Мемлекеттік сатып алу конкурстары қатаң бақылауда болады
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Шаһар басшысы қала әкімдігіне қарасты бөлім жұмыстарын жеке-жеке тыңдап, тиісті тапсырмаларын берді.
Ең әуелі Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков пен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев сөз алып, ағымдағы жылдың қаңтар айына қойылған қазына қаржысы мен құрылыс нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу барысын баян етті. Қала әкімі қаржы бөлімінің басшысына әрбір тиынды мақсатты жұмсауды тапсырса, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысының жұмысына бірқатар ескертпесін айтты.
– Енді 100 пайыз құжаты дайын болмай, тиісті жобалар мемлекеттік сатып алу конкурсына жіберілмейді. Сондықтан уақытылы құжатын дайындамаған басшыларға тәртіптік жаза қаралады, – деген қала әкімі бөлім басшыларына қатаң ескертуін жасады.
Келесі кезекте қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова баяндама жасап, 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын кеңінен насихаттау мақсатында қалалық желілік кесте бекітілгенін тілге тиек етті. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, кестеге сәйкес қалада 254 шара ұйымдастырылып, оған 20 424 адамды тарту көзделуде екен. Ал желілік кестенің өзі «Дайындық кезеңі», «Жұмылдыру кезеңі», «Үгіт-насихат» және «Сайлаудан кейінгі кезең» сынды төрт бағыт бойынша жүргізілмек. Қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде кандидаттардың үгіттік баспа материалдарына арналған тақтайшаларды ретке келтіріп, LED экран мен билборд сынды күнтізбелік баннерлердің жұмысын жүйелеуді тапсырды.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек «Мейірім» жобасын жандандыру, мектеп жылуымен қатар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру сынды мәселелер де қаралып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді.
Тараз қаласының әкімдігі