Мемлекеттік тілдің басты жанашыры одақ болуы тиіс!
«Жазушылар одағында пленум болады екен» деп тек қаламгерлер ғана күткен жоқ, бүкіл халық күтті. Пленум өткен соң: «Жазушылар не айтты екен?», — деп көпшілік тағы да елеңдеді. Шынында да Кеңес өкіметі кезінде де, қазір де қалың бұқара депутаттарға, билікке емес жазушыларға арқа сүйеді, оларға сенді. Кеңес кезінде жазушылардың беделінің өте жоғары болғанын мойындауымыз керек. Билік Жазушылар одағымен санасты. Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Әбділда және басқа да көкелеріміздің ауыздарына билік қарап, олардың уәждеріне құлақ түретін. Жазушылар қоғамдағы ең бай, ең беделді адамдар еді. Олардың кітаптары оқылатын. Халық сол кітаптардан зор рух алды. Рух күшейіп тәуелсіздігімізге жеткізді.
Ал тәуелсіздігіміз кезінде неге екені белгісіз билік қаламгерлерді елеусіз қалдырды. Байғұс жазушылар әлеуметтік-тұрмыстық жағынан ең кедей, ең жалтақ, ең беделсіз адамдарға айналды. Бұл бәлкім капитализмнің кесірі болар. Бірақ меніңше, капитализмге бәрін жаба беруге болмайды. Өзіміз кінәліміз. Біріншіден, ынтымақ-бірлігіміз болмады. Екіншіден, Жазушылар одағы да, өзіміз де өзімізді сыйлата алмадық. Нұрлан ағамызды кінәлап жатыр. Таяқтың екі ұшы бар. Бірі Нұрлан ағамыздың басқа қоғамдық ұйымдар ғимараттарынан айырылып далада қалғанда, біздің одақтың ғимараты дін аман қалды. Әрине, бұл тек Нұрекеңнің ғана еңбегі емес, ол бүкіл жазушылардың еңбегі дер едім. Қанша қауһарсыз, дәрменсіз дегенмен қаламгерлердің бұрынғы абырой-даңқынан алпауыттар аяқтарын тартты. Ал екінші мәселе Жазушылар одағының беделінің құлдырауы. Себебі ол Нұрлан аға бастаған команда саясатқа араласудан қорқақтады.
Дін, жер және басқа да жағдайларға біз араласпадық. Бұғып қалып отырдық. Әсіресе жазушының қаруы тіл мәселесіне тіптен араласпадық десе де болады. Кешегі пленумда сөйлеген шешендер бұл мәселені тағы да айтпады. Біз, жазушылар басқа-басқа қазақ тіліміздің жағдайына араласпасақ, оны жанұшыра қорғамасақ, онда Жазушылар одағының не қажеті бар? Тіл — ұлттың жаны, жазушының қаруы. Қарусыз сардар қауқарсыз, дәрменсіз, бейшара. Сондықтан мен (әрине басқалар да бұған толық қосылады деп сенемін) келесі Жазушылар одағына келетін командадан алдымен мемлекеттік тілді қолға алады деген үміттемін.
Ертай Айғалиұлы