«Мен қазақпын» мегажобасы басталды

Ел ішінде көрінбей жүрген талай дарынды жастың бағын ашып, қазақтың ұлттық өнерін ұлықтаған  «Мен қазақпын» телевизиялық  мегажобасының екінші маусымы басталды. Дәстүрлі әншілер мен термешілердің және күйшілердің өнерін сынға салатын ұлттық өнер байқауының Павлодар облысындағы іріктеу кезеңі 14-29 мамыр аралығында жүргізіледі.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингде облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев пен облыстық «ERTIS» телеарнасының директоры Гүлнаш Әбішева айтты.

— Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байқауға Павлодар өңірінің өнерпаздары да қатысып, сәтті өнер көрсетті. Телевизиялық жобаға облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілді. Биыл да қалыс қалмаймыз. Қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Байқаудың финалы маусым айының 16-сы күні Ертіс жағалауында «Ертіс Променад» сахнасында болады. Үздік шыққан үш өнерпаз «Қазақстан» ұлттық телеарнасы арқылы көрсетілетін республикалық кезеңге жолдама алады, — дейді Мейрам Бегентаев.

«ERTIS» телеарнасының директоры Гүлнаш Әбішеваның сөзінше, жобаға 18-40 жас аралығындағы өнерпаздар қатыса алады. Былтыр осы жобаға 3 мыңдай адам қатысуға ниет білдірген. Алыс-жақын шет мемлекетте, яғни, Қытай, Өзбекстан, Монғолия және Ресей елдерінде тұратын қандастарымыз да келіпті. Ал, биылғы екінші кезеңге Монғолия, Ресей және Қырғызстаннан келеді деп күтілуде.

— Аудандар мен қалалар арасындағы іріктеу кезеңді Ақсудан бастаймыз. Әр өңірден жеңімпаз атанған үміткерлер облыс орталығында болатын финалдық кезеңге қатысады. Биыл байқаудың финалын тікелей эфир арқылы көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ал, аудандарда болатын іріктеулерді күнделікті жаңалқықтардан беріп отырамыз, — дейді Гүлнаш Болатқызы.

            Тілеуберді САХАБА