МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ТЕЗИСТЕР

 

С.Ерғали, көсемсөзші,педагогика ғылымдарының магистрі

Мемлекеттік тіл проблемасы дамудың орнына кері кеткендіктен Қазақстандағы абсурдтық тақырыпқа айнала бастады. Ендеше, бұл — тіл проблемасына шешуге қажетті назардан да ерекше жағдай жасау керек деген сөз. Бізде проблеманы абсурдқа айналмай тұрып қана шешетін мүмкіндік қалды.

Мәселені шешудің төтесіне көшетін болсақ, бізге төмендегі мәселелерді міндет етуге тура келеді және аталмыш проблеманы мынадай салаларға жіктеу арқылы шешу қажеттігі туады:

1. Заңдаманы (заңдама – законодательство, заңдау – законодать, заңдаушы — законодатель+ный), мемлекеттік тіл пайдасына жақсарту;

2. Тілдер туралы заңдылықтың орындалуын бақылау шаралары;

3. Қаражатпен қамту жағы;

4. Тілді ғылыми дамыту мәселесі;

5. Тілді өмірге енгізу;

6. Тілдік насихат;

7. Тіл үйрету жөнінде;

8. Мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау;

9. Іс жүргізуді мемлекеттік тілге аумақтар бойынша емес, ведомостволар бойынша көшіру;

10. Тілді «электрондау» саясаты;

11. Балабақтағы тілдік тәрбие және мектеп бітірушілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі.

12. Мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі жұмыстарға мониторинг жасау.

Бұл міндеттердің әрқайсысы өзіне тән дәйектелген тұжырымдамасы болып,соның негізінде жасақталған программаның жүзеге асуымен өмірден көрініс табуы тиіс. Енді осыларға жекелей тоқталайық.

1.Заңдамалық сала бойынша

Атазаң мен «Тілдер туралы» және басқа да заңдарға мемлекеттік тілдің мәртебесін басқа тілдің мәртебесімен шатаспайтындай айқындап, тіл мәселесіне сай қажет болатын міндеттемелер мен құқықтарды және жауапкершілікті нақтылау жөніндегі түзетулер енгізу керек. Ол үшін айталық, Тілдерді дамыту комитеті жанынан заңгерлер тобын жасақтап, оларға 3 ай ішінде тілдің қатысы бар барлық сала бойынша заңдарға ревизия жасатып, қажетті өзгерістер мен толықтырулар жобасын әзірлету керек.

Әсіресе, қазырғы заңдылық бойынша мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің заңдық шынайы мәртебесі ондай мәртебе берілмеген орыс тілінің көлеңкесі ретінде қалып отыр. Оған итермелеп отырған бірден бір заңдық негіз: Конституцияның 7-бабының 2-тармағында айтылған: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» — деген ұйғарым орыс тілінің мемлекеттік тілмен мәртебесін теңестіріп, басқа жағынан 7-бабтың 1-тармағына қайшылық туғызып тұр. Тіпті, қоғамдық ортада орыс тілі ресми тіл деген түсінік орнығып қалды. Шындығында, «ресми тіл» мен «мемлекеттік тіл» ұғымдарының айырмашылығы жоқ және ресми тіл ұғымы заңдамада мәртебе ретінде айқындалмаған. Ал, «ресми түрде» деген сөзбен ресми мәртебенің айырмашылығын әлі күнге Конституциялық кеңес ажыратпай отыр. Аталмыш екі тілдің өз ара қатынасы айқындалмағандықтан сөз жүзінде мемлекеттік тіл қазақ тілі болса, іс жүзінде орыс тілі мемлекеттік тіл мәртебесін ығыстырып отыр. Қысқасы, заң бойынша Қазақстанда басты тіл мемлекеттік тіл ме, әлде орыс тілі ме, болмаса екеуі де қатар басты тіл ме деген мәселе заңдық жағынан дәл ме дәл нақтылануы керек. Ол үшін Конституцияның 7-бабының 2-тармағы былайша өзгеріске түскені жөн: «Мемлекеттік

ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қолданылуы мүмкін».

