Мен кімге өкпелеймін?
Осы менің қу жаныма не керек екен?!
Әйтеуір бір ауырлық басты да қойды.
Кімге? Неге? Өкпеледім!
Біреуге өкпелейтін жөнім бар ма?
Өтіп кеткен жастығыма өкпелеймін бе?
Жоқ әлде қадам басқан қарттығыма өкпелеймін бе?
Ол жағын өзім де, болжап біле алмадым.
Осындай бір түсініксіз ойлардың шырмауынан шыға алмай отырғанда ән бастап кеткеніміз қандай жақсы болды. Жаным бір тазарып, ауыр ойдан арылып, жеңілдеп қалдым.
Негізі: «Теңіз терең емес,
Адамның жаны терең» деген екен.
Сол сөздің тағы бір айқын айғағындай, ән айта отырып, кімнің жалпы қаншалықты терең екенін сезіндік.
Көркем әдебиет:
Жотаны — Асқар тау етсе,
Жазықты — жайлау,
Тікенді — гүл жасайды.
Неге?
Өйткені ол адам жанының соншалық тереңдігі. Жүрегінің жақсы көру деңгейі. Шынымен туған жерді жақсы көрсең жотасы — тауға, тікені — гүлге айналады. Тіпті ауылды аңсағанда, жуасы жоқ қалада, жусанның иісі мұрыныңа келетінін қайтерсің. Қалтарыс-бұлтарыссыз өмір болмайды. Солардан сүрінбей өту үшін әр адам өз жанын өзі тазалай алу керек. Ән айту, жүру, сындыру, жырту, жылау, күлу, жазу арқылы жаныңды жадырата аласың. Ол қолыңнан келмесе кімге өкпелейсің?
Өнерлі адамның түсінігі мол, көкірек көздері ояу болады деген сенімім алдады. Өнерге өлердей ғашық жаным күдіктің күліне көмілді.
Кім үшін аяулы болдым?
Кім үшін тағдыр болдым?
Тағдыр ғой деген адам аяласа, аяулы деген адам жаныңды жараласа, тағдырың қайсы? Аяулың қайсы?
Сонда барып: «Неге көңілсізсің?» — деген сұраққа жауап іздедім.
«Неге көңілсізбін?» — деп айналамдағы ешкімнен кінә іздемеймін, өзімнің ішкі жан дүниемнен кінә іздеймін, өзімнің ішкі жан дүнием астаң-кестен.
Жазу деген жан досым еді,
Одан да көңілім қалды.
Пейілім көк теңіздей еді,
Ол да суалды.
Жүрегім дархан даладай еді,
Ол да қуарып солғандай.
Арамызда көрінбейтін байланыс бар еді,
Енді көрінбейтін жерде тұрғандай.
Біраз уақыт күнделік жазбай қойып едім, жанымды мұң басқандай.
Қолымды бір сілтесем болды, қараңғы қапасқа кіретінім анық. Сондай күн тумай-ақ қойсыншы. Одан да ақ қағазбен сырласайын, мұңдасайын. Шерімді тарқатайын, өз жанымды өзім тазалайын.
Күлейін — жылайын,
Жазайын — жыртайын,
Ойланайын — толғанайын,
Өз жанымның қалауын өзім табайын.
Жазудан қашқаным — бақыттан бас тартқаным екен.
Ауруға ауру қосып алады екем!
Еттен жаралған жүрегім қолаға айналып бара жатқанын сезбей де қалыппын-ау!
Гүлбану Манапова