«Мен әйелмін, Әлемнің анасымын!»
Жуырда талайды аузына қаратып, таңдай қақтырып жүрген қазақтың қарапайым қызы Құралай Ошақбаеваның қыз-келіншектеріне арналған, тұңғыш рет қазақ тілінде «Мен әйелмін, Әлемнің анасымын!» атты семинар тренигі болып өтті. Астананың қақаған боранына қарамай, әр қазақтың анасына айтар ақылын, көл-көсір етіп, арман қала Алматыдан арқалай-ақ келген екен. Төрт бөлімді қамтыған бағдарлама қызықты да ойланарлық. Әр бөлімге арнап жеке ән жолдауларын жіберіп, залдағы 200 ананың жүрек төрінен орын алып, сөздерімен бірін жылатып, бірін күлдіріп жатты. .
«Жақсылық та өзімнен
Жамандықта өзімнен,
Біреу қылды дегенді
Алып таста сөзімнен!» деп өмірден ерте озған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осы бір керемет сөзін, өзіне қару еткен келіншек, қарапайым тілмен, өтімді әзілдерімен интернет желілерінде ақыл-кеңесін үзбей айтып келеді. Әйел адамның табиғатынан бастап, ер адамға сыйымыздың дұрыс болуын, баланың бақытын ойлап, шаңырақтың шайқалмауын қадағалап, кішкентай жүрегімен өзіне, сөзіне тартады. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді»-деген даналық сөзді қазіргі заманауи жастарға өз тілінде саналарына сіңіріп жатыр. Құралай алты баланың аяулы анасы, отбасының берекесі, жарының сүйіктісі бола білген ақылды, дана әйел. Құралайды мақтайын деген ниет емес, жүректердің рухани үндестігінен болар. «Заманына қарай адамы»- демекші әр отбасыда бір зауалдың бары шындық. Жалпы отбасы – ең күрделі де өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі жас аналарға үлгі болар «Әй, дейтін әженің болғаны» дұрыс. Еститін құлақта жазық бар ма? Кеше ғана ақ босағаны аттап, бүгін қайтып келіп жатқан талай қара көздерімізге куәміз. Бұл не? Отбасын құру тым оңай да арзан болғаны ма? Әлде мәпелеп отырған әр қызымызға әр ананың қауқары жетпегені ме? Ия, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тегін емес екен-ау.
Әуелден бойымызда бар ұяңдық, анамен сырласу, тәрбиемізге біраз жат секілді көрінгенімен бар нәрсе. Анасы жеткізе алмай жүрген мәселені біріне ана, біріне апа, біріне жеңге болар Құралайдай қайсар қазақ қыздары көбейе берсе екен деген ниет қана. Өзекті тақырып талқыға түскен жиынға хабар арнасының жүргізушісі Гүлбаршын Заирова, белгілі әнші Алтынай Жорабаева, қазақтаң төл өнері – айтыс саласының жұлдызы Айнұр Тұрсынбаева келіп қатысты. Семинар барысында Айнұр Тұрсынбаева: «Осындай психологиялық семинар тренигтердің болғаны жөн. Кез -келген әйелдің бақыты өз қолыңда! Мұндай семинарлардың берері мол» деп жүрек жарды лебізін білдірді.
Ал, Құралай ханым: «Семинар өткізудегі мақсатыңыз не деген сауалға қырып ақша табайын деп емес, не болмаса осы кәсіппен жұлдыз болайын деп ұйымдастырмадым. Қазақ қыздарына өмірден түйгенім мен жиғанымды айтып, өз өмірлеріне жыламай, жаңартып, жасартып, бақытты отбасын құрса деймін. Ері бар әйелдің басында тәжі бар. Сол тәжінің қадір қасиетін біліп, сыйлап жоғары көтерсе деген ниет» деп семинарды түйіндеді.
Айман Мамедалиева