Мені өлімнен құтқарған періште..

(болған оқиға)
Мен жетінші отаға кіргелі жатырмын. Енді қайтып оянбастай болып, бойымдағы үрей басымдырақ еді. Өйткені алдын үнемі қайтыс болған адамдар түсіме кіре беретін. Артымдағы екі құлыншағымды ойлап, көз жасым тыйылар емес. Дәрігерлер жұбатумен әлек.
—Еш қорықпаңыз! Сізді аман алып қалуға бар күшімізді саламыз! Сабыр етіңіз!- деп бар жылы сөздерін айтуда. Ота залына кірген соң маған:
—Қазір наркоз берген соң, аузыңызға шланга саламыз! Есіңізді жиғанда сол шланганы аламыз, ең бастысы жөтелмеуге тырысыңыз! Жөтеліп қойсаңыз сізді аман алып қала алмаймыз! Дайынсыз ба!?- дегенде мен кірпігімді қағып ишара білдірдім.
—Бір, екі, үш…- ары қарай ештеңе білмеймін. Бір кезде бетімнен ұрып оятып жатқаны есімде.
—Рабиға! Ояныңыз! Ота сәтті аяқталды! Мынау неше?- деп үш саусағын көрсетіп тұр екен.
—Үш!
—Мынау ше?
—Бес!
—Жарайсыз! Қазір біз аузыңыздағы шланганы алғанда жөтелмеуге тырысыңыз ия?- деп аузымдағыны жайлап суырып жатқанда, қақырық пен ащы бірдеңе аузымды жыбырлатып, шыдай алмай жөтеліп жібердім. Ары қарай ештеңе есімде жоқ.
Бір есімді жисам, аяғыма ақ маталар оралып, шалынып жүрмін. Айналам әппәқ, жап жарық. Алдымнан бес алты жасар Оралхан інім шығып,
—Дәу мама, жүріңіз деп қолымнан жетектеп келеді. Анадай жерде бір әже отыр екен.
—Бұл әже кім?- десем,
—Баян әжем ғой! Танымай қалдыңыз ба?- дейді.
—Баян әжем қайтыс болып кетіп еді ғой!- деп қоямын.
—Дәу мама! Тұрыңыз! Осылай жата бересіз бе? Мен сізді емдеймін!- деп үстіме мұздай нәрсе жағып жатқанда оянып кеттім. Айналама қарасам жан сақтау бөлімінде жатыр екенмін. Саусағымды қимылдатып:
—Ухх, Аллаға шүкір тірі екенмін ғой! Оралхан бауырым мені ажалдан құтқарып алған екен ғой! Жаным ау, періштем менің! Әуелі Алла, одан кейін сенің арқаңда аман қалыппын ғой!- деп көз жасыма ерік бердім.
Оралхан менің інімнің тұңғышы болатын. Келінім босанарда бала кіндігі мойнына оралып, дәрігерлер әрең дегенде босандырып алған болатын. Сол үшін де әкем оны Оралхан деп атаған еді. Өзі сондай зерек, көп жыламайтын, өз алдына былдырлап жата беретін. Ол кезде мен күйеуіммен тұз дәміміз жараспай екі баламмен әкемнің үйінде жүретінмін. Оралхан бала- бақшаның өзінде көзге түсіп, шахматтан жарысқа барып бас жүлде алып жүрді. Екінші, үшінші орын алып қалса, көңілі түсіп келетін. Әке- шешемнің тұңғыш немересі болғандықтан, анам өз бауырына басқан. Бес жасқа келгенше анамның қойнында, мәмесін ұстап жатты.
—Балам, сен үлкен жігіт болдың! Енді ұят болады! Өзің бөлек жатқын!- десе де тыңдамай, түнде анамның қойнына кіріп кететін.
Мен үйдің үлкені болғандықтан, Оралхан маған« Дәу мама» деп ат қойып алған. Бәріміз Оралханды қатты жақсы көрдік. Оның да жүрегі мейірімге толы еді. Бәрімізге көңіл бөліп, ешкімнің көңілін қалдырған емес.
