Мен неге Сирияға кетпекші болдым?
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бір Жолдауында «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз» деген еді, алайда қазіргі қоғамымызда дәстүрлі исламнан бөлектенетін жандар көбейді. Аспанымыз ашық, күніміз бейбіт заманда, Таяу шығыс елдеріне қарай шекара асуға не себеп болды екен?! Мына бір кейіпкеріміздің басынан өткен оқиға жоғарғы сөйлеміміздің айғағы. Маңғыстау облысының тұрғыны, 1994 жылғы азаматшаның Сирияға кетпекші болған әрекетін өз сөзімен ұсынуды жөн көрдім.
— Бәрі де әлі күнге дейін көз алдымда, — дейді есімін жұмбақ қалдырған кейіпкеріміз. — Ойлап қарасам, бір Алланың өзі мені сақтаған екен. 2011 жылы «ютуб» порталынан видеолар қарап отырып, кездейсоқ бір видеоны көріп қалдым. Онда Сайфуллах Шишанидың мұсылмандарға үндеуі жарияланыпты. Сол видеоны бастан-аяқ көріп, сол сәттен бастап өзгеріп шыға келдім. Содан бері ылғи дін туралы, Сириядағы қырылып жатқан мұсылмандарды ойлаумен болдым. Дін ұстанған адам туралы іздене бастадым. Біздің қаламызда саляфи бағытын ұстанушылар өте көп еді. Бір күні жұма намазға қатысу үшін мешітке бардым. Сол жерден бір жақсы қызды кездестіргендей болдым. Сол маған намаз оқуды үйретті. Содан ғаламтордан Сирия туралы ақпараттарды оқи бердім. «Агент» әлеуметтік желісі арқылы саляфи бағытын ұстанушылармен танысып, сөйлесіп, көптеген мән-жайларға қаныққандай болдым. Кейіннен барып, «мой мир» арқылы бір жігітті кездестірдім. Ұзақ сөйлесіп жүрдік. 2013 жылға дейін араластық. Ол шетелге барғысы келетінін айтты. Ол тура менің ойымдағыны айтты. Жатсам да, тұрсам да қарайтыным Сайфуллах Шишанидың видеороликтері ғана. Содан ол жаққа менің де барғым келетіндігін жаздым. Мұсылмандарға көмектескім келеді дедім. Содан соң ол біздің қалаға келіп, неке қидырып алып кетемін деді. Керек нәрселерімді дайындап, жинап қоюымды алдын ала ескертті. Кейін ол кететін уақыты келгендігін жеткізді. Маған сол жаққа өзің кел деді де, кейін өзі мүлдем хабарсыз кетті. Іздемеген жерім жоқ тіпті. Сөйтсем, ол Түркия арқылы шекарадан асып кеткен екен. Арада бірнеше ай өткен соң хабарласып, өзінің Алеппода екенін айтып, маған тез жет деді. Ол жақта уәли болатын бауыры барын айтты. Ол «бауыры» осы күнге дейін «ВКонтакте» желісінде болды. Есімі — Усуд Альхарб. (Абу Рофик деген есіммен де жүрді.) Кейін тағы да хабар-ошарсыз кетті. Мен көп ақша табу үшін жұмыс жасадым. 2014 жыл ол тағы бір рет хабарласты. Баратын болсам, күтіп алуға дайын екендігін айтты. Ақпан айында мен бәріне дайын болдым. Бірақ анам ауырып калғанына байланысты кете алмай қалдым. Содан наурыз айы келді. Мен билеттерімді дайындап қойдым. Сол күні маған белгісіз нөмірден қоңырау шалды. Қоңырау шалған адам әлгі уәли болатын бауыры Усуд екен. Жерлесіміздің шахид болғанын жеткізді. Бірақ оған сенбедім. Маған «ВК»-ға кір деп өтінді. Кірсем, маған ол видеосын жіберген екен. Сол видеоны көріп, ол жаққа қатты барғым келді. Сөйтсем, ол видеолар гипноздалыпты. Көз алдымда әлгі жігіт елестеді де жүрді. Қасымда жүргендей қорқатын болдым. Солай күндер өтіп жатты. Көптеген уағыз тыңдап, одан сайын басым айналғандай болды. Надир Абу Халид, Сайд абу Саад деген адамдардың уағызын күнде тыңдадым. «ВКонтакте» желісінде кілең осындай харижиттердің уағыздары көп еді.