Сондай-ақ, кейбір заңдарда тіпті, ресми қолданылатын тілдерге жатқызылып жүрген мемлекеттік қазақ тілі орыс тілімен көз бе көз айырбастала бастаған тұсы бой көтере бастады. Мысалы, салық кодексінде 69-бап 2-тармақтағы:

«Салық есептілігі қағазда және (немесе) электрондық көздерде мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде жасалады» деген сөйлемдегі «немесе» сөзі салық органдарындағы мемлекеттік тілді орыс тілі көз бе көз ауыстырып отыр және бұл Конституция мен «Тілдер туралы» заңдағы қазақ тілі мен орыс тілдерінің ара қатынасын білдіретін «және» деген сөзді «немесе» сөзімен алмастыру арқылы жүзеге асып отыр.

Осы жайттарды ескере келіп, заңдылық бойынша мына шараларды қолға алу керек:

— Тіл мәртебесіне қатысты делінетін Қазақстан заңдары мен нормативтік актілердің барлығы конституциялық жағынан сәйкестігі қаралып, қырын кеткендері сәйкестендірілуі тиіс;

— Мемлекеттік тіл мәртебесі аса қажетті саналатын заңдардың («Азаматтық кодекс», «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Дипломатиялық қызмет туралы», «Үкімет туралы» және т.б.) барлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек.

2. Тілдер туралы заңдылықтың орындалуын бақылау шаралары

Қазіргі кезде «Тілдер туралы» заңның орындалуы тыңғылықты түрде ешбір мемлекеттік орган тарапынан бақыланатын түрі жоқ. Тіл полициясын немесе инспекциясын құру жөніндегі бастама аяқсыз қалуда. Алайда, қазіргі Тілдерді дамыту жөніндегі комитетте аталмыш құзыр белгілі бір деңгейде берілген. Сонымен бірге мұндай бақылау прокуратура жүйесінің де тікелей міндеті екені рас. Негізінде мемлекеттік органдарды бақылау шараларына барынша міндеттеудің жолы қоғамдық ұйымдардың азаматтық бастамалары арқылы заңның орындалуын бақылауға алу. Бұл мақсатта оларға мемлекеттік тапсырыс берумен атқартуға болады.

3. Қаражатпен қамту жағы

Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейдегі қаржыландыру көзін жасақтаумен, яғни Тілдер ісі жөніндегі ұлттық қор құру болмаса мемлекеттік бюджеттен арнайы шығын бабын тағайындау арқылы жүзеге асуы қажет.

«Тілдер туралы» заңды жүзеге асыру үшін ешбір қаражат мәселесімен қамтылмаған, соған сәйкес оның іске асырылуы да сәйкес түрде дағдарып келді. Қазіргі мемлекеттік тіл мәселесі мемлекет тарапынан қамқорлық болуға тиіс айырықша өзекті мәселенің бірі болып танылатын уақыты өтіп барады. Сондықтан қазақ тілінің қазіргі ахуалын мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіретіндей қаражат көзі нақтылануы тиіс. Ең дұрысы, мұнайдан түсетін табыстың белгілі бір пайызы шоғырланатындай Тілді дамыту жөніндегі Ұлттық қор құрылуы керек, саясатымыз оған қауқарсыз болса, Қазақстан үкіметіне қарасты тілдік қаражат қоры құрылғаны дұрыс. Тіпті, мұның бәріне шама жетпесе, Тілкомға бағынышты Республикалық Мемлекеттік кәсіпорын құрылып, оған мемлекеттік барлық бланкілер мен құжаттардың үлгісін жасақтау және көбейтіп тарататындай мемлекеттік монополиялық құзыр, сондай-ақ мемлекеттік тілді ғылыми жағынан үздіксіз жетілдіретіндей міндет жүктелуі тиіс. Сөйтіп, тілдің өзін өзі қаржыландыру үлгісін мемлекеттің өзі көрсетіп, қазақ тілінің масыл емес, табыс тілі бола алатын жағдайын дүниеге әкелген мақұл.

