МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРГЕ АРНАЛДЫ
«Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан аумағындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) және көрнекі ақпарат құралдарын орнату, орналастыру бойынша семинар өтті.
Аталмыш кездесуге аудан әкімдігінің бөлім мамандары, ауыл, ауылдық округ әкімдері аппаратының мамандары және мемлекеттік мекемелердің жауапты мамандары қатысты.
Семинарды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерді пайдалануды реттейтін заңнамалық актілерге тоқталып, рәміздерді стандартқа сәйкес орналастыру және пайдалану, жарамсыз Елтаңбалар мен Туларды жою ережесімен таныстырып өтті. Заңнамаға сәйкес Туды және Елтаңбаны ғимарат сыртына орналастыру, тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұру міндеттілігі туралы толықтай түсінік берді.
Аудан көлемінде комиссия тарапынан зерделеу кезінде анықталған кемшіліктердің қатарында, мемлекеттік Ту тұғырының сыры кеткені, маңдайшалардың орналастыру реттілігіне мән бермеу, кемінде аптасына бір рет шаңдарын сүртіп, тазалап отыру, Туды түнгі жарықпен қамтамасыз ету, Мемлекеттік рәміздерге жауапкершілікпен қарамауы сынды мәселелер бар.
Сондықтан еліміздің басты нышандары болып табылатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалануда жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Зерделеу барысында анықталған кемшіліктер бойынша 20 күн мерзім аралығында орын алған кемшіліктер қайта қалпына келтірілмесе, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодексінің “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына қойылатын ұлттық стандарттарды бұзу” жөніндегі 418-бабына сәйкес, айыппұл салынатыны қатаң ескертілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандар туралы заңнамасын бұза отырып пайдалану (орнату, орналастыру-ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға-бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға-он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік)-жеке тұлғаларға-елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға-бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатындығы айтылды.
Жиын соңында Баян Дәулетбаева мен Мадина Сейітқазиналар сұрақтарын қойып, тиісті жауаптармен қанағаттандырылды.
«Ауыл жаңалығы» — ақпарат.