Мен қайыршы емеспін!
Кеше кешкісін, қала ішіндегі шаруаларымды бітірейін деп көлігімді қыздырдым. Сәлден соң, қолына бөтелке мен тряпка ұстаған 10-12 жас шамасындағы балақай келді.
— Ағай, көлігіңіздің дөңгелектерін жуып берейін бе? Қанша теңге берсеңіз де, қанағат қыламын. Отбасым қаражатқа мұқтаж болып отыр…
Үсті-басына қарасам, қарапайым киінген, бірақ өзіне жарасып-ақ тұр. Сөйттім де, қалтамнан 500 теңге шығарып, балаға ұсындым. Алмайды…
— Мен жайдан жай ақша алғым келмейді. Мен ондай қайыршы емеспін, — деп ренжіп қалды да, теріс бұрылып кетіп қалды.
Шақырдым. Келді.
— Балақай, менің көлігімнің терезелерін және алдыңғы жарық шамдарын сүртіп берші, — деп сыпайы айттым.
— Мен бұл тряпкамен дөңгелекті сүртіп жүрмін. Егер, терезе сүртетін болсам, оны ластауы мүмкін ағатай!
— Жарайды! Ендеше, дөңгелектерімді сүрте ғой.
Ол дөңгелек сүртіп жатқанда, оның отбасы жайлы сұрай бастадым. Ашылып ештеңе айтқысы келмеді. Бірақ, мен жылы сөйлей бастағасын, бар сырын айтты. Анасымен тұрады екен. Жарты жыл бұрын Әкесі қайтыс болып, содан бері анасы ауыр сырқаттанған екен. Анасы жұмысқа жарамсыз болғандықтан, өзі жұмыстанатын көрінеді. Осылайша, анасының дәрі-дермегі мен тамағына қажетті қаражатты тауып жүр.
— Құдайға шүкір, қол-аяғым сау. Мен жігітпін. Анамды асырау үшін, қолымнан келген жұмыстың бәрін жасауға дайынмын. Көше кезіп қайыршылықпен айналыспаймын! Таңертең сабақтамын, кешке осылай көліктің дөңгелегін жуамын. Кейде, анау бұрыштағы дүкенге барып, қоқыс тазалап, тапсырған шаруаларына көмектесемін…
Әңгімесін тыңдап отырып, қалтамнан 5000 теңгені шығардым да, балақайға ұсындым. Тағы да алғысы келмей, бас тартты.
— Бұл мен үшін өте көп ақша! Мен ондай сомма алатындай, қызмет еткен жоқпын, — деп, мені адалдығымен тағы да тамсандырды.
Оның қылған қызметі 5000 теңгеден де қымбат тұруы тиіс деп, ақшаны алуға көндірдім. Ақшаны алды да, рахмет айтып, келесі көлікке қарай жүгіріп кетті. Оның сыртынан қарап отырдым да, іштей:
— Я Алла, бұл балақайдың анасын дертінен айықтыра гөр! Мұндай, адал әрі ер-жүрек балақайға жақсы тәрбие берген анасын бақытқа бөлей гөр! Оның қолында лас тряпка емес, ойыншық болуы тиіс! Оны тәтті балалық шағынан айырып, ерте есейте көрме, Әумин! — деп тіледім.