Тіл үшін табыс көзі саналатын қазақ тілді БАҚ тарапына бағытталған мынадай талапты енгізу керек:

— жарнама беруші өзінің жарнамаға бөлген қаражатының кемінде жартысын мемлекеттік тілде жасақтап, таратуға міндетті.Бұл жерде «жарнамалаушының (рекламодатель) құқы аяққа тапталады, ол қай тілде бергісі келсе, жарнаманы сол тілде беруі керек» деген лебіз қазақтілді адамдардың құқы қалай тапталса, олай тапталсын,

онда шаруамыз жоқ дегенмен пара пар. Мұндай талап, қазақ тілді БАҚ-тарға қаржыны науадай құятыны белгілі. Сөйтіп, қазақтілді БАҚ-тардың дамуына экономикалық негіз пайда болады.

4. Тілді ғылыми дамыту мәселесі

Қазақ тілін басты үш ғылыми сала бойынша: терминология, орфография және орфоэпия тарапынан түбірімен қайта қараудан өткізу мәселесі.

Терминология мәселесі «терминком» аталатын бір топ адамның көзқарасымен емес, ең әуелі нақты терминдерге деген тапсырыстар жасалып, ол баспасөзде жарияланып, оған халық тарапынан баламалар ұсынылып барып, соны сұрыптау мен сараптауды әлгі терминком қарап, терминді 1 жылдық халық пен уақыттың тезінен,сынағынан өткеннен кейін ғана бекітілетіндей шешілгені жөн.

Қазақ тілінің ғылыми салаларының ішіндегі орфографиялық, орфоэпиялық және терминологиялық мәселелерін қамтыған бөлігін академиялық ғылыми құрылымнан (Тіл білімі институтынан) бөліп, Тілком жанынан үкіметтік (мемлекеттік) ғылыми орталық (МҒО) құрған жөн. Мұндай құрылым қазақ тілі мәселесін құрғақ қана ғылыми объектіден гөрі практикалық қолданыс объектісіне айналдыруға қолайлы және өлі ғылыми тұжырымға жол жабылып, тілдің тірі тұрпатын жандандыратын бағытқа бетбұрыс жасатады. Сөйтіп, Терминологиялық комиссия әлгі үкіметтік ғылыми орталықтың ажырамас бөлігі болады да, оған субъективизмге ұрындыратын санаулы оқымыстылардың жеке пікірінен термин тудыруына жол жауып, терминді мынадай сатыдан өткізіп барып бекіту механизмін орнату керектігі туындайды:

· Қазақтілді гәзиттер арасында МҒО жарияланымы басылатындай конкурс ұйымдастырылғаны мақұл;

· белгілі бір терминге баламаның қажеттігі туралы ұсыныс пен сұраныс әлгі гәзит арқылы өз аргументімен дәйектеліп жариялануы қажет, яғни терминді баламалау сұранысы, астыртын емес қоғам алдында жүріп отыруы тиіс;

· содан соң әлгі терминдік сұранысқа Терминком баламалық ізденіске тоқсандық мерзім бойы екшем (конкурс) жариялайды да, оған ғалымдардан басқа қарапайым жұртшылық та қатыстырылады;

· тоқсан бойы әбден талқыға түскен баламалар жөніндегі дәйектерді Терминком елеп-екшеп, ішінен таңдалған баламаны тағы бір тоқсандық сынақ мерзімге тағайындайды, сынақ мерзім ішінде әлгі баламаның термин болуына қомақты қарсылық болмаса оны түпкілікті бекітеді. Сынақ мерзім ішінде әлгі сынаулы ұғымсөздің қазақы баламасын жақша ішіне қосалқы түрде көрсету жүргізілгені дұрыс. Сөйтіп, сол арқылы кез келген оқырман оның болашақ ұғымсөздің «кандидаты» екенін біліп, жолшыбай танысып әрі сынап отырады. Осындай халықтың қатысы мен ғылыми сараптамадан өткен сөздер ғана ұғымсөз (термин) ретінде тіліміздің айналысына түсіп жатса, қазіргі масқара халықты жирендіретін ұғымсөз (термин) туындамас еді.

