келеді. Яғни бұл Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі аясында «мансаптық өсу» меритократия қағидаты арқылы оңтайлатылған тәртіппен жүзеге асырылады. Мұны бір жаңалық деп қарауымызға болады. Қазір еліміз мемлекеттік аппарат құру мен кадр саясаты мәселесіне басты ден қойып отырғанын да білесіздер. Оның ішінде, қызмет сатысымен өсу, жалақы төлеу жүйесі, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері өзекті болып тұр.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мемлекеттік қызметтің рөлін күшейтіп, сыбайлас жемқорлықпен күрес жолына бағытталды. Бұл Елбасының көреген саясатының тағы бір көрінісі деп білеміз. Мемлекеттік органдардың сапасын бақылау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу арқылы мемлекеттік саясатты іске асыру — біздің басты міндетіміз.
Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін қалыптастырумен айналысады. Олар да конкурс арқылы таңдалынады. Конкурсқа төменгі лауазымдардағы тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер қатысып, мемлекеттік органның қызметкерлері арасынан (әңгімелесу арқылы) үміткерлер іріктелініп алынады. Лайықты үміткерлер болмаған жағдайда басқа мемлекеттік органдар арасынан іріктелінеді. Ішкі конкурсты өткізу Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің интернет жүйесінде жарияланады. Конкурсты өткізу мерзімі екі есе қысқаратын (бұрын кем дегенде 25 жұмыс күні болса, қазір 7 немесе 10 жұмыс күні) болады. Ішкі конкурсқа үміткерлер болмаған жағдайда, жалпы конкурс белгіленген тәртіпке сәйкес Министрліктің немесе оның аумақтық құрылымдарының келісімімен жеке немесе квазимемлекеттік ұйымдары азаматтарының арасында өткізілуі мүмкін.
Мемлекеттік органның төменгі лауазымдық қызметіне қабылдау үшін үш кезеңнен тұратын жалпы конкурс арқылы жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде: үміткер заңнамаларды білу жөнінде тест тапсырады, екінші кезең — үміткердің жеке қасиеттері мен білімі мен біліктілігін бағалау, үшінші кезең — арнайы профилді білімі мен біліктілігі жөнінде әңгімелесу өткізу.
Мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде 3 айдан 6 айға дейін сынақ мерзімі белгіленіп, тәжірибелі тәлімгер бекітіледі. Сынақ мерзімінен өте алмай қалған қызметкер өкілетті органның келісімімен жұмыстан босатылады. Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары кәсіби қызметтік жоғары деңгейінің арқасында конкурсқа қатыспай, қай жағынан болса да, басқа қызметке ауыса алады. Қызметкерлерге арнайы құрылған әлеуметтік қордан қызметтік пәтер бөлінеді. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің атқарған қызметінің нәтижесіне қарай еңбекақы төлеу 2017 жылдан бастап жоспарланып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің атқарып отырған міндеттері мен мамандық талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің барлығы үшін аттестация жүргізіледі.
Жоғарыда аталған мәселелер мемлекеттік қызметшінің ынтасы мен кәсіби деңгейін арттыра отырып, өзіне жүктелген кез келген міндеттемелерді жүзеге асыруда оңтайлы шешім қабылдай алады. Сондықтан ол жаңа заң бойынша мемлекеттік қызмет саласын өз деңгейінде жетілдіріп, қазіргі талапқа сай, халыққа сапалы әрі тиімді қызмет көрсетуде маңызды рөл атқарады.
Сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында еліміздің жарқын болашағына бағытталған құқықтық заңнамалар мемлекеттік қызметкерлердің өз ісіне деген әділ де адал болуына үндейді. Осындай мансаптық модель жас мемлекеттік қызметшінің психологиялық тұрғыда бейімделуіне әрі оның кәсібилігінің артуына, болашаққа сенімді түрде қарауына және мемлекеттік қызмет аясында ұзақ мерзімді мансаптық өсуді жоспарлауына өз септігін тигізеді. Бұл Елбасы ұсынған бес институционалды реформаны жүзеге асыру аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мемлекеттік орган қызметінің сапасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуына дәнекер болып отыр.
— Бүгінде әлеуеті зор белсенді жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтары мен ынтасы күн санап артып келеді. Осыған байланысты мемлекеттік қызметке тұрудың негізгі талаптары, шарттары мен шектеулері жөнінде қысқаша түсіндіріп берсеңіз.
— Расында, қазіргі таңда ерік-жігері мықты, білімді жастардың қатары жыл өткен сайын көбеюде. Олардың мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуына мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Дегенмен, мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасқысы келетін кез келген тұлға, ол жас, кәрі болсын, ең алдымен мемлекеттік тілде сөйлеп, ел игілі үшін еңбек етсін. Ал мемлекеттік мүддені ойламайтындар мемлекеттік қызметте болмауы керек деп есептеймін. Абыройлы міндет қай кезде де адал атқарылуы керек. Заңнамалық тесттен өтпей қалса да, бірнеше рет тапсырып барып жұмысқа қабылданатын жастардың талабы мен құлшынысын өз басым жоғары бағалаймын.
Мәселен, өткен жылы Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызметке баратын үміткерлер заңнамалық тесттен өтуде 28 пайызды құраса, биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш 44,6 пайызды құрады. Тест тапсырудың бұрынғы бағдарламасы бойынша тесттен өте алмай қалған үміткер 3 айдан кейін қайта тапсыруға мүмкіндік алатын болса, қазіргі мерзімі 2 ай. Сондай-ақ, «Б» корпусы бойынша 2 балл жетпей қалған жағдайда апелляцияға шағымдануға мүмкіндігі бар.
2016 жылдың 5 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін 1647 азамат тест тапсырды, оның ішінде 734-і — қанағаттанарлық, тапсыра алмағаны — 913. Жеке қасиеттерін бағалау үшін тестілеуден өткендер 841 үміткерді құрады.
Мемлекеттік қызметке тұрудың негізгі шарттары, талаптары мен шектеулері «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында нақты көрсетілгендей, мемлекеттік қызметке орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылатындығы белгілі.
Бастысы, мемлекеттiк қызметке тұру кезiнде шығу тегіне, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi.
Ал зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарды мемлекеттік саяси лауазымға тек Қазақстан Республикасының Президенті ғана тағайындайды. Мемлекеттік қызметке қабылдану кезінде азаматтар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін және соған негізделген беделін жеке басының, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға алып келуі мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдайды. Бұл шектеулерді персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жазбаша нысанда тіркейтіндігін айта кеткен жөн.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке орналасу үшін тәртіп жағынан бақылау күшейтіліп, «командалық ауыс-түйістерге» тосқауыл қойылғандығы белгілі. Яғни ендігі кезекте мемлекеттік қызметке орналасушылар 3 кезеңдік іріктеуден өткеннен кейін барып жұмысқа қабылданатын болады. Осыған байланысты арнайы кодекс қабылданғандықтан, бір органнан екінші бір органға жұмысқа ауысу жойылады. Бұл мүмкіндік тек саяси мемлекеттік қызметкерлердің кеңесшілері, көмекшілері және баспасөз хатшылары үшін ғана сақталады.
— Департамент тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен оның алдын алу шараларына қатысты қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, ескерту жүйесін және құқық бұзушылықты туындататын себептер мен жағдайларды азайту мақсатында Департамент тарапынан Алматы қаласының 8 ауданы, Алматы қаласы әкімдігінің басқармалары, құқық қорғау органдары, білім, медицина, әлеуметтік сала қызметкерлерінің және квазимемлекеттік мекемелері, Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 153-тен астам семинар-кеңестер, конференциялар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, брифингтер, тікелей желілер, флешмобтар өткізілді.
Оның ішінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары мен Әдеп кодексінің негізгі мақсаттары, міндеттері, қағидаттары мен бағыттарын халыққа толық түсіндіріп, жеткізу үшін сала бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті мен Білім басқармасының ұйымдастыруымен қаланың білім мекемелерінің 9-11 сыныптары арасында «Мемлекеттік қызмет — елдің мүддесіне адал еңбек» атты тақырыпта қалалық шығарма және 5-8 сыныптар арасында «Адал және сатылмайтын еңбектің бейнесі» атты тақырыпта қалалық сурет байқауы;
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институционалды реформасы аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы мақсаттар мен міндеттерді насихаттау мақсатында Департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық — қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімге негізделген маңызды кәсіби стандарт» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың және діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен қалалық деңгейдегі сұхбат алаңы;
Білім, Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Қаржы, Мәдениет басқармалары мен Алматы қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтары бірлесе отырып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет — мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттің әлеуметтік-мәдени функцияларын іске асыру негіздерінің бірі» атты конференция;
Алматы қаласы бойынша Департаментінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы әкімдігі мен қаланың 8 ауданы әкімі аппаратында «Мемлекеттік қызмет — өмірлік ұстаным» атты дөңгелек үстелдер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Кәсіби мемлекет үшін кәсіби кадрлар» атты мемлекеттік қызметтің жаңа моделін таныстыру жөніндегі брифингтер өткіздік.
Ал сол ұйымдастырылған шаралардың барлығы дерлік бұқаралық ақпарат құралдарында мақала, сұхбат, арнайы репортаж, хабарлама түрінде жарияланды.
Сондай-ақ, Алматыдағы үкіметтік емес ұйымдар арасынан беделді 24 ұйыммен сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алуға бағытталған іс-шараларда бірлесіп жұмыс жүргізу бағытында Республика деңгейінде Агенттік әзірлеген Ынтымақтастық туралы Ашық келісімге қаладағы белсенділігі жоғары азаматтық қоғам институттары арасынан «Халықаралық ақпараттандыру академиясы», «Алматы кәсіподақтар ұйымы», «Алматы Азаматтық альянсы», «Халықаралық құқық қорғау орталығы» т.б. қоғамдық ұйымдармен және жеке тұлғалармен 50 ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Сонымен қатар, 172 заңды тұлға және 948 жеке тұлғалар Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің жанында қызмет атқаратын www.adaldyk.kz сайтын іске қостық. Тағы бір айта өтерлігі, қаланың орталық көшелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сауаттандыру шараларына қатысты 10 әлеуметтік билборд орналастырылды.
Жыл басынан бері Департамент тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау 6 мемлекеттік органда жүргізілді. Нәтижесінде, 38 мемлекеттік қызмет көрсету, 38 стандарт пен 31 регламент қаралды.
Сондай-ақ, осыған байланысты 12 мемлекеттік мекемеде 22 ұсыныс берілді. Оның ішінде 9 мекеменің конкурсы кері қайтарылып, 50 млн. теңге үнемделді.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл