Мен өз жеті атамнан бөлек, «жеті атамды» да анықтап алғанмын…
Кез келген халықтың жер бетінде сақталып қалуы, әлемдік көштен өз орнын табуы үшін ТІЛ, ДІН, САЛТ-ДӘСТҮР секілді мәңгілік құндылықтардың сақталуы аса маңызды екені ақиқат. Ұлттың діңгегі саналатын бұл үшеудің жойылмауы тек мемлекетке емес, өзін сол мемлекеттің иесі санайтын әр адамға байланысты. Ол үшін әрқайсымыз өзімізге мықты болуымыз керек. Мен өмірде ұстанатын қағидаларым туралы айтсам деймін….
Мен үшін бірінші анық: Білікті маман болу, тәрбиелеу!
Біз бір-бірімізді айыптаудан чемпион елге айналдық. Билік басындағылар қарапайым халықты түк түсінбейтін тобыр санайды, қарапайым адамдар жоғары жақтағыларды «жемқорлар» деп айыптайды. Ата-аналар ұстаздарды, мұғалімдер оқушыларды, емделушілер дәрігерлерді, дәрігерлер айлықты, оппозиционерлер саяси жүйені, т.б… Баршамыз басқаларға кінә тағумен өмірімізді өткізіп жатырмыз. Ал, өз ішімізге үңілеміз бе? Сіз өз мамандығыңызды жақсы көресіз бе? Жұмысыңызды сүйіп істейсіз бе? Түсінемін. Мына заманда жүрегің қалаған жұмысты табу, орналасу қиын. Бірақ, түңілгеннен не ұтамыз… Бала-шағаның нәпақасын тауып жүрген қызметіңді барыңды салып, адал атқар! Жиған-тергеніңді жас маманға үйрет. Менің «Қазақтың дәрігері әлемдегі ең білікті, мұғалімі ең білімді, әкімі ең әділ, басшысы ең көреген!» – деп мақтанғым келеді! Әр қазақ өз ісінің хас шебері болуы керек. Басыла бермей балаңыздың болашағын қамтамасыз етуге ұмтылыңыз. Сіз күш салсаңыз ғана ол жақсы мамандық таңдап, оқып, игере алады. Ал, «Төбеден қайыр болмады» деп Сіз езілсеңіз ұрпағыңыз жасық болады! Қандай қиындық көрсеңіз де қазақ деген қара орманның ортасында екеніңізді ұмытпаңыз. Үгіліп бара жатқандарға үлгі болыңыз! Мен өз жеті атамнан бөлек, жұмыста өзіме бағдар беретін, әлемді мойындатқан «жеті атамды» да анықтап алғанмын, жастарға үнемі айтып отырамын. Сонымен менің жұмыстағы «жеті атам»:
Бауыржан Момышұлы: БАТЫЛДЫҚ ПЕН ШЫНДЫҚ!
Қорықсаң – істемеу, істесең – қорықпау. Өзіңді де өзгені де алдамау.
Дінмұхамед Қонаев: ІЛТИПАТ ПЕН ҚҰРМЕТ!
Әріптестеріңді, жұмыс барысында кездескен адамдарды, көрермендерді сыйлау.
Томас Эдисон: ҚҰШТАРЛЫҚ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ!
Жұмысты құлшынып істеу. Сәтсіздіктерден сабақ ала отырып, табандылық таныту.
Уилфред Парето: 20/80 ПРИНЦИПІ.
Кез-келген істе ненің маңызды екенін анықтау. Алдымен соларды қолға алу.
Уолт Дисней: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ!
Іздену, іздену және іздену.
Иммануил Кант: НАҚТЫЛЫҚ ПЕН МҰҚИЯТТЫЛЫҚ!
Уақытпен санасу. Ұсақ-түйекке де ұқыпты болу.
Роуэн-Гарсиа: ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН НӘТИЖЕ!
Өз жұмысыңа толық жауапты болу. Нәтижеге қалай да жету!
Принципке сүйеніп жұмыс істеу кей адамға біртүрлілеу көрінер. Бірақ, Баукеңнің «тәртіпке бағынған құл болмайдысын» естен шығармайық. «Жеті атамның» ұстанымы мені жерге қаратқан емес.
Ал, екінші анық нәрсе: Бақытты отбасын құру!