5. Тілді өмірге енгізу.

Мемлекеттік тілдің қоғамдық және мемлекеттік өмірге енгізілуіне сәйкес түрде механизм жасақталуы керек. Тілдерді дамыту жөніндегі комитет мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі комитет (МТЖК) болып қайта құрылғаны жөн, ал басқа этностардың тілін сақтау міндетін ұлттық орталықтардың құзырына беруге болады, өйткені, этностар тілі мемлекеттік міндет болғанымен, ол мәселенің мемлекеттік мәртебесі жоқ. Сондықтан ол міндетті Қазақстан халықтары ассамблеясының қызметі (ҚХА) ауқымында атқаруға болады. Тіпті, ҚХА хатшылығын Қазақстан этностарын этностық-мәдени даму жөніндегі мемлекеттік комиссия ретінде қайта құрған жөн болар еді. Сөйтіп, осы құрылым арқылы

ел этностардың мәдени-тілдік қажеттерін өтеуге, жоғарыда ұсынылған Тілдерді дамыту қорынан ұлттық орталықтарға конкурс арқылы грант бөліп отыруға мүмкіндік туады. Қазыр ҚХА арқылы ешбір конкурссыз таратылған қаржылардың тиімділігі бар деп айтуға болмайды. Өйткені, оны ұлттық-мәдени орталықтардың аз тобы өз беттерінше тиімсіз пайдаланып жатқан сыңайлары бар.

Тіпті, мұндай МТЖК жанында мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерді бланкамен қамтитындай баспаханасы, орфографиялық, орфоэпиялық және терминологиялық салалар бойынша консультациялық орталыққа дейін қызмет етуі қажет.

6. Мемлекеттік тілді насихаттау

— оның мәртебесін қоғамдық, азаматтық өмірде нығайта түсумен пара пар шаруа. Бұл міндет — тілдің мәдениетпен, өнермен, БАҚ-мен, бұқара тірлігін қамтитын кез келген әрекетпен байланысты жайттарға қатысты шаралар ұйымдастыру деген сөз. Бұған қазақтілді радио, теледидар, кино, концерт, тіпті, ұлттық спорттың дамуы да ықпал ете аларлық сала деп қараған жөн.

Осы мәселеге кеңірек қарап, қазақтілді журналистика орталығын ашқан дұрыс деп ойлаймын. Бұл орталық аталмыш журналистика проблемаларын анықтап, олардың шешумен айналысып отырғаны ләзім. Өйткені, тілдің ықпалы мен көрінісі қазіргі заманда тек қана БАҚ арқылы жүзеге асады.

Тілдік насихат саласына қай тілдің де абыройы мен беделін арттыратын айналыстағы барлық әрекеттерді атауға болады және бұл әрекеттердегі неғұрлым сапалы болған сайын насихат тиімділігі соғұрлым жоғары болмақ. Мұндай әрекеттерге мысалы, қазақ еместер мен орыстілді қазақтардың және беделі мен абыройы әлемдік деңгейдегі адамдардың қазақша сөйлеуі мен қазақша өнер көрсетуі жатады. Әсіресе, елде болып жатқан түрлі мәдени шаралар орыс тілінің билігімен жүріп жатқандығы жасырын емес. Бұл шаралардың сипаты мемлекеттік немесе жеке болғандығына қарамастан, оларды қоғамдық мәдени шара ретінде танып, қай тілде жүргізілетініне қатаң талап қоятын мезгіл жетті. Мәселен, «Азия дауысы», «Жас қанат», «Суперстар» т.б. екшемдер мен фестивалдардың Ресей шараларын Қазақстанға әкеліп өткізіп жатқандай әсері бар.

