МЕН БӘРІН АЙТЫП БЕРЕМІН

Бірде ашуға булыққан отағасы әйелін қатты ренжітіп алды. Қыз баланың табиғаты нәзік емес пе, әйелі бірден көз жасына ерік берді. «Мен сіздің осы қылықтарыңыздың бәрін айтамын!» — деді ашуланып.
Күйеуі: «Мен сізді ешқайда да шығармаймын», — деді.
Әйелі: «Есік-терезелерді жапсам бәрі бітті деп ойлайсыз ба? Мен сөйлесемін», — деді. Күйеуі бірден телефондарды жинап алды. Әйел ештеңе деместен жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Күйеуі әйелін терезеден шығып кетер деген оймен сыртта күтті. Ақыры, еш нәтиже болмаған соң, үйге кірді.
Әйелі дәрет алып шыққан екен: «Мен Оған бәрін айтамын. Бұған есік-терезелер де, телефон да кедергі бола алмайды. Ол кез келген уақытта біздің тілегімізге жауап береді», — деді.
Күйеуі мән-жайды енді түсінді. Әйелі намаз оқиын деп жүр екен.
Жігіт енді шынында да қорқайын деді. Себебі, Алланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ. Ол – бәрін Естуші, әл-Қаһһар (өте Үстем, Қаһарлы).
Әйелі сәждеде ұзақ жатты. Кейін екі қолын көтеріп дұға жасай бастап еді, күйеуі оның қолдарын қысып, төмен түсірді. Кейін Құрандағы «Біз біріңді-біріңе сынақ еттік. Сабыр етесіңдер ме?» деген «Фұрқан» сүресінің 20-аятын оқыды да, ашу үстінде өз-өзін ұстай алмай қалғанын айтып жұбайынан кешірім сұрады.
Сонда әйелі: «Міне, сондықтан да мен азғырушы ібілістің арамызға түсіп кетпеуін сұрап Алладан тілек тіледім. Одан біздің арамызды жарастыруды сұрадым. Сіз маған қарсы дұға жасап жатыр деп ойлап қалдыңыз ба? Мен өз күйеуіме жамандық ойлайтындай ақымақ емеспін ғой», — деді жымиып. Риза болған жігіт Құдай қосқан жан жарын қапсыра құшақтап алды.