Мен қаладан не үйрендім?
…Иә, мен қаладан не үйрендім дегенше, не үйренбедім десеңізші? Үйренгендерімнің ішіндегі ең бастысы деген мәселелерге тоқталып өтпекшімін.
Ең бастысы, о баста, Алматыға қай рудан екенімді білмей келген басым, өзімнің руымды білдім. Қалай дейсіз бе? Аттап бассаң, қарсы алатын бір сұрақтар: «қай жақтансың?», «қай рудансың, қалқам?», «оның ішінде қайсысысың?». Қойшы, әйтеуір, қайда барсаң да жауап беріп, әуелі сол тұрғыда есеп беруіңді талап ететін ағылшын тілін білу қажеттілігі сияқты ақыры, бір күні өзімнің Керей руынан екенімді, оның ішінде Абақ Керей екенімді, руымның орта жүзден екенін біліп тыныш таптым- ау. Тыныш таптым емес, содан кейін-ақ тыныштық та кетті. Бұл қоғамнан орын тауып, қабілетің мен білігіңді ұлттың мүддесіне жарату үшін әуелі төбелерде жүретін анау бір жауапты лауазымдағы көкелеріміздің қолдауына ие болу керек екен, ал, ол үшін ең әуелі солардың руынансың ба, емессің бе, соны анықтап алып барып, баруың керек екен. Егер ол рудан болмай шықсаңыз, онда басыңыз алтын болса да, сіз ешкім емессіз, сіздің қоғамға тигізер пайдаңыз да, үлесіңіз де тек сол ру-тайпалық өлшеммен өлшенеді.
Демек, мен қалаға келгеніме он бес жыл өткен соң ғана, жасым отыздың ортасына келгенде ғана, о баста, білім мен еңбектің жолына емес, ең бастысы, елің мен жеріңе жақын көкелеріңді іздеу жолына аттану керек екендігін түсіндім. Өкініштісі, мен түсінген кезде бәрі де кеш еді. Өйткені мен бұған дейін адами ресурстық қорымды байытумен ғана айналысып жүріп, азғындыққа пара-пар дүниелердің құндылық болып есептелетін заманда өмір сүріп жүргенімді түсінбеппін.
Сосын, бір күні амал жоқ, басқа замандастарым секілді көкелерімді іздей бастадым. География жағынан мен үшін қиындау, өйткені менің өмірімнің негізгі бөлігі атажұртта өтсе де, балдырған кезімде Алтайдан ұшып келгенім бар емес пе? Алтай демекші, Қазақстандағы Алтайдың территориясына жақын аймақтарды пана тұтуыма, сөйтіп, жетімсіреген көңілге медеу табуыма болады екен ғой деген оймен, алып Алтайымның Қазақстандағы бөлігі Шығыс жақтан шыққандарды іздей бастадым. Сөйтіп, Шығыстың топырағында туып-өскен аға-апаларымды санай бастадым. Былай, олардың ішінде менің руыма кіретіндері аздау, кірмесе де, менің ата-бабаларыммен бірге атам заманнан бері көшіп қонып, малы аралас, қойы қоралас болып кеткен әйгілі рудан шыққан көкелерім төбе жақта баршылық екен.
Айтпақшы, сөз соңында, осы қалада үйренген тағы бір тәлімімді де айта кетейін. Қалалық боламын деп, мінезім де, өзімді ұстау мәдениетім де өзге түгілі өзім танымайтын дәрежеге жетіпті. Өсіп біткенше, қаланың қатал талабы бойымдағы қазақи сезім атаулыны сүлікше сорып, қайырымсыз қаланың дәл өзіндей қатал ғып жіберіпті. Кешегі адамның бетіне тік қарап жауап беруден ұялып тұратын қазақ қызына тән ұяң мінезімнен ештеңе қалмаған. Өйткені қала жымиысыңыз бен киінісіңізге қарап баға береді. Сондықтан да, қалалық талапқа тән жасанды мінез, жасанды қасиеттерге қожайынмын бүгінде. Қала бойымызға өзімшіл, тәкаппар, жалтақ, салтақ мінездерді сіңіре беріпті. Тіпті, өзіме ұқсамайтын әлдебір жасанды жымиыс, жасанды мәнер, жасанды формат тауып алыппын. Енді ше? Басқалар кісімсініп, қарадай жыныңды ұстатып тұрса, сен де ешкімнен кем емес екендігіңді дәлелдеу үшін бәлсінуің керек қой. Өйткені даладағыдай жұлдызды аспаннан іздеп әуре болмайсыз, қалада жерде шашылып жатқан жұлдыздар көп. Жұлдыздардың жарқыраған жарығынан көзім шағылысып қалмау үшін мен де жарқырай бастадым, жұлдыздардың отына өртеп кетпес үшін, күндердің күнінде менің жұлдыздығым тіптен артып кетті. Басқалар бірінші болып сәлемдеспесе, мен де бірінші болып оңайшылықпен амандаса қоймаймын, әлеуметтік желілерде өздері бірінші болып «подружиться» етпесе, мен де достаса қоймаймын дегендей. Басқалар француздық, американдық киімдері мен әтірлерін мақтан тұтса, мен де қытайлық арзан көйлекті «менсінбеймін» дегендей. Қойшы, әйтеуір, бұрынғы емен-жарқын, ашық мінез, кірсіз тазалық дегендеріңіз қала үшін «кемшілік», яғни «мәмбетизм» болып табылатындығына толық көз жетіп, ол тазалықтардан жұрдай болып көрінуге тырысып бақтық. «Ауылдан келген ауылбай» атануға кімнің дәті бара қойсын, қалалық болып көрінуіміз керек қой.
ОЙ ТҮЙІН
Бірақ бұл қаланың не құдіреті бар екенін тағы да түсіне алмадым. Сонда бұл не? Өйткені қала өзінің құнын біледі, біліп қана қоймайды, құндай біледі. Жаны даламен егіз қазақ қызының қанына біткен және жалғасып отыратын қасиетімнен айырылғым келмеген сайын, қала суық бауырына күшпен тарта түседі. Дегенмен, қала қазақты болмысынан айырады екен деп, кері кете алмайсың. Қысқасы, қала — қатыгез ойындар мен қызу бәсеке, аламандардың тоқайласқан жері. Және қалаға келгендердің көбісі осындай ойынға қатысуға мәжбүр. Өзгерместей болып келген жас өзінің жылдар өте қалай өзгеріп шыға келгенін білмей қалатыны сондықтан. Иә, сонымен, қаладан кете алмай қалған қазекеме сіз бәрібір кете алмайсыз десек, түп қазығы далада қағылған қазақ баласына егер қалаға жаңадан келсе, «хош келіпсіз» дейміз. Сіз де біздей «руыңызды» да, «жеріңізді» де, «қалалық», «ауылдық» мәдениетіңізді де жан-жақты ұғынып, саралап, сараптап, мінезіңіз, күлкіңіз, сөйлеу, қимылдау мәнеріңіз — барлығы жаңаланып, барлық сынақтардан өтесіз дейміз.
Ақсұңқар АҚЫНБАБАҚЫЗЫ