МЕН СЕНІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН…

Эмоциялық байланыс деген бар екен. Мұндайдың барын оқып-тоқып білдік. Әсіресе, балалы болған соң, мұның қажет екеніне көз жетті.

Балалардың ата-анасымен эмоциялық байланысы кішкентай кезінде күшті болады. Өсе келе бұл байланыс әлсірей түседі.

Эмоциялық байланысты күн сайын жаңғыртып отырмаса, тіпті өліп-өшіп қосылған ерлі-зайыпталардың да арасы суып кетеді.

Сонымен, эмоциялық байланысты нығайтып отыру үшін біз балаларымыз балабақша не мектепке кеткенде “Мен сені жақсы көремін” деп құшақтап, бетінен сүйеміз. Келгенде де солай. Жатар кезде де маңдайынан сүйеміз. Жасанды емес, шынайы. Баласын ешкім өтірік жақсы көрмейді. Біздің істейтініміз, бар болғаны, жақсы көретінімізді көрсетеміз.

Қазір балалар үйден шығып бара жатқанда өздері келіп құшақтап, жақсы көретінін айтып кетеді. Сүйіспеншілікке бөленіп өскен балалар өзіне сенімді болып ер жетеді, бой жетеді, жанына жарақат түспейді.

Біздің кезімізде әке-шешеміз қазіргі біздей өліп-өшпейтін, шынын айтқанда. Жақсы көретін, бірақ көрсетпейтін. Мәселен, әке-шешем студент болып, Алматыға аттанғанда “жолың болсын” деп, демалыста ауылға келгенде “келдің бе” деп бетімнен сүйетіні ғана есімде қалыпты. Заман солай болды ма, ол кездің тәрбиесі сондай болды ма, қарым-қатынастың неге олай болғанын білмедім…

Дәл осылай, “Мен сені жақсы көремін” деп әйеліме де күнде айтамын.

Эмоциялық байланысты сіз қалай баптайсыз?

Шыңғыс МҰРАНЫҢ фб парақшасынан