Бір күні бір жігіт «ДАИШ-ты қолдайсың ба, оппозицияны қолдайсың ба?» деп смс жазды. Мен «оппозиция» деп едім, «олар әлсіз, көпке дейін жер баса алмайды» деді. Мен айтқанымнан қайтпадым. Кейінірек Сириядан қайта оралған адамдардың қайғылы өмірі туралы видеолар көбейе бастады. Соларды көріп, саясатты тіпті жек көріп кеттім. Өйткені бір мұсылманды заңмен соттап жатқанына қатты ашуым келді. Содан бір күні 1993 жылғы жігіт маған некелесуге өтініш білдіріп, анасынан бөлек тұратынын, анасымен қарым-қатынасы жақсы екенін айтты. Ал менің отбасым маған ылғи да кедергі болатын. Менің ойымды жоққа шығаратын. Отбасымды, тіпті барлығын тастап кеткім келді де, ол жігітке келісімімді бердім. Ол әзірге келе алмайтындығын айтты. Кішкене уақытқа кешігемін деген. Сөйтсем, оның әйелі бар екен, онымен ажырасыпты. Мен ол жігітпен кездесуге белгілеген орынға бармай қалдым. Кейін есімді жиғандай болдым. «Ислам осындай дін бе еді?» деген сұрақ миымнан кетпейтін болды. Екі дүниенің сардары болған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандардың осындай болғанын қалады ма? Кейін тағы да есімнен Сирия шықпады. Жын қағып кеткендей күйде жүрдім. Өзімнен-өзім Сирияға бармағаным үшін жынданып, өз-өзімді ұрып, тырналайтынмын. Бір күні өзімнен өзім кетем-кетем деп айқайлай беріппін. Одан қорыққан туысқандарым үйге молда әкелді. Әлгі молданы көргенде, шайтанды көргендей жағасына жабыса кеттім. Осының барлығы есімде. Содан кейін әлгі молданың сүре оқығанын білемін. Көзімді ашсам, ұйқыдан тұрып жатыр екенмін. Содан Сирия туралы ұмыттым. Әлгі жігіттің де аты есіме түспей қойды. Тыңдап жүрген уағызшыларымның да барлығының өлгенін естідім. Молда маған дем салған күннен бастап бойым бір жеңілдеп сала берді. Кейін сол молда үйге келіп, менің гипноздалғанымды айтты. Сирияға «жиһадқа» шақыратын видеолар гипноздалады екен. Адамдарды өзіне тарту үшін.
Кейін ол түрмеде отырған Сириядан қайтып оралған қазақ қызымен оңаша әңгімелестірді. Оның көз жасын көріп, қатты аяп кеттім. Ол қыз да ғаламтор арқылы танысып, отбасылы болған. Бал айы деп, күйеуі Сирияға ертіп кеткен. Содан Сирияда бір ай тұрған. Күйеуің шаһид болды деп, күйеуінің Сириядағы досы келіп оған некелесуді өтініпті. Қыз жалғыз қалмас үшін оған күйеуге шығыпты. Содан арада бірнеше аптадан соң, ол күйеуін де шаһид деген. Сөйтіп, ол қыз сегіз рет күйеуге шыққан. Бір күні сыртта жүріп өліп қалды деген күйеулерін көріпті. Тіпті, бірінші күйеуі де тірі болып шыққан. Ол қыз барлығының өтірік екенін біліп, қашуға бел буып, ақыры, құжатсыз елге оралған. «Құрсағымдағы баланы амалым жоқтықтан көтеріп жүрмін. Босансам, ол баланы жетімдер үйіне беремін», — деп, шалыс басқанын кеш түсініп, өткен өміріне өкініп, көз жасы көл болып егіле жылайды… Сирияда әйелдерді қатты қорлайды екен. Еркектер әйелді тек қана өздерінің ләззаты үшін қолданады. Онда ешқандай да жиһад жоқ, тек жыныстық қатынас көп дейді. Мен оны көріп, Алла мені сақтаған екен дедім. Артынша тәубеге келіп, Ханафи мазһабына келгенім бар. Ханафидің ең тура жол екенін кеш те болса аңғардым. Ақидамнан енді адаспаспын деп ойлаймын. Бірақ кейбір туыс ағаларым саляфиттік жолды ұстанушылар. Кейде бұрынғы өміріңе қайт деп ақылдарын айтады… Бірақ оларға сөзім жүрмеген соң, бірдеңе деу қиын!..
Мен Матруди ақидасындағыларға қатты тиісетін едім. Әсіресе әлеуметтік желілерде көрген кездерімде. Өйткені саляфиттік жолдағылар «оларды көрсең, орнына қойып таста» дейтін. Комментарияларда көп ұрсысатынбыз. «Пікір таластыруға ерінбе, түбінде өзі ұтылады» деуші еді. «Матрудиткалар саған аманат, жүректеріне шубуха (күмән) түсірсең, өздері-ақ сенен кешірім сұрайды» дейтін. Иә, бұл қателіктерімді есіме алсам, көзіме әлі күнге дейін жас келеді. Менің Сирияға баруыма себеп бола жаздаған саляфиттік жолды ұстануым еді. Өзгелер менің қателігімді жасамаса деп тілеймін.
Қадірәлі Сарыпбек