Қазақ даласында көтерілген әрбір үшінші шаңырақ шайқалып, ортасына түсіп жатыр. Шын жетімді санамағанда, тұл жетімдердің саны жүз мыңнан асып кетті… Есіңізде ме, «Отбасы – шағын мемлекет» деген ұран жиі айтылушы еді ғой? Шағын мемлекеттің шаңырағының шайқалуы үлкен мемлекет уығының берік еместігін байқатады. Ондай елдің болашағы қандай болмақ? Ажырасудың түпкі себебі жоқшылық, психологиялық фактор. Қолынан іс келмейтін, сауда көзіне айналған білімнен сусындаған немесе қабілеті бола тұра жұмыс таппаған отағасы бала-шағасын асырамақ тұрмақ, өз басын алып жүре алмайды. Кетеуі кеткен өмірде ерлі-зайыптылар екі бөлек жол таңдайды. Ал зардап шегетін – бейкүнә бүлдіршіндер. Әкесіз өскен ұл, шеше тәрбиесін көрмеген қыз… Жаратқан өзге жаны бардан айырмасы болсын деп бізге САНА бермеп пе еді… Ал, біз сананы тұрмысқа билетеміз?! Отбасыңнан безінгенде бақытты болып кете алмайсың. Перзенттеріңнің көл болған көз жасы күндіз күлкіңді, түнде ұйқыңды ұрлайды. Ең дұрыс жолы талмай күресіп, ауыртпашылықты жеңу керек. Біз үйленетін кезімізде отбасының 7 қағидасын жасап едік:
1) Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғам. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі 5 жылдан соң, біреуі 8 жылдан соң, біреуі 10 жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді;
2) Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады;
3) Қандай сыйлы қонақ келсе де үйімізге ішімдік кіргізбейміз;
4) Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз;
5) Ренжісіп қалсақ 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз;
6) Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» – деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен: «Қайда жүрсің қаңғырып?» – деп жатқанын естігенде, «телефоны болмаған біздің ата-бабалар» не деген бақытты деп ойлаймын;
7) Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды.
Бұл келісім бұзылған емес. Сыйластық пен түсіністік үстемдік құрған отбасыны жоқшылық жүндей түте алмайды. Оған көзім анық жетті. Шаңырақтың қос тірегі-әке мен ана бірлесе күрессе ғана кез келген қиындықты жеңеді!
Енді үшінші аныққа келейік: біз ұлттық рухта тәрбиеленген дені сау, дарынды ұрпақ өсіру керекпіз!
Қоғамдағы бұратартпа сүрлеулерден ұрпағыңызды тек Сіз сақтай аласыз! «Өзгеден кем болмасын» деп жалаң ұранға салып, қалағанын қолына ұстатып, бетінен қақпағанда ұтарымыз кәне?! Баяғыда аталарымыздың тым шолжаң бала көрсе «Текті білмейтін – тексіз» деп қабақ шытатынын ұмыттық. Қазір қазақ баласына керегі «Кола», «Спрайт», «Барби» ме? Менің білуімше, оған керегі – бесік жыры, қазақы тәрбие, әкенің жылуы, ананың мейірі. Әлем ғалымдары бесік жырын тыңдап өскен бүлдіршіндердің өзге қатарластарына қарағанда анағұрлым алғыр, зерек болатынын зерттеп, дәлелдеп берді. Бәріңіз «Сұлтан Сүлейменді» көретін шығарсыздар? Түрік режиссері осы сериалда сұлтанның әйелі Хюрремнің жат тілде бесік жырын айтып отырғанын жиі көрсетеді. Себебі, түрік қанынан жаралып, жаттың бесік жырын тыңдаған ұрпақ Ұлы Осман империясын құлатып тынған. Міне, ана әлдиінің құдіреті қандай. Сондықтан бала тәрбиесі қазақ үшін негізгі тағандардың бірі. Бесік жырын айтыңыз, ес біле келе балаңыз «Спанч боб» көре бастаса жанына жайғасып, құлағына «Ер Төстік» туралы ертегі сыбырлаңыз… «Шректі» айтса қазақтың Алпамысы талай Шректі шірене тепкені туралы ертегі ойлап табыңыз. Жанталасыңыз! Рухани азыққа ашқарақ бала өзгенің жетегінде кетсе, оңбаймыз. Мемлекет мойын бұрмады екен деп өз ұрпағымыздан теріс айналмайық. Сіз бен біз осылай әрекет етсек қана балабақшада, мектепте, қоғамда қалыптасқан, баланың басын тұқыртатын жайттардан құтыламыз. Ұстаздар да баланың қабілетін әкесінің қалтасымен өлшегенді қойып, оның Құдай берген дарынын аша түсуге ұмтылады. Шәкірттерге қорадағы ақтылы қой сынды қарамай, еркін ойлай білетін, пікірін ашық жеткізетін АЗАМАТ қалыптастыруға жанын салады. Ұстаз деген ұлы атаудың ең басты мақсаты осы емес пе…
Іргетасы мықты үй ешқашан құламайды!
Менің ұстанымым осы. Бұларға қол жеткізсек ұрпағы сау, қоғамы ояу, рухы мықты елге айналамыз деп ойлаймын. Қалғанының бәрі бос сөз. Ұлт тағдыры біздің қолымызда…
Бейсен ҚҰРАНБЕК