7. Тіл үйрету жөнінде

мемлекеттік тілді меңгерудің ЖАҢАША Т Ұ Ж Ы Р Ы М Д А М А С Ы Н ұсынамыз. Бұл тұжырымдама бойынша тіл игерушілер 4 сатыдан тұратын топтасуға жіктелмек:

а) ауызекі тілді(түсінетіндер үшін) ұғыну тобы;

ә) ауызекі тілді меңгеру (сөйлей алатындар) тобы;

б) жазба тілді (түсінетіндер үшін) ұғыну тобы;

в) жазба тілді меңгеру (жаза білетіндер) тобы.

Осылайша жаңаша тұжырымдама (ЖТ) тіл игерушіні де, игертушіні де, аталмыш сатылардан толық өткен үйренуші тілді толық меңгеру мүмкіндігінен өтуі тиіс деген міндет атқаруға итермелейді. Сондай-ақ, бұл тұжырымдамаға негізделіп құрылған программа да өзіне сәйкес түрде төрт міндет қабылдауға бейімделеді. Дәлірек айтқанда, ЖТ өзіне негізделіп жасалатын программаның да сәйкес түрде 4 сатыдан тұруын талап етеді. Олар:

— ауызекі тілді ұғындыру (АТҰ) программасы;

— ауызекі тілді меңгерту (АТМ) программасы;

— жазба тілді ұғындыру (ЖТҰ) программасы;

— жазба тілді меңгерту (ЖТМ) программасы.

Тіл саясаты – елдегі айырықша мәселе болғандықтан, оны шешуге ерекше көзқарас қажет. Біздің ойымызша қабылданған тілдер туралы заңды іске асыратын саяси сайман жеткіліксіз.

8. Мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау.

Бұл міндет жоғарыда аталған 4 саты бойынша жүргізілгені мақұл:

а) ауызекі тілді ұғу қабілеті бар екендігі;

ә) ауызекі тілді сөйлеу қабілеті бар екендігі;

б) жазба тілді оқу қабілеті бар екендігі;

в) жазба тілді меңгергендігі жөнінде әрбір қызметкерге сәйкес қабілетіне орай сертификат беріліп, одан бұл талап қызметкердің мемлекеттік міндетті атқарудағы сапасының бірі ретінде мойындалғаны абзал. Бастапқы кезде бұл критерилер ешбір міндет жүктемесе де оны тіл бойынша мониторинг жасаудағы сүйенетін талаптар болуы тиіс.

Әр облыстағы 20-30 адамдық тілдерді дамыту басқармалары аталмыш заңды іске асыру құралы бола алмайды. Сондықтан бұған экономикалық сайманды іске қосу керек. Бұл міндетті атқарысуға ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік бірге жұмылдырылуы қажет. Мемлекеттік органдарда шын мәніндегі қос тілділік болмай мемлекетке мемлекеттік қызметкерлердің ниеті оңды болмас, сондықтан оларды биылдан бастап қостілділік талабына аттестациялау қажет. Айталық, әр категория үшін табыс салығын 1 процентке азайтса, екі тілді меңгерген адамның бір тілдіге қарағанда 4 процентке табыс салығы азаяды. Ал, мұны ішкі саясат үшін пайдалансақ, яғни, жалпы қазақстандықтарға жайсақ, онда қазақ тілін үйренушілер легі көбейеді. Сұраныс көбейсе, үйрету әдістемелерінің де талай жетілген түрі шығады. Егер де әрбір тілдік категорияны игеруге белгілі бір уақыт тағайындалса, онда істі мемлекеттік тілге көшіру қазіргідей ішекше шұбатылмайды, бас –аяғы 2-3 жылда бүкіл ел бойынша бір мезгілде жүзеге асар еді.

9. Іс жүргізуді мемлекеттік тілге ведомостволар бойынша көшіру.

Бұл саладағы тағы бір дұрыстайтын жайт, мемлекеттік тілге көшірудің аймақтық ауқым бойынша енгізілудің тиімді еместігі және бір де бір облыста әлі күнге іс жүргізуді мемлекеттік тілге толық көшірудің жүзеге аспағандығын жасыра алмаймыз. Бұған кедергі – ведомостволық мүддеде жатыр. Сол себепті мемлекеттік тілге көшу аймақ бойынша емес, ведомоство бойынша жүзеге асырылуы керек.