—Кімнің баласысың?!- десең, жанында анам болмаса «сіздің» десе мәз болып қалатын едім. Кіп- кішкентай болса да ата- әжесінің көңіліне қарап, солар өкпелеп қалмасын деп «Атам баласымын, апам баласымын» дейді. Олар жоқ болса біздің баламыз болып кетеді. Әке-шешесінің де көңіліне қарап апасына естіртпей бала бола салады.
Мен жұмыс бабымен Астанаға кеттім. Бір күні Оралханым хабарласып тұр.
—Дәу мама! Менің туған күніме келесіз бе!? Мен алтыға толып жатырмын! Достарым да келетін болды!- деп қуанышында шек жоқ. Одан кейін қалай бармайсың? Жұмысымнан сұранып, поезға билет алып ауылға бардым. Келетінімді ескерткем ғой, көшеде күтіп тұр екен. Мені көре сала алдымнан жүгіріп шығып
—Дәу мамаааа!- деп құшақтағанда ет жүрегім езіліп кете жаздады. Қолына ақша ұстатқаным сол, күтіп тұрған достарына жүгіріп барып,
—Дәу мамам Астанадан мен үшін келді! Енді үйде той болады! Алақааай!- деп бәрі жүгіріп ойнап кетті.
Оралхан он үш жасында түнде маған хабарласып:
—Дәу мама! Менің соткама бірлік салып бересіз ба!? Мен сізге күшті өлең жіберейін деп едім!
—Ботам ау, түн ортасында қалай саламын! Таң атсын, ертең салып жіберемін ия?
—Жоқ, бүгін салыңызшы! Өтінемін! Сізге сол өлеңді жібергенше шыдай алар емеспін!- деген соң, түн ішінде дүкенге барып салып жіберген едім. Сондағы жіберген өлеңі Салыховтар орындайтын «Аққу арман» деген керемет ән екен, бірінші рет тыңдауым.
Ертесіне бес бала болып достарымен мал жаюға шыққан ғой. Ол кезде «контер» деген ойын болатын. Төртеуі топтасып ойнап отырған, біреуі малды қайыруға кеткен екен. Мал көшеге шыққанда қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік, малды қақпас үшін шетке бұрылғанда, талдың көлеңкесінде ойнап отырған төрт баланы барып соққан ғой. Төртеуі де оқиға орнынан мерт болған. Оның ішінде менің Оралханым да бар. Жаным ау, балапандарым, не бәрі мүшелі жастарында төртеуі де жәннәтқа аттанып кетті. Төрт отбасы зар илеп, бүкіл ауыл болып қайғырды. Әкем де тұңғыш немересінің қазасын көтере алмай, бір жыл болмай қайтыс болды. Келінім,(Оралханның анасы) мектепте мұғалім болатын. Ұлының сыныптастарын көріп, жылай берген соң, басқа мектепке ауыстырдық. Ең қатты қайғырған мен шығармын. Кеше ғана түн ішінде хабарласып, өлең жіберіп еді. Маған мәңгілік естелік болсын деп кеткен екен ғой, құлыншағым! Қазір Оралханымды сағынсам, осы әнді тыңдаймын. Неге сонша асықтың екен!? Өлер бала өзгеше болады демекші, шынымен де өзгеше еді. Кіп-кішкентай болса да, бәріміздің көңілімізді тауып жүретініне таң қалатын едім.«Осы бала өссе бір жерді тесіп шығады» деп отырушы едім.
Міне, мені отадан кейін түсіме кірген осы Оралхан болатын. Әдетте кинолардан көрсек сенбеуші едік қой. Бірақ осындай тылсым күш бар екеніне сол күннен бастап сене бастадым.«Дәу мама, тұрыңыз, мен сізді емдеймін» деген сөздері анық естіліп, әлі күнге шейін құлағымда жаңғырып тұрады……………
Надира Тулеева