Мен қашанда журналистер қауымына ашықпын

Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистердің мәселелерін тыңдады. Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов жүргізген жиын барысында Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асып жатқанына тоқталды. Әуелі аймақ басшысы журналистерге қашанда ашық екенін жеткізіп, облыстың жетістіктерінің бәрінде журналистердің де үлесі бар екенін атап өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, мен бұған дейін түрлі сала ардагерлерімен және өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездестім. Ал, бүгін сіздермен жүздесудің сәті түсіп отыр. Еркін форматта өтетін басқосу барысында сіз бен біз емен-жарқын әңгімелесеміз деген сенім мол. Жалпы, мен қашанда журналистер қауымына ашықпын. Билік пен халық арасын жалғап жүрген тілшілердің айтқан сыны шын болса, нәтиже шығаруға тырысамыз. Шын мәнінде, қазіргі таңда сіздер көтерген мәселелерді билік өкілдері назарға алып, тиісті шаралар қабылдауға дағдыланып келеді. Бұл Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға да зор пайдасын тигізіп отыр. Әрине, өңірімізде бірқатар мәселелер бар. Десе де, атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Тек соны халыққа мобильді және шынайы жеткізу қажет. Біз сыннан қашпаймыз. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ең бастысы, жарияланған әрбір материал қоғамда арандатушылық тудырмауы тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан кейін, бірқатар белгілі басылымдардың басшылары өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әуелі «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт Президент Жолдауында айтылған креативті медиа-индустрия саласы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ғана дамып жатқанын атап өтіп, келер жылы журналистер арасында кең көлемде форум өткізілсе деген ұсынысын білдірді. Оралхан Дәуіттің айтуынша, мұндай жиындарға көпшілікке танымал журналистер мен эксперттер шақыртылса, өңірдегі қалам ұстаған ағайын үшін тәжірибе алмасу ортасы қалыптаспақ. Аймақ басшысы мұндай ұсынысты қолдауға қашанда әзір екенін айтып, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді. Ал, «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков пен республикалық-аймақтық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай баспасөзге жазылу күн өткен сайын қиындай түскенін алға тартты. Бұл ретте облыс әкімі оқырман санын көбейту үшін жарнама бағытына көптеп көңіл бөлу қажеттігін атап өтіп, бұл тығырықтан шығудың жолын бірге іздеп көрелік деп жауап берді.

– Қазір әлеуметтік желі ақпаратқа толы. Бірі пайдалы, бірі сенімсіз, жалған, бірі өз мүддесін ойлайтын ақпараттар. Кейде әлеуметтік желі қолданушылары тексерілмеген ақпаратпен де бөлісіп жатады. Алайда, заң бәріне ортақ екенін естен шығармаған жөн. Әлдебіреудің өзгенің құқына қол сұғуға, ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіруге қақысы жоқ. Оның бәрі заңмен реттелуі керек. БАҚ туралы заң талаптарымен журналист те, мемлекеттік қызметкер де санасу керек.

Сондықтан, қоғамда түсінбеушіліктің алдын алуда әрі аудиторияны нақты, шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуде мерзімді басылымдардың орны бөлек. Сіздер көтерген мәселе тек біздің өңірде ғана емес, бүкіл әлемде бар. Осы себепті, бұл тығырықтан шығудың жолын бірлесе іздеген жөн. Өз басым алдағы күндері уақыт тауып, соңғы екі жыл ішінде өңірлік басылымдарда көтерілген мәселелерге назар аудармақ ниеттемін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиында сондай-ақ облыстық «Jambyl TV» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева өңір тұрғындары өзінің тыныс-тіршілігін көгілдір экраннан көргісі келетінін алға тартып, осы ретте жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау болса деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар, ол баспасөздің баһадүрі атанған Шерхан Мұртаза мен белгілі қаламгер Қалыбек Атжан атындағы арнайы жүлде тағайындалса деген ұсынысын білдірді. Ал, «Taraz 24» облыстық телеарнасының директоры Зарина Қуат мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру керектігін жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ұтымды ұсынысты қолдайтынын айтып, облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтенге нақты тапсырмалар жүктеді.

Мұнан соң «Жас Алаш» республикалық газетінің меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, «Мерзім» газетінің редакторы Азамат Есалы және қоғам белсендісі Жасұлан Әбдіхалық көкейлерінде жүрген сауалдарына тұщымды жауап алды. Айта кетейік, облыс әкімі жақын күндері «Jambyl TV» телеарнасынан әр ай сайын кем дегенде бір-екі рет тікелей эфирге арнайы қатысатынын атап өтті. Аймақ басшысы эфир барысында қоғам белсенділерімен және сыни мақала жазатын журналистер қауымымен тілдесуге болатынын да жеткізді.

 Есен ӨТЕУЛІ.