Бұл мәселені жүзеге асыру қазырғы Мәдениет және ақпарат министрлігі қарауындағы Тіл комитетін өз алдына мемлекеттік құрылым ретінде бөлек шығаруға мәжбүр етеді.

10. Тілді «электрондау» саясаты

Қазырғы кезде электрондық коммуникация аса маңызды рөл атқарып тұрғаны белгілі. Бұл жағдайда мемлекеттік тілдің электрондық кеңістікте еркін қолданылуын мүмкін болдырмай отырған бірнеше мәселе бар кендігі аян. Сондықтан бұл мақсатта ғылыми-техникалық мәселелерді шешетіндей және тиянақты жұмыс атқару тағы да МҒО–қа жүктелген болар еді. Бұл міндет аясында қазақ тілінің жаңа әліпби мәселесін шешу, оны «электрондаудағы» қажетті қыруар шараларды жүзеге асыруға әбден болады. Тіпті, жаңа әліпбиді электрондық кеңістікте қазырдан бастап сынаққа салуға әбден болады, оның былайғы өмірге ешбір кедергісі не кесірі жоқ. Ол үшін жаңа әліпбиге негізделген порталдар жасақтап қолданысқа енгізе берген жөн. Бірақ ол үшін тиянақты түрде әліпби мәселесін шешіп алу керек.

11. Балабақтағы тілдік тәрбие және

мектеп бітірушілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі

Қазақстандағы балабақтардың тілді меңгеруі бұрынғы кеңестік тұжырымға негізделген, яғни, балабақша қазақтілді болса, қазақ тілінде, орыстілді болса, орыс тілінде тәрбиелеу етек алған. Сәбиханалардағы тәрбиелеудің бұл тұжырымы қазырғы Қазақстанға түбірімен жарамайды. Бұл салада жаңа көзқарасқа негізделген «Балаларды

балабақта тілге тәрбиелеудің жаңа тұжырымдамасы» жасалуы керек. Бұл тұжырымдама бойынша қазақтілді емес балабақтардың барлығында да мемлекеттік тілді сәбилер ауызекі сөйлей алатын деңгейдегі тәрбие әдістемесі жасақталып, қолға алынуы тиіс. Яғни, Қазақстан сәбилерінің тілі кемінде екі тілде шығатындай тілдік тәрбиені қолға алатын уақыт жетті.

Мектеп бітірушілер қай тілдегі орта білім беру мектебін бітіргеніне қарамастан, ел бойынша мемлекеттік тілді меңгергені жөнінде бірегей емтихан тапсырып, мына категорияларға жіктеліп, оларға мына талаптар ескерілген сертификаттар берілуі керек:

а) ауызекі тілді ұғу қабілеті бар екендігі;

ә) ауызекі тілді сөйлеу қабілеті бар екендігі;

б) жазба тілді оқу қабілеті бар екендігі;

в) жазба тілді меңгергендігі жөнінде. Берілген сертификат бітірушінің одан әрі білім не қызметке орналасуына негіз болып табылуы керек.

12. Мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі жұмыстарға мониторинг жасау

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі құрылымдарының сай ма сай екендігіне көз жеткізу мақсатымен олардың барлығын да сәйкес құрылымдардың қауқарын тексеріп, мониторинг жасау қажет. Мәселен, заң шығарушы Парламенттің өзі қазақтілді заңдарды даярлау мен шығаруға қажетті құрылымнан жұрдай болып отыр. Өйткені, заңжобаның барлығы орысша жасақталып, бірнеше сатыдан тұратын бұл процесс мемлекеттік тілдегі аудармалармен ғана қамтамасыз етумен шектелуде, сәйкес құрылым жоқ, қазақтілді заңгерлер аталмыш жұмысқа тартылмайды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі шала-жансар өлі заңдар қолданысқа түспеуде. Мұндай жағдай барлық мелекеттік органдар мен ұйымдардың, мекемелердің басындағы қалыптасқан проблема. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін де Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс жасау арқылы атқартуға әбден болады.

С. ЕРҒАЛИ