САРЫСУДАҒЫ САЛТАНАТ

Бүгін елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын бірегей белгісі – Мемлекеттік рәміздер күні.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Биыл мемлекетіміздің негізгі нышаны рәміздерге – 32 жыл толды.
Рәміздер қабылданған бұл күннің тарих бетінде алтын әріптермен қалатыны сөзсіз.
Бүгін осынау айтулы мерекеге орай, таң сәріден автошеру ұйымдастырылып, Жаңатас қаласының орталық көшелерін тұлпар мініп ту ұстаған жігіттер аралап өтіп, Орталық алаңға келді.
Орталық алаңда мерекелік шара өтті.
Алдымен орталық алаңға Ту енгізіліп, Әнұран шырқалды. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов жиналғандарды мерекемен құттықтады.
«Елтаңба, Ту, Гимн қазақ елінің барша болмысын, бүгіні мен ертеңін бойына сіңіріп, жүрегімізді мақтанышқа толтырады. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Сондықтан, рәміздерді жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады. Әнұранның орындалуы мен Көк байрақтың көтерілуі жастар бойындағы елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімдерін нығайта түсетіндігіне біз сенімдіміз», — деген аудан басшысы Туымыз тұғырлы, Елтаңбамыз еңселі болып, Әнұранымыз асқақ шырқалсын деген тілектестігін білдірді.
Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік шаралар барлық ауылдық округтерде өткізіліп жатыр.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі