Мемлекеттік тіл – қоғамды біріктіретін маңызды факторға айналуы қажет!

Жақында Қазақстан Халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Дархан Мыңбай мырза латын қарпіне көшу туралы өз пікірін білдіріп, «Елбасының тапсырмасы толығымен орындалуы шарт» деді.  Бұл туралы ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысында айтты.

«Алғаш рет мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру мәселесін Мемлекет басшысы 2006 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясында көтерген болатын. 2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «Қазақстан-2050» стратегиясын тұжырымдап, латын әліпбиі тақырыбын өзектендірді. Сондай-ақ, 2025 жылды латын әліпбиіне өтудің шекті мерзімі ретінде атап көрсетті», — деді ол.

Осы орайда Дархан Мыңбай қазақ тілінің латын әліпбиіндегі нұсқасы жылдың аяғына дейін жасалуы қажеттігін алға тартты.

«2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы қазақ тілінің латын графикасына кезең-кезеңімен өтуі, әрі жаңа графикадағы қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасын, осы жылдың аяғына дейін қабылдау бойынша жұмысты бастауға нақты тапсырма берді. Ғылыми сарапшылық кеңесінің және бүгінгі ҚХА мүшелерінің кеңейтілген мәжілісі президенттің осы тапсырмаларын орындауға арналады», — деді ҚХА төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу жұмысын жүйелі түрде жүргізу қажет.

«Бізге қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмысын жүйелі түрде жүргізу міндеті қойылған. Әліпбиді енгізу бойынша сатылап енгізу алгоритмі құрылады. Бұл ғылыми түрде негізделеді. Осы мақсатта мұғалімдер дайындалып, елді-мекендердегі азаматтар оқытылады. Ғылыми әдістемелік оқулықтар, мобильді қосымшылар дайындалады. Мұның барлығы жұмыс барысында ескеріледі», — деді Дархан Мыңбай.

Сөз соңында ол аталған жұмысқа ҚХА да белсене қатысатынын айтты.

«ҚХА осы жұмысқа белсене қатысатын болады. Бұл кейбір еліміздегі жағдайларға байланысты. Біріншіден, латын әліпбиіне көшу – «Қазақстанның рухани жаңғыруының» негізі саналады. Мемлекеттік тіл – қоғамды біріктіретін маңызды факторға айналуы қажет. Ал латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің динамикалы түрде дамуына жол ашады. Бұл Елбасының тапсырмасы сондықтан ол толығымен орындалуы шарт», — деп аяқтады ойын төраға орынбасары.

Айта кетейік, бүгін ҚР Ұлттық ғылыми академиясында Қазақстан Халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесі «Латын қарпіне көшу – біздің ортақ міндетіміз» тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті.

Мұратбек Ақанов

Abai.kz