Мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтындар – ҚҰЛДЫҚ санадағы ТЕКСІЗДЕР!
Шенеуніктерді қазақ тілінде сөйлету үшін, Конституцияны өзгерту қажет. Өйткені, қолданыстағы ереже – лауазымды тұлғалардың мемлекеттік тілді меңгеруін талап етпейді.
Демек, қазақ тілін білу – жекелеген адамдардың өзіндік сана-сезіміне ғана байланысты. Депутаттар осылай дейді.
“Қандай проблемалар бар? – Светлана Кабыкеновна, прошу. – Спасибо за вапрос. С вашего разрешения я на русском языке отвечу”.
– Рахмет, рұқсат болса, жауапты орысша берсем”.
– Рахмет, рұқсат болса, орысша жауап берейін.
Бұл бір ғана әрі небәрі – екі сағаттық жиыннан ғана алынған үзінділер. Депутаттар тарапынан қазақ тілінде қойылған 12 сұрақтың тек біреуіне ғана
«қазақша» жауап алынды. Қалған 11-і орыс тілінде. Журналистер арасында онсыз да «қашқын министр» атанған Қасымов мырза, жиын біткенше бір сөзді 3-4 рет қайталаудан тынбады.
«Осы мәселені нақтылап айтып өтсеңіз, рахмет!
– Рахмет сұрағыңызға. Рұқсат болса, орысша жауап берейін»
Бірақ, қырқына шыдаған депутаттар 41-іне шыдамады. Қазақша сөйлемейтін мемлекеттік қызметкерлер депутат Бақытжан Әбдірайымның намысына тиді.
«Елбасы кеше ғана өзінің мақаласында тікелей айтып кетті ғой, мемлекеттік тілді құрметтеу тәуелсіздікті құрметтеу деп. Біз бұған қазір шектеу қоймасақ, осылай жалғаса береді. Сол себептен менің өтінішім, болашақта бізге келетін лауазымды қызметкерлер мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруге тырыссын»,-деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайым.
Мәжілісмен Бекболат Тілеухан болса, мемлекеттік тілге немқұрайлы қарау «тексіздіктің» белгісі дейді. Қала берді, оның түп төркінін «құлдық санамен» байланыстырады.
Адамның өзінің ішінде бір тегі ме, тәрбиесі ме, намысы ма, тектілігі ме осындай нәрсе болмаса, мұндай нәрсені өзі қозғау қиын. Негізгі бір себебі, құлдық санада жатыр деп ойлаймын. Өйткені, өзінікін қор, өзгенікін зор санайтын сананы – біз отарлық сана дейміз. Соның негізі әлі бізде кетпегендіктің белгісі”,-дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.
Ал қазақ тілін өз тілінен де артық білетін депутат – Геннадий Шиповскихтың пайымынша, жағдай жақсарып келеді. Дей тұрғанмен, әрбір адам өзі тұрып жатқан қоғамды сыйлап, соған лайық болуы керек, – дейді.
“Қазақстанның жерінде тұрып жатқаннан кейін, ол білу керек. қазақ жерінде жүргеннен кейін, жалпы мынау қазақтың жерін басып, қазақтың ауасымен демалып жүргеннен кейін, ойлану керек”,-дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері ширек ғасыр уақыт өтсе де, баяғы жартас – сол жартас күйінде. Елімізде қазақ тілін білмей-ақ, кез келген жоғары лауазымдағы «креслоға» емін-еркін жайғасуға болады. Өйткені, Конституциямыз солай дейді.
“Конституциямызға қайшы келеді. Ана тілді білмесең, сен жұмыс істемейсің деген сөзді айта алмаймыз. Демек, бұл мәселе заңмен ғана реттелмейді. Ал ата заңымызға өзгеріс енгізу үшін үлкен сілкініс қажет. Сондықтан, бұл мәселе әзірге әр адам, әрбір шенеунік болсын, оның сана-сезімі мен ар-ожданының еншісінде»